Өңірде халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, инфляциялық қысымды бәсеңдету және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорын қалыптастыру аясында жалпы құны 2.9 млрд теңге болатын 8 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізуге тиісті келісімшарттар жасасты. Аталған қордың әсіресе қыс мезгілінің соңы мен көктемнің басында, яғни өткен жылғы өнім қоры сарқылып, жаңа өнім әлі пісіп жетілмеген маусымаралық кезеңде маңызы өте зор. Қазірдің өзінде қоймаларға 3.3 мың тоннадан астам сапалы көкөніс толықтай орналастырылды. Сонымен қатар аралық қоймада қант, күріш, қарақұмық және күнбағыс майы секілді жеті түрлі маңызды өнімнің шамамен 200 тоннасы сақтаулы тұр. Мұндай кешенді шаралар өңір тұрғындарын қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұл бастаманың тиімділігін жергілікті өндірушілер де растап отыр. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданында шамамен 700 гектар алқапқа картоп өсіріп, жыл сайын 10 мың тонна өнім жинайтын «Жетісу достық» серіктестігі белгіленген баға бойынша сатуға 1.6 мың тонна өнім бөлді. Серіктестіктің қаржы жөніндегі директоры Айнұр Германның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қаржыландыру шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуіне үлкен септігін тигізеді.
«Біз картопты қанша көлемде сататынымызды және одан қанша табыс түсетінін алдын ала білеміз. Бұл жұмысымыз бен шығындарымызды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. ӘКК-нің қолдауы қаржыландыру мәселелерін шешуге және лизинг алуға айтарлықтай көмектеседі», – деді А. Герман.
Өз кезегінде «Жетісу» ӨДИ» ӘКК әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бахтияр Сембеков өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, сауда орындарындағы баға үстемесі қатаң бақылауға алынған. Заңда көзделген 15 пайыздық шектен асып кеткен жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Егер тұрғындар бағаның негізсіз өскенін байқаса, 109 нөміріне хабарласып немесе жазбаша өтініш жолдай алады. Өңірде қолға алынған осындай тұрақтандыру шаралары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, нарықтағы тұрақтылықты сақтауға негіз қалайды.





