Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз конференциясында Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев өңірдің 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жария етті. Журналистердің сауалдарына жауап берген аудан басшысы атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар төңірегінде егжей-тегжейлі баяндады.
Сарқан өңірінде егін шаруашылығы мен өңдеу саласы қатар дамыған. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аграрлық секторда 50 млрд 477 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында 22 млрд 908 млн теңгенің өнімі өндірілді.
Аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы өз сөзінде өңірдің ауыл шаруашылығындағы басты жетістіктеріне:
«Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру мақсатында жүйелі шаралар жүзеге асуда. Биыл егілген 98 521,7 гектар алқаптың ішінде 2500 гектарға қант қызылшасы өсіріліп, жиналған өнім көлемі 118 мың 708 тоннаға жетті. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Amanatnesie.kz» платформасы арқылы 3 кооперативке 103,6 млн теңге несие берілді. Ал «Жер аманаты» жобасы аясында 2022-2025 жылдары пайдаланылмай жатқан 72 300 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілді», – деп тоқталып өтті.
Тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғырту арқылы халықтың тұрмыс сапасын артады. Жыл басынан бері ауданда 16 361 шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Сарқан қаласында 2,7 млрд теңгеге 5 қабатты, 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, «Отбасы банкке» тапсырылды. Бұған қоса, әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 1,1 млрд теңгеге 50 тұрғын үй сатып алынды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да қомақты жобалар атқарылуда. «Алматы – Өскемен» – «Лепсі – Ақтоғай» автожолының 50 шақырымына үш қабат асфальт төселіп, жұмыстар аяқталу сатысына жетті. Сарқан қаласындағы ішкі көшелерді жөндеу нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың жақсы әрі қанағаттанарлық үлесі 73,5 пайызға (300 км) ұлғайды.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту деңгейі бүгінде 98,7 пайызға жетіп отыр. Аудан бойынша 28 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында 1534 адам белсенді шаралармен қамтылып, жоспар 98,7 пайызға орындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,5 пайызға азайып, тұрғындардың материалдық жағдайының оңтайланғанын көрсетті.
Білім беру саласын заманауи құралдармен жабдықтау мақсатында мектептерге жаңа модификациялық химия, биология, физика, STEM және робототехника кабинеттері орнатылды. Денсаулық сақтау сапасын арттыру бағытында Лепсі ауылдық ауруханасында 869,9 млн теңгеге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары 95 пайызға аяқталды.
Балқаш көлінің туристік әлеуетін арттыру Сарқан ауданының ғана емес, Жетісу облысының эконмикасына айтарлықтай әсер етеді. 2026 жылы өңірге 399 мың демалушы келіп, жергілікті бюджетке 33 млн теңге салық түсті. «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу жобасының дайындығы 94 пайызды құрайды.
Брифингте спикер туризмнің даму қарқыны туралы:
«Балқаш көлінің жағалауында жалпы құны 2,8 млрд теңге болатын №1 қоғамдық жағажайдың дайындығы 97 пайызға, ал №2 жағажайдың дайындығы 71 пайызға жетті. Инфрақұрылымдық жұмыстар толық аяқталғанда демалушылар санын 500–600 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жағалау тазалығын қамтамасыз ету үшін «Балқаш Тазалық» мекемесі құрылып, 38 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 30-дан астам сенбілік өтіп, 12 800 түп ағаш көшеті отырғызылды. Сарқан қаласындағы «Қойтас» саябағында қайық айлағы, этноауыл және тыныш демалыс бұрыштары жасалып, тұрғындардың игілігіне берілді», – деді.
Жиынды қорытындылай келе, Сарқан ауданының әкімі өңірді өркендетудегі негізгі мақсатты атап өтті:
«Біздің басты мақсатымыз – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әрбір тұрғын үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру. Алда экономикалық өсім, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және туристік әлеуетті толық пайдалану міндеттері тұр», – деген ол журналистердің қойған сұрағана да жауап берді. Онда туризм, ауызсу, газ тарту, халықты баспанамен қамту мәселесі сөз болды.
Брифинг соңында аудан басшысы өңірдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Мәулен Әнербай





