Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты кезекті Жолдауында түйткілді мәселелерді сөз етті. Әсіресе, оқу-ағарту саласындағы көптің көкейінде жүрген жайды ашып айтты. Кейінгі жылдары ұстаз мәртебесін биіктету, оның жүктемесін азайту бағытында біршама жұмыс атқарылды. Дей тұрғанмен, жойылмаған кемшілік әлі де бар.
Осыны дер кезінде ескеркен Қасым-Жомарт Кемелұлы:
– Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр. Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр. Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек, – деді.
Шыны керек, кей білім ордасында мұғалімнің негізгі міндеті дұрыс орындалмай, педагогтер басқа жұмыстарды атқарып жатады. Ал ол бар назарын алдындағы шәкіртіне бұруы тиіс. Тіпті кей оқушылар ұстазға дөрекі сөйлеп, балағат сөз айтып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы тараған кей оқиғалар шынымен жаға ұстатарлық жайт. Жолдауда бұл мәселе де назардан тыс қалмады.
– Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кемшілікті дер кезінде жоюды тапсырды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бар тәрбие отбасыдан басталады. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алған бала ғана ұстазға құрмет көрсетеді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткен отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те жауапкершілікті қатар сезінуі керек. Ел ертеңі еңселі болсын десек, осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп орындауға міндеттіміз.
Шұғыла Айтқазы,
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс доктаранты





