«Мизам» қанатын кеңге жайып келеді. Ең алғаш алдымызда 20 баладан ғана отыратын. Әу баста сол 20 оқушының екеуі ынта-ықыласымен кітап оқуға бейім болса, біз үшін соның өзі үлкен олжа деп топшылайтынбыз. «Әрекет түбі – берекет» демекші қазір мүлдем басқа деңгейге көтерілдік. Былтыр 2 қала мен 8 аудандағы 30 бен 40-тың арасында болған оқушылар саны биыл 60 балаға жетті.
Бұл мысалға келтіріп отырғаным жәй сандар емес, екі жылға жуық уақыттың нәтижесі. Бірақ алдымыздағы отырған оқушының бәрі кітап оқып кетті деп жалған айтуға болмайды. «Мизамға» ілесіп, кітап оқудың пайдасын шынайы сезінгендер қалмай келеді. «Мизам» – саннан сапаға жұмыс істейді. «Терін сатпай телміріп, көзін сатып» деп Абай атам айтқандай телефоннан бас алмай телміріп отырған тек балалар ғана емес қой. Еңбектеген баладан еңкейген кәріміз, үлкен-кіші бәріміз әлем желіге желімдей жабысып қалғанымыз ащы да болса ақиқат. Жасыратыны жоқ, кейде өзіміз де «көзімізді сатып» жіпсіз байланып қалатынымыз рас. «Өзің осылай байланып отырсаң, алдыңдағы оқушыға қалай ақыл айтасың?!» деген ой арқамыздан осып жібергенде бірден ес жиып, нәпсімізді тиып, алтын уақытымызды кітап оқуға қиып, сиқырлы әлемнің сырына үңілеміз. Содан алған қуатымыз бен жеткіншектердің руханияттың суатына бас қоюға дағдыландырамыз. Өзіңді жөнге салмай өзгеге ақыл айту – ақымақтық! Өзің қисайып тұрып, өзгені түзеймін деу де күлкілі! «Мизам» таразы басын тең ұстау арқылы яғни, оқушыға үйрету үшін өзімізге үзбей кітап оқуды міндеттейді. Осылай істегенде ғана ұстаздық етіп жүрген өзіміз де алдымыздағы шәкірттерге Ыбырай атам айтқандай: «оқығанды көңілге ықыласпен тоқуды» үйрете аламыз. Сөзімізге сендіріп, өзімізге ерткен жеткіншектердің саны артып келе жатқаны қуантады. «Мизамның» алғашқы оқушылары өздері сезінген ғаламат сезімді достарына, іні-сіңлілеріне айтып, бірін-бірі жетектеп келіп жатыр. Бұл әрекет бізді де шабыттандырады.
Күзгі маусымды шалғайдағы Алакөл ауданынан бастадық. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы, оқыған шығармасы жайлы пікірін айтып, ой бөлісе алуы «Мизамдағы» әрбір дәрісіміздің босқа кетпегенін айқындады. «Талаптыға нұр жауатыны» рас. Көздерінде от, бойларында сенім, ойларында тиянақ бар шәкірттердің ендігі өмірі кітаппен бірге өтетіні қуантты.
Бұл жолы ата басылымның төрінен айдынды Алакөл ауданындағы алғыр оқушыларымыздың кітап әлемі мен соған есік ашқан «МИЗАМ» жылжымалы әдебиет мектебі жайлы ақжарма тілектерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
***
Менің темірқазығым
Бүгін өмірдің бір ақиқатын жүрегіммен ұғынғандаймын. Қанша орта, қанша дос тапқаныммен менің ең шынайы ортам – «Мизам».
Ол мені ешқашан жамандыққа шақырмайды, керісінше аулақ болуды үйретеді. Менің өмірімдегі ең қасиетті қазынам – кітаппен бірге болуға шақырып, бағытымның Темірқазығына айналды. Мен ағайларымды жай ғана ұстаз ретінде емес, өмірімнің бір кезеңінде жол көрсеткен, бағыт сілтеген тұсбағарым ретінде қабылдаймын. Осы күнге дейін қаншама жетістікке жеттім, мұның бәрі менің ағайларымның арқасында болып жатыр.
