Талдықорған: +9°C
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

«Ең соңғы оқырман қалғанша…»

Бүгін, 16:55
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Ең соңғы оқырман қалғанша…»

7-su.kz / Жұмабай Мұсабеков

WhatsAppTelegramFacebook

Газет – уақыттың тамыр соғысын танытып, дәуірдің дидарын айшықтайтын рухани шежіре. Қоғамның ой-өрісі мен өркениет өлшемі де оның баспасөзіне деген ықыласынан аңғарылады. Алайда бүгінде мерзімді басылымдардың таралымы кеміп, газет-журналға ынтық қауымның қатары сиреп барады. Осындай алмағайып кезеңде баспасөздің беделін биіктетіп, оқырманның ықыласын қайта ояту – қалам ұстаған қауыммен бірге тұтас ұлттың ортақ міндеті. Осы орайда «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ержан Байтілес Жетісу жеріне арнайы ат басын бұрып, өңірдің зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

Жүргізу тізгінін «Egemen Qazaqstan» газетінің Жетісу облысындағы меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек ұстаған кездесуге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін, Қазақстанның Құрметті журналисі Құрметбек Сансызбай, Жұмахмет Жайлаубай, «Жетісу медиа» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ришат Тұрғанбай, «Jetisý» газетінің бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай, басылым тілшісі Гүлжан Тұрсын және өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуде сөз алған Ержан Ақтөреұлы әуелі мерзімді баспасөздің бүгінгі ахуалына тоқталып, оқырман мен басылым арасындағы алтын арқауды үзбеудің маңызын тілге тиек етті. Оның пайымынша, газет таралымының азаюы – тек баспахана мен редакцияның мәселесі емес, қоғамның оқу дағдысына, рухани сұранысына тікелей қатысты құбылыс.

– Қадірлі жетісулық ағайын, сіздермен жүздесіп, дидарласқаныма қуаныштымын. Рас, мерзімді басылымдардың таралымы жыл өткен сайын кеміп барады. Дегенмен, ең соңғы оқырман қалғанша газет шыға береді. Мені алаңдататыны – оқырманның азаюынан гөрі жұрттың оқудан қол үзе бастағаны. Кейбір азаматтардың газет-журнал оқымайтынын мақтанышпен айтатынын да естиміз. Мұндай көзқарасты құптауға болмайды. Біз қалай болғанда да ізденісті тоқтатпай, оқырманмен арадағы байланысты бекемдеуіміз керек. Кезінде ауылдағы қарапайым еңбек адамының үйінен «Жұлдыз» бен «Жалын» журналын, «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебиетін» көру үйреншікті жайт еді. Қойшының қойнында қатталған газет, жылқышының қоржынында бүктелген журнал жүретін. Сарғайған парақтардың арасынан елдің жаңалығын ғана емес, заманның тынысын, ұлттың мақсат-мұратын, әдебиеттің мәйегін іздейтін. Бүгінде сол бір жарасымды дағдының жұрнағы қалғандай. Ақпарат алаңы алақандағы телефонға сыйып, қағаз басылымдардың бәсі төмендеген тұста оқырманды жоғалтпау, керісінше, оның талғамын тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіне шықты, – деді Ержан Байтілес.

Расында, оқу – ұлттың ой-санасын кемелдендіріп, таным көкжиегін кеңейтетін ең пәрменді құралдың бірі. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасының қоғамдық маңызы айрықша. Президент көтерген бұл игі мұратты тек кітап оқу науқанымен шектеуге болмайды. Оның түпкі мәні – қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың зердесіне білім мен ізденістің дәнін себу, ақпаратты талдай алатын, ақиқаттың ақ-қарасын ажырататын саналы буын тәрбиелеу. Кітаппен бірге газет-журналға да ден қою – осы мақсаттың табиғи жалғасы. Өйткені мерзімді басылым елдің күнделікті тыныс-тіршілігін түгендеп қана қоймай, қоғамдық пікір қалыптастырады, тарихи жадты жаңғыртып, рухани сабақтастықты жалғайды.

