Елімізде халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және заманауи технологияларды күнделікті өмірге кеңінен енгізу бағытында маңызды қадамдар жасалып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Электрондық еңбек биржасының бірыңғай цифрлық платформасы аясында Павлодар және Маңғыстау облыстарында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Аталған бастама тұрғындарға жұмысқа орналасу мәселелері бойынша озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен жеке қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба қатысушыларының білімі, жұмыс тәжірибесі, дағдылары мен жеке қалауы жан-жақты ескеріліп, өзіне лайықты бос жұмыс орындары ұсынылады. Сондай-ақ оқыту курстарына қатысу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін мемлекеттік шаралар туралы кеңес алуға мүмкіндік беретін арнайы көмекші жұмыс істейді.
Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа функция іске қосылды. Енді «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» аясында келетін маңызды хабарламаларды Aitu ұлттық мессенджері арқылы да лезде қабылдауға болады. Бұл – азаматтардың мемлекеттік қолдау шаралары туралы жедел ақпарат алуына жол ашатын қосымша тиімді арна. Қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету үшін Enbek.kz платформасының Aitu желісіндегі ресми аккаунты толық тексеруден өтіп, арнайы растау белгісіне ие болды. Аталған белгі пайдаланушыларға келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге және ресми парақшаны басқа жалған арналардан оңай ажыратуға толық мүмкіндік береді.