Айым Қожақапан,
Ынталы орта мектебі
***
АРМАНЫМА АШЫЛҒАН ЖОЛ
«Мизам» маған не берді? Кейде адам өмірінде оның ойлау жүйесін өзгертіп, болашағына басқа қырынан қарауға себеп болатын ерекше кезеңдер болады. Мен үшін сондай кезеңнің бірі – «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебімен байланысты. Бұл жоба маған жай ғана кітап оқуды емес, кітаптың адам өміріндегі орнын түсінуді, өзімді тануды, алдыма мақсат қойып, соған қарай әрекет етуді үйретті.
«Мизам» арқылы кітаптың адамға қаншалықты үлкен әсер ете алатынын түсіндім. Әрбір шығарма – жаңа ой, әрбір кейіпкер – өмірлік сабақ. Кітап оқу арқылы адамның ой-өрісі кеңейіп қана қоймай, арманына деген сенімі де артады екен. Мен білімге құштар болуды, уақытымды тиімді пайдалануды және алған білімімді өзгелермен бөлісудің маңызын тереңірек ұғындым. Мен үшін бұл жобаның ең үлкен жетістігі – үйренгенімді өзіммен ғана шектемей, өзгелерге де жеткізе алуым. Бүгінде біздің аудандағы 100-ге жуық оқушының кітапқа деген қызығушылығы артып, болашақ мамандығын таңдап, алдына мақсат қойып, сол бағытта әрекет етіп жүргенін көру – мен үшін үлкен қуаныш. Өйткені бір адамның кітапқа деген сүйіспеншілігі екінші адамға әсер етіп, тұтас бір ортаның өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Егер менің бірауыз сөзім немесе ұсынысым бір оқушының өміріне оң ықпал етсе, мұның өзін үлкен жетістік деп білемін. Осы жолда дамуыма ықпал етіп, бағыт-бағдар берген Мұхтар ағай мен Жұматай ағайға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Дәл осы кісілердің арқасында әдебиеттің қадірін тереңірек түсініп, алған білімімді өзгелермен бөлісудің, өз ісіме жауапкершілікпен қараудың маңызын ұғындым. Олардың берген тәлімі мен қолдауы өзіме деген сенімімді арттырып, жаңа мақсаттарға ұмтылуыма жол ашты. Маған осындай мүмкіндік сыйлап, дамуыма жол көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтамын! Бүгін өткен жолыма көз жүгіртсем, «Мизам» маған кітапқа деген сүйіспеншіліктен әлдеқайда үлкен дүние сыйлапты. Ол маған алдыма дұрыс мақсат қоюды, жауапкершілік алуды, өзгелерге пайдалы болуды және кішкентай қадамдардың өзі үлкен нәтижеге бастайтынын үйретті. Мен үшін «Мизам» – жай ғана жоба емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, ойымды өзгертіп, мақсатыма сеніммен қарауға үйреткен ерекше мектеп. Оның маған берген ең бағалы сыйы – кітапқа деген махаббат, өзіме деген сенім және сол құндылықтарды өзгелерге де жеткізе алатыныма деген үміт. Алдағы уақытта да осы жолдан таймай, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың болашағына өз үлесімді қосқым келеді. Өйткені кітап оқитын ұрпақ – ойланатын ұрпақ, ал ойланатын ұрпақтың болашағы жарқын!
Аяжан Жарылқасын,
Д. Қонаев атындағы орта мектеп
***
РУХАНИЯТ ЖҰЛДЫЗЫ
«Mизам» – бұл атауды естісем көз алдыма денені сырқыратар қоңыр күзді жылытқан жылы леп сезіледі. Меңіреу қалпымнан оятып, бойыма жалын тұтатып, мұнарға шығар жол көрсеткен ерекше мектеп.