Ержан Байтілес те осы ойды сабақтай отырып, баланың баспасөзге деген ықыласын ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бүгін «Балдырғанды» парақтаған бүлдіршін ертең «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» басылымдарының тұрақты оқырманына айналуы заңды құбылыс. Бұрынғы буынның кітап пен газетке деген құштарлығы да осындай отбасылық, қоғамдық дағдыдан бастау алған.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект дәуірінде адамзаттың ақпаратты қабылдау тәсілі өзгергенімен терең ой мен байыпты пайымның қадірі кемімеуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, телефондағы сансыз мәліметтің бәрі бірдей білім мен тәрбиеге айнала бермейді. Ақпаратты саралау, салмақтап оқу, ой елегінен өткізу – адамның өзіне жүктелген жауапкершілік. Сондықтан баспасөздің міндеті де уақыт талабына сай түрленіп, оқырманға ой салатын, танымын байытатын, тағылымы мол дүниелерді ұсынумен айқындалмақ.

Бұл ретте қонақ редакция жұмысына қатысты нақты тәжірибесімен де бөлісті. «Қазақ газеттері» басшылығына келгеннен кейін «Egemen Qazaqstan» газетінің «Етжеңді Егемен» жобасын қайта қолға алып, көрнекті қаламгерлер Төлен Әбдік пен Тынымбай Нұрмағанбетовтің көлемді мақалаларын жариялағанын жеткізді. Сол материалдарға ықылас танытып, редакцияға хабарласқан оқырмандардың болуы – көлемді дүниелерге де сұраныс бар екенін аңғартқан.

– Біз оқырманның талғамын төмендетпеуіміз керек. Қайта оның ой-өрісін кеңейтетін, жүрегіне жол табатын, елді елең еткізетін салмақты дүниелерді көбірек жариялағанымыз жөн. Ұзын сонар мақала оқылмайды деген жаңсақ түсінік бар. Төлен Әбдік пен Тынымбай Нұрмағанбетовтің шығармаларын оқыған жұрттың редакцияға хабарласуы – соның айғағы. Демек, оқырман бар, тек оған ұсынатын дүниеміз дәмді, мазмұнды әрі мәнді болуы керек. Біз өзіміздің руханият шамшырақтарын сөндірмеуге тиіспіз, – деді Ержан Ақтөреұлы.

Жиында Әміре Әрін де сөз алып, қазақ баспасөзінің болашағына қатысты пайымын ортаға салды. Ол мерзімді басылымдардың тағдырын тек таралым көрсеткішімен өлшеуге болмайтынын, газет – елдік мүдденің сөзін сөйлейтін, қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ететін маңызды мінбер екенін жеткізді. Ақын шетел тәжірибесін мысалға келтіріп, баспасөзге деген құрмет пен оқу мәдениетінің өзара сабақтастығына назар аударды.

– Америкада да, Жапонияда да таң бозынан газет дүңгіршектеріне барып, мерзімді басылымдарды сатып алатын жұртты көресіз. Өйткені олар газетке күнделікті жаңалық көзі ретінде ғана емес, мемлекет пен қоғамның үнін жеткізетін маңызды құрал ретінде қарайды. Мәдениеті кемел елдерде баспасөзге деген құрметтің сақталуы тегін емес. Біз де солардан үлгі алып, газет-журнал оқуды күнделікті дағдымызға айналдыруымыз қажет. Саналы оқырманның басты өлшемі – шындыққа жүгінуі. Ал мерзімді басылымның мақсат-мұраты да – ақиқаттың ақ туын көтеру, – деді Әміре Әрін.

Расында, мерзімді басылым – ертеңгі тарихтың дереккөзі. Бүгінгі оқиғаны хатқа түсіріп, елдің еңселі істерін елеп-екшеп, қоғамдағы түйткілді тұстарды таразыға салатын басылымның жүгі қашанда ауыр. Қаламгердің қарымы мен редактордың талғамы, тілшінің ізденісі мен оқырманның ықыласы тоғысқанда ғана баспасөздің беделі артады. Ал оның ғұмырына нәр беретін басты қуат – мазмұн мен шынайылық.

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Құқықтық мәдениет: Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі артты

Құқықтық мәдениет: Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі артты

Бүгін, 18:00
Қазақстандық AgriTech компаниясы малды спутник арқылы бақылау технологиясын халықаралық нарыққа шығаруда

Қазақстандық AgriTech компаниясы малды спутник арқылы бақылау технологиясын халықаралық нарыққа шығаруда

Бүгін, 17:37
«Ақша аудармаңыз»: Мемкірістер комитеті қазақстандықтарға ескерту жасады

Мобильді аударымдарды тексеру шегі өзгерді

Бүгін, 17:30
Ел егемендігі – эссеге арқау

Ел егемендігі – эссеге арқау

Бүгін, 17:07
«Ең соңғы оқырман қалғанша…»

«Ең соңғы оқырман қалғанша…»

Бүгін, 16:55

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.