Елімізде микробқа қарсы препараттарды босату тәртібінің сақталуына қатысты тексерулер тоқтаусыз жалғасуда. Биылғы жылдың басынан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері антибиотиктерді дәрігердің рұқсатынсыз сатқаны үшін 38 хаттама толтырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік талаптарды бұзғандарға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8,2 млн теңгеден асқанын мәлім етті. Сараптама көрсеткіштеріне үңілсек, 2023 жылы 3,5 млн теңгеден астам сомаға 26 хаттама, 2024 жылы 7,6 млн теңгеден астам сомаға 45 хаттама, ал 2025 жылы 9,5 млн теңгеден астам сомаға 59 хаттама жасалған. Рецептсіз дәрі сату – мамандардың тексеруінсіз қауіпті препараттарды халыққа таратып, адам денсаулығына зиян келтірудің жолын ашу.
Тексеру нәтижелері бойынша дәріханаларда рұқсат қағазынсыз сатуға жиі әрекет жасалатын антибиотиктердің қатары анықталды. Олардың арасында «Азитромицин», «Цефтриаксон», «Цефазолин» және «Ципрофлоксацин» сияқты әсері күшті препараттар бар. Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау организмдегі бактериялардың дәрілік заттарға төтеп беру қабілетін арттырады. Соның салдарынан кейін қарапайым инфекциялық ауруларды емдеу қиындап, дәрілердің емдік әсері мүлде жойылып кетеді.
Мұндай қауіпті препараттардың айналымын қатаң бақылауда ұстау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп жаңа тетіктерді іске қосуда. Қазіргі уақытта жоғары тәуекел тобына жататын барлық дәрілік заттарға міндетті түрде электрондық рецепт енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жүйе тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен толықтай интеграцияланады.