Алғаш рет ауданға табан тірегенде «Бұл қандай ақындық жоба?» деп таңырқағаным бар. Сенімнен қобалжу басым болды. Әйткенмен, ағайлардың жылы жүздері бірден баурап әкетті. Жұматай ағайымның ұлттық құндылықтарды бар пәрменімен дәріптеуі – менің іште бұғып жатқан Отанға деген сүйіспеншілігімді үдетті. Ақыры, кітапты өзі үшін ғана емес, ұлты үшін оқитын Айару қалыптасты.
Мұхтар ағайымның өмірге деген мотивациясы, кітап оқуға құрылған оп-оңай формуласы, жақсы адам болуға үндеген жанары мені толықтай өзгертті. Келешекке нақты мақсат пен жоспар құрып, аянбай қарекет етіп келемін. Күнделікті кітапты қолға алып, 20 бет оқымасам бір дүние жеткіліксіз болады да тұрады. Кітап – менің алтынға бергісіз, үнсіз, дана досым.
Кейде «Мизам» дәрістерінде рухани сандығым толығып қуанам да, бір сәт ұнжырғам түсіп кетеді. Жылжымалы әдебиет мектебі тек біздің облысты қамтығандықтан, өзге балалардан үндемей бір дүние ұрлағандай сезім кешем. Сол себепті тұғырлы Қазақстан үшін кеңейе түс «Мизам»! Ұлы Даланы білім шуағымен шомылдыр! Жарқырай түс «Мизам» жұлдыз!
Айару Мирасқызы,
С. Иманасов атындағы орта мектеп
***
БОЛАШАҒЫМНЫҢ БАҒДАРЫ
«Mизам» мен үшін үлкен рухани әлем. Жарқын болашаққа апарар даңғыл жол. Осы жобаның арқасында мен көп нәрсе білдім, түсіндім, үйрендім, керемет орта таптым. Ең бастысы «Mизам» маған көптің алдында дұрыс сөйлеуді, өз ойымды еркін жеткізуді, арман, қиялдарымды айтудан ұялмауды үйретті.
Білімнің тағдырды өзгертетінін түсіндірді. Бұл ортаға келгенге дейін мен мүлдем басқа адам болғанмын. Достарыма тисіп, мазақтап олардың көңіліне тиеді деп ойламаған едім және өзім кітап оқымағанмен қоймай, кітап оқитындарды түсінбейтінмін. Бірақ «Мизамның» үшінші сабағында мен кітап оқуды бастадым және өте қатты өзгердім. Бойымдағы барлық жаман әдеттерімнен біртіндеп алыстадым. Сөйтіп өзім де, басқалар да мүмкін емес деп санаған армандарымды мақсатқа айналдырып, соған қадам баса алдым. «Mизам» болмаса мен бұларды әлі түсінбей көптің бірі болып адасып жүрер ме едім? Кітаппен дос болу арқылы оқымайтындардан бір саты алдыға шықтым. Себебі кітап адамның қиялын, ойлау, еске сақтау қабілетін дамытады, тіл байлығын жақсартады. Өз бойымнан байқап келе жатқан өзгерістің бірі – кітап оқу арқылы өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастадым. Әр кітаптан әр түрлі әсер, сезім аласыз. Бір кітап оқысаңыз бірнеше кейіпкердің тағдырын сезініп, үлкен ой түйесіз. Олардың мұңды, қайғылы сәтінде бірге жылап, қуанышында құтты бір сол кітаптың ішіндегі әлемге түскендей бірге қуанасыз. Өмір жолында керек болатын пайдалы ақпараттар алдым. Кітап – білімнің сарқылмас бұлағы. Мысалы, айта кетсем, менің ең алғаш толық «Мизаммен» оқыған кітабымнан алған сезім әлі күнге есімде. Ол Роза Мұқанованың «Мәнгілік бала бейне» атты керемет шығармасы. Ол кезде мен алғаш рет кітапты толық оқып, басты кейіпкердің басынан кешкен қиыншылығын сезіне отырып, бір жылап алғанмын. Осындай естен кетпес сәттерді сыйлап, білімге жол ашып, кітаппен айырылмас дос қылғаны үшін «Мизамға» үлкен рақмет!
