Талдықорған: +9°C
$ 452.91
€ 509.43
₽ 5.53
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Ел дамуының бағдары

Бүгін, 09:32
КҮНДЕРЕК
Ел дамуының бағдары

Жұмабай МҰСАБЕКОВ

WhatsAppTelegramFacebook

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және өңірдің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Құрылтай мен Үкімет өкілдері облысқа арнайы жұмыс сапарымен келді. Талдықорғандағы Достық үйінде және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен кездесулерге Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, қоғамдық ұйымдар мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты. 

Алғашқы кездесу Достық үйінде өтіп, онда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова «Жалпыұлттық құрылыс» жылын тек жаңа ғимараттар салумен шектемей, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау қажеттігін атап өтті.

– Өңірлерге барған кезде тұрғындардың сұранысын тыңдаймыз. Бір жерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары жетіспесе, енді бір жерде балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған. Сондықтан әрбір жаңа нысан халықтың нақты қажеттілігіне жауап беруі тиіс, – деді депутат.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова аграрлық саланы қолдауда жеңілдетілген қаржыландырудың рөлі зор екенін айтты. Өткен жылы өсімдік шаруашылығына 1 триллион теңге бағытталса, биыл бұл қаражат 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Биыл өңірде қант қызылшасы 13,5 мың гектарға егілген. Өнімді Көксу және Ақсу қант зауыттары қабылдауда. Ақсу қант зауытының газға қосылуы өндіріс шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Кездесуде ауылды дамытуға арналған арнайы заң қабылдау қажеттігі де көтерілді. Қатысушылар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, кооперацияны дамыту және шекаралық елді мекендердің әлеуетін көтеру мәселелеріне назар аударды.

Басқосу барысында тұрғындар тарапынан да ұсыныстар айтылды. Білім саласының ардагері Болат Тұрысбеков бұрынғы уақыт белдеуіне қайта оралу мәселесін көтеріп, қыс мезгілінде күннің ерте батуы оқушылардың қауіпсіздігіне әсер ететінін жеткізді.

Келесі кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдермен өтті. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кедергілерге тоқталды. Оның пікірінше, кейбір жағдайда конкурстарды тиісті саланың ерекшелігін білмейтін ұйымдар ұтып алып, нақты қызмет көрсететін кәсіпкерлерді қосалқы мердігер ретінде жұмысқа тартады.

Жұмыс сапары аясындағы тағы бір маңызды басқосу паралимпиадашылармен өтті. Екатерина Смолякова инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда елімізде ерекше қолдауды қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар. Оларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және оңалту көмегін уақытылы көрсету маңызды. Осы бағытта балаларды кешенді қолдау жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Сонымен қатар ерте диагностика жүйесін жетілдіру, қажетті қызметтерді цифрлық форматта қолжетімді ету және ымдау тілі мамандарының тапшылығын азайту мәселелері көтерілді.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков паралимпиадалық спортты дамытуға мемлекеттік қолдау жалғасатынын жеткізді. Атап айтқанда, спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жүлдегерлерді ынталандыру және оларды сүйемелдеушілердің шығындарын өтеу қарастырылған.

Кездесу барысында спортшылар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Депутаттар олардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастыруға дайын екенін білдірді.

Бұдан кейін меймандар жастармен кездесу өткізіп, Президент Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды. Қонақтар құжаттың негізгі бағыттарына жеке-жеке тоқталып, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым міндеттерді түсіндірді. Әсіресе білім беру, ғылым мен инновация, цифрландыру, жасанды интеллект, еңбек нарығы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова аграрлық секторды дамыту бағытындағы міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын жаңғырту, өндіріске заманауи технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және ауылдық жерлердің әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері сөз болды. Ал Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков қаржы саласындағы басым бағыттар мен мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану мәселелерін түсіндірді. Қаржылық тәртіп пен жауапкершіліктің маңызына тоқталып, жастардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру қажеттігі де әңгімеге арқау болды.

Жүздесуде жастар да өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қонақтар қойылған сұрақтарға жауап беріп, жастардың бастамалары мен көзқарастарына қатысты ой бөлісті.

Елдің ертеңі – білімді, бәсекеге қабілетті, жаңашылдыққа бейім әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қолында. Жастарға сенім арту, олардың бастамаларына қолдау көрсету және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау – мемлекет дамуының маңызды шарттарының бірі. Жетісуда өткен бұл кездесу жас буын мен мемлекеттік органдар өкілдері арасындағы ашық диалогты нығайтып, ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік берген тағылымды жүздесу болды.

Бұдан кейін Көксу ауданына жұмыс сапарымен барған меймандар аудан активімен жүздесіп, ел дамуының басым бағыттары, экономиканы жаңғырту, аграрлық сектордың әлеуетін арттыру, қаржы ресурстарын тиімді пайдалану және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Кездесу барысында Жолдауда көтерілген бастамалар кеңінен сөз болып, әсіресе жалпыұлттық ауқымдағы құрылыс жұмыстары, халықтық құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру, басталған жобалардың сапасы мен орындалу барысын бақылау мәселелеріне басымдық берілді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова саланы жаңғырту, өндіріс тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде ой қозғады. Осы ретте Көксу ауданындағы қант зауытының өндірістік әлеуеті де назардан тыс қалмады. Аудан экономикасында өзіндік орны бар кәсіпорынның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, қант өндірісінің әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамыту – өңір үшін өзекті мәселелердің бірі.

Жиында мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді басқару мәселесі де кеңінен қозғалды. Бұл бағытта Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру, қаржылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік шығыстардың нәтижелілігін арттыру және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты түсінік берді.

Мемлекеттік инвестицияның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы, бюджет қаражатының тиімділігі нақты нәтижемен өлшенуі қажеттігі атап өтілді.

Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, қаржы және инфрақұрылым салаларына қатысты сауалдар қойылып, қонақтар тарапынан тиісті жауаптар берілді. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынды. Мұндай кездесулердің мәні – тек жоғарыдан берілген тапсырмаларды түсіндіруде ғана емес, жергілікті жердегі жағдайды көзбен көріп, халықтың талап-тілегін тікелей тыңдауда. Өйткені әрбір ауданның тыныс-тіршілігі, тұрғындарды толғандырған мәселелері мен шешімін күткен түйткілдері бар. Оларды орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге талқылау – өзара байланысты нығайтудың тиімді жолы.

Жалпы, Көксу ауданында өткен кездесу Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асырылу жолдарын саралауға мүмкіндік берді.

Көксуда өткен кездесудің де түпкі мәні осында. Елдік мақсат пен өңірлік мүддені ұштастырған басқосу ауданның өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, алдағы міндеттерге деген жауапкершілікті айқындай түсті. Өйткені өңір өркендесе – ел өркендейді, ал елдің ертеңі бүгінгі нақты іспен өлшенеді.

Талдықорғандағы Тіл сарайында облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттер, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

ҚР Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай бюджет қаражатын тиімді жұмсаудың, облыстың экономикалық мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өтті.

– Әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін жұмыстар. Сондықтан бөлінген әр теңге нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Облыстың ауыл шаруашылығы, туризм және көлік-логистика салаларындағы әлеуеті зор. Достық пен Қорғас бағытындағы транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ірі жобаларды жүзеге асыру өңір экономикасын нығайтуға, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді, – деді депутат.

Кездесуде елді мекендерді газдандыру жұмыстары да сөз болды. Бұл бағыттағы жобалар Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және депутаттық корпустың бірлескен қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Магистральдық газ құбыры бойындағы ауылдарды көгілдір отынға қосу тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова әлеуметтік нысандарды әр өңірдің нақты қажеттілігіне сай салу мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, арнайы комиссиялар мен сарапшылардың зерттеулері елді мекендерге қандай нысандар қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы бағытта балаларға арналған мекемелер мен дәрігерлік амбулаториялар салуға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлерін қолдау, учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын және ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда маңызды екенін жеткізді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруге қолдау сұрады. Ол жұмыстың ауырлығы мен еңбекақының төмендігі кадрдың тұрақтамауына себеп екенін айтып, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру мәселесін тиісті органдарға жеткізуді өтінді.

Кездесу соңында Наурыз Саятұлы мен Руфина Қасымқызы көпшіліктен түскен сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

Осыдан кейін қонақтар Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен іс-шараға 100 адам қатысты.

Наурыз Сайлаубай өндіріс орындарының жұмыс орындарын құрудағы, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етудегі және бюджет түсімдерін арттырудағы рөліне тоқталды. Ол «Қайнар-АКБ» өнімдерінің шетел нарығына шығуы отандық өндірістің әлеуетін көрсететінін атап өтті.

– «Қайнар-АКБ» – өңіріміздің мақтанышы. Өзіміздің туған жерімізде шығарылған өнімнің шетелде пайдаланылып жүргені қуантады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, азаматтардың табысы мен салық түсімдерінің көбеюіне мүмкіндік береді. Сондықтан осындай кәсіпорындардың дамуы ел экономикасы үшін маңызды, – деді депутат.

Жолдаудағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттеріне тоқталып, тұрғындар көтеріп жүрген жол, су, газ және электрмен жабдықтау мәселелерін шешудің маңызын айтты. Облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру, Талдықорғандағы тұрғын үй құрылысы мен қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де сөз болды.
Кездесуде кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Ұжым өкілі жұмысшылардың табысы кейбір тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, оларға баспана алудың қандай мүмкіндіктері барын сұрады.

Наурыз Сайлаубай кәсіпорынға «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлердің табысы мен еңбек өтілін ескеретін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол мысал ретінде Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен бірлесіп, жұмысшыларына баспана алуға қолдау көрсеткен тәжірибесін келтірді.
Кездесу соңында қатысушылардан түскен сұрақтарға жауап берілді.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымымен өткен кездесуде жоғары білім беру жүйесін дамыту, мамандарды даярлау сапасын арттыру, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту және университеттің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуеті, жұмыс берушілермен байланысы мен алдағы даму бағыттары сөз болды.

Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, сондай-ақ ЖСДП партиясы жастар қанатының жетекшісі ретінде студент жастардың мәселелеріне ерекше назар аударды. Қатысушылар жоғары оқу орнының жұмысын жетілдіруге қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу соңында университет өкілдері «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында студенттер жатақханасы мен жаңа оқу корпусын салуға қолдау білдіруін сұрады. Қонақтар бұл мәселені өз қызмет аясында көмектесетінін жеткізді.

Сапар соңында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Ескелді ауданының активімен кездесті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Делегация мүшелері Ескелді ауданының облыс экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту, мәселелерді жедел шешу және жергілікті жерлердегі жұмыстың тиімділігін арттыру жайы да сөз болды. Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар пысықтауы тиіс бірқатар мәселе белгіленді.

«Jetіsý»-дың арнаулы тілшілері

Қатысты жаңалықтар

Ізі айқын, жүзі жарқын

Ізі айқын, жүзі жарқын

Бүгін, 11:00
Кербұлақта алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Кербұлақта алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Бүгін, 10:26
Әлеуметтік қолдау – маңызды міндет

Әлеуметтік қолдау – маңызды міндет

Бүгін, 10:10
Ел дамуының бағдары

Ел дамуының бағдары

Бүгін, 09:32
Абаттандыру ережелерін бұзғандар жауапқа тартылуда

Абаттандыру ережелерін бұзғандар жауапқа тартылуда

Бүгін, 09:09

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.