Еліміздің аграрлық секторында өндірілген астық көлемін ішкі нарыққа жеткізу және сыртқы экспортты ұлғайту бағытында теміржол саласында ауқымды логистикалық жұмыстар жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстанда ағымдағы жылдың 10 айында теміржол көлігімен 12.1 млн тонна астық тасымалданды. Осы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Былтыр тасымалдау көлемі 11.2 млн тоннаны құраған болатын. Есепті кезеңде экспорттық тасымал көлемі 9.4 млн тоннаға жетіп, 2025 жылғы көрсеткіштен 11 пайызға артты. Экспорттың негізгі үлесі Орталық Азия елдеріне тиесілі болып, 6.2 млн тоннаны құрады. Атап айтқанда, Өзбекстанға 4.6 млн тонна, Тәжікстанға 1.3 млн тонна астық жөнелтілді. Ал Ауғанстан бағытындағы тасымал 855 мың тоннаға жетіп, 3.4 есеге өсті. Қытай Халық Республикасына жөнелтілген өнім көлемі 65 пайызға артып, 935 мың тоннаға жетті.
Қазіргі таңда жаңа егін астығын тасымалдау процесі белсенді түрде жалғасуда. Қазан айында ғана теміржол арқылы 1.4 млн тонна өнім жеткізілді. Үздіксіз логистиканы қамтамасыз ету мақсатында салада 16.9 мың астық тасығыш, 17.8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив жұмылдырылған. Қолда бар инфрақұрылымдық ресурстар астықты толық көлемде тасымалдауға жетеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі арнайы Астық штабын құрып, тасымалдау процесін жедел үйлестіруде. Осындай жүйелі шаралар аграрлық сектордың өркендеуіне, логистикалық шығындарды 15-20 пайызға оңтайландыруға және отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мол мүмкіндік береді.