Айша Жұмәсіл,
Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы
***
ЖҮРЕГІМЕ ЖОЛ ТАПҚАН
«Мизаммен» бірге әдебиет әлеміне деген қызығушылық пен ізденіс ерекше! Ағайлардың әр сөзінен білім мен руханияттың лебі сезіледі. Әдебиеттің құндылығын насихаттап, оқырманға шабыт сыйлап жүреді.
«Мизам» менің өмірімдегі ең керемет мүмкіндіктердің бірі. Әрбір өткізген уақыт мен үшін өте маңызды және де қымбат. «Мизамнан» кейін тек қана кітап оқыдым деп те айта алмаймын. Себебі адамдармен сырласуым ашық, айқын болғанын да байқадым. Ойымды еркін жеткізіп, әр күн сайын өзімнің болашағыма кітап оқып үлес қосудамын. «Мизам» қазақ әдебиетінің асыл мұрасын дәріптеп, талай жанның жүрегіне жол таба білген жоба.
Кітап оқу адамның ой өрісін кеңейтіп, білімін арттыратын маңызды әдет. Кітап оқитын адамның сөздік қоры мол болып, сөйлеу мәдениеті мен ойлау қабілеті дамиды. Сонымен қатар кітап адамды сабырлылыққа, ізгілікке және өмірді терең түсінуге үйретеді. Кітап оқитын адам мен оқымайтын адамның айырмашылығы олардың білім деңгейінен ғана емес, ойлау қабілеті мен дүниетанымынан да байқалады. Оқыған адамның сөздік қоры байып, ойын анық жеткізуі жеңілдейді. Ол жаңа ақпарат алып, өмірге деген көзқарасын кеңейтеді. Сонымен қатар кітап кейіпкерлері арқылы түрлі жағдайды түсініп, ой түюге үйренеді. Ал кітап оқымайтын адам бұл мүмкіндіктерден алыс қалады. Дегенмен ол да басқа ақпарат көздері арқылы білімін дамыта алады.
Мен кітап оқығанға дейін бос уақытымды көбіне телефон қарап өткізетінмін. Сөздік қорым онша бай емес еді. Кейде өз ойымды толық әрі түсінікті жеткізуге қиналатынмын. Қоршаған ортаға деген көзқарасым да шектеулі болды. Көп нәрсені білсем де, кейбір мәселелердің мәніне терең үңіле бермейтінмін. Кітап оқудың адам өміріне қаншалықты пайдалы екенін толық түсінбейтінмін.
Мен кітап оқи бастағаннан кейін өмірге деген көзқарасым өзгерді. Сөздік қорым молайып, ойымды еркін әрі сауатты жеткізуге үйрендім. Кітап арқылы жаңа ақпараттар алып, тарихпен, мәдениетпен және әртүрлі адамдардың өмірімен таныстым. Кейіпкерлердің іс-әрекетінен сабақ алып, жақсы мен жаманды ажыратуды үйрендім. Сонымен қатар қиялым дамып, ойлау қабілетім арта түсті. Кітап маған шабыт беріп, жаңа армандар мен мақсаттар қоюға көмектесті. Ең бастысы, мен кітаптың жай ғана ақпарат көзі емес, адамның рухани дүниесін байытатын, ақылына ақыл қосатын құнды қазына екенін түсіндім. Енді кітап оқуды пайдалы әдетке айналдырып, үнемі өзімді дамытқым келеді.
Жанымхан Сайранғазы,
Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы





