Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғарғы конституциялық консультативтік орган. Оның негізгі міндеті – жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету, қоғамдық маңызы бар бастамаларды қарау, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзекті мәселелерді талқылау.
Кеңестің құрылуы қоғамның әртүрлі топтарының пікірін бір алаңда тоғыстырып, азаматтық бастамаларды жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл – халықтың үнін естіп қана қоймай, оны негізделген ұсыныстар мен нақты шешімдерге айналдыруға бағытталған тетік.
Қазақстан Халық Кеңесінің 23 қыркүйекте өткен алғашқы сессиясында Кеңес төрағалығына өз үміткерін ұсынған Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесіне, кәсіби біліктілігіне және жауапкершілігіне сенім артатынын жеткізді.
Алғашқы сессияда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институттың алдында тұрған міндеттерді айқындап берді. Кеңестің жұмысында формализмге жол бермеу қажеттігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы: «Халық Кеңесінің қызметі қағазбастылыққа айналып кетпеуі қажет. Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек» – деп тұжырды.
Президенттің бұл сөзі Кеңестің жұмыс қағидатын нақты көрсетеді. Оның мүшелері халықты толғандырған мәселелерді терең зерттеп, күрделі сұрақтарды батыл көтеріп, оларды шешудің жолдарын ұсынуы қажет.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «Мәселені көтере отырып, оның шешімін де қатар ұсыну қажет» – деген аса маңызды талап қойды. Бұл талап әрбір қоғамдық бастамаға жауапкершілікпен қарауды білдіреді. Мәселені айту маңызды, бірақ оның себептерін анықтап, құқықтық негізін зерделеп, іске асыруға болатын ұсыныс әзірлеу одан да маңызды.
Президент сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың бірін-бірі толықтырып, үйлесімді жұмыс істеуі керектігін атап өтті. Кеңес қоғамдық бастамаларды қалыптастырып, талқылап, заң жобаларын енгізе алады, ал Құрылтай заң шығару өкілеттігін жүзеге асырып, енгізілген заң жобаларын белгіленген тәртіппен қарайды.
Бүгінгі қоғамда халықты толғандыратын мәселелер сан алуан. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта және өңірлердің дамуы сияқты маңызды салаларды қамтиды. Осындай мәселелерді жүйелі түрде талқылау, қоғамдық пікірді жинақтау және тиісті мемлекеттік органдарға негізделген ұсыныстар енгізу – Кеңес қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
Бұл ретте Кеңес барлық мәселені өз күшімен шешетін орган емес. Оның негізгі міндеті – қоғамдық сұранысты дұрыс анықтап, ұсыныстарды пысықтап, заңда белгіленген өкілеттіктері шегінде олардың шешілуіне ықпал ету.
Қазақстан Халық Кеңесінің маңызды конституциялық өкілеттіктерінің бірі – заң шығару бастамасы құқығы. Заң жобасын әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың және өңірлердің ұсыныстары жиналып, мәселенің өзектілігі анықталады. Екіншіден, ұсыныстың құқықтық негізі зерттеліп, оның қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі, әлеуметтік-экономикалық салдары және іске асырылу мүмкіндігі бағаланады. Үшіншіден, мамандардың, сарапшылардың және мүдделі тараптардың қатысуымен мәселе жан-жақты талқыланып, заң жобасының тұжырымдамасы әзірленеді. Төртіншіден, заңда көзделген рәсімдер сақталып, Қазақстан Халық Кеңесінің тиісті органдары мен сессиясында қаралады. Заң жобасын Құрылтайға енгізу туралы шешім заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады. Одан бөлек, Кеңес өзінің мақсаттары мен міндеттеріне қатысты мәселелер бойынша Конституция мен жалпыұлттық референдум туралы заңнаманы сақтай отырып, референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.
Қоғамдық пікір мен заңнамалық шешімдердің арасындағы байланысты нығайта алатын Қазақстан Халық Кеңесі әрбір ұсынысты құқықтық негізге, нақты деректерге және қоғамдық мүддеге сай жүйелеуі тиіс. Сондықтан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде мен үшін ең басты міндет – Жетісу облысының тұрғындарын толғандыратын мәселелерді республикалық деңгейде көтеріп, тиімді шешілуіне үлес қосу.
Өңірдің дамуы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелердің қаншалықты көтерілетініне байланысты. Құрылыс сапасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың жағдайы және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі үнемі назарда болуы тиіс. Осы орайда, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың өңірді дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын ерекше атап өткен жөн. Облыстың экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында қабылданып отырған шешімдері мен тапсырмалары өңірдің дамуына жаңа серпін беріп келеді. Өңірдің өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы облыс басшысының атқарып отырған жұмысының маңызы өте зор.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық диалогты дамытуға және халықтың ұсыныстарын мемлекеттік шешімдермен байланыстыруға жаңа мүмкіндік ашты. Оның тиімділігі өткізілген отырыстардың санымен емес, көтерілген мәселелердің қаншалықты терең зерттеліп, негізделген ұсыныстарға және нақты нәтижелерге айналуымен бағалануға тиіс.
Президент атап өткендей, Кеңес халықпен тікелей байланыста болып, қоғамды толғандырған мәселелерді батыл көтеріп, олардың шешімін ұсынуы қажет.
Қазақстанның болашағы – ортақ жауапкершілікте. Мемлекет, азаматтық қоғам және халық бірлесе әрекет еткенде ғана елдің тұрақты дамуына, өңірлердің өркендеуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізуге болады.
Қайрат Кереев
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі





