Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан COP31 конференциясында Қазақстан павильоны, ұлттық киім, жасанды интеллект гидтері, жасыл энергетика жобалары және 1,2 млрд доллар инвестициялық келісімдер шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі ірі экологиялық жиындарда мемлекеттің ғылыми-экономикалық әлеуетімен қатар, бай рухани мұрасын таныстыру ерекше маңызға ие. Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның ұлттық павильоны іскерлік бағдарламасымен ғана емес, ұлттық мәдениетімізді айшықты насихаттауымен де әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Павильонға келушілерді сән-салтанатпен қарсы алып жүрген қазақтың ұлттық киіміндегі екі ару саммит қатысушыларының шынайы ықыласына бөленді. Бес күннен бері конференция қонақтары, шетелдік ресми делегациялар мен көршілес павильондардың өкілдері олармен бірге естелік суретке түсу үшін арнайы тоқтайды. Тіпті фотоға түскісі келетіндердің көптігі сонша, Қазақстан павильонының алдында кәдімгідей кезек пайда болған.
Көпшіліктің қошеметіне бөленген Райхан Вильямис пен Айзере Маханбет – Қазақстаннан келген дарынды студенттер. Олар еліміздің ұлттық павильонының жұмысына ерікті ретінде белсенді атсалысып жүр. Алматы қаласынан келген Райхан қазіргі уақытта Антальяда «Түрік тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында білім алуда. Ал Орал шаһарының тумасы Айзере «Саясаттану және халықаралық қатынастар» бағыты бойынша бакалавриаттың екінші курсында оқиды. Осы қос арудың арқасында халықаралық жиын қонақтары еліміздің экологиялық бастамаларымен танысып қана қоймай, қазақ халқының ұлттық өнері мен сәнді киім үлгілеріне де зор қызығушылық танытып отыр.
Ұлттық дәстүр мен озық ғылымды ұштастырған Қазақстан павильоны еліміздің бірегей табиғи мұрасын, заманауи экологиялық жобалары мен болашақ технологияларын жан-жақты көрсетуде. Мәселен, Тұран жолбарыстары бейнесінде жасалған Үміт пен Амур есімді интерактивті гидтер келушілерді таңғалдырып отыр. Заманауи жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін цифрлық көмекшілер қонақтарға толыққанды ақпарат береді. Экспозиция аясында орман алқаптарын қалпына келтіру, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, метан шығарындыларын азайту және жасыл энергетиканы дамыту жобалары кеңінен ұсынылған. Сонымен қатар Каспий мен Арал теңіздерінің экожүйелерін сақтауға, климаттық мониторингке арналған тың цифрлық шешімдерге ерекше басымдық берілген.
Іскерлік бағдарламаның нәтижесі де көңіл қуантады. COP31 аясында Қазақстан делегациясы жаңартылатын энергетиканы өркендетуге және газ инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жалпы сомасы шамамен 1,2 млрд доллар болатын маңызды келісімдерге қол қойды. Аталған құжаттар Түркістан және Қостанай облыстарында қуатты жел электр станцияларын тұрғызуды, сондай-ақ газды есепке алудың зияткерлік жүйелерін енгізуді көздейді. Ал 9-20 қараша аралығында ұлттық павильонда климаттық қаржыландыру, көміртегі нарықтарын дамыту, циркулярлық экономика, жасыл технологиялар және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарына арналған барлығы 38 мазмұнды іс-шара өткізу жоспарланған.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жасыл экономиканы қатар дамыту еліміздің халықаралық беделін арттыра түседі.





