Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытында жаңа жобалар қолға алынып, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі артуда. Облыста оңалту шараларын кеңейту, «инватакси» қызметін дамыту және әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары қауырт жүргізілуде. Осы бағыттағы өзгерістермен танысу үшін Талдықорған қаласындағы «Kaspi.kz» ғимараты мен Өнер мектебі аумағына орнатылған көтергіштерді аралап көрдік.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтің айтуынша, өңірде мүгедектігі бар 25 мың азамат тұрады. Олардың 3,5 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оңалту шараларымен қамту көрсеткіші 98 пайызға жеткен.
– Біздің басты міндетіміз – мүгедектігі бар азаматтардың қажетті оңалту қызметін алуға және әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруге жағдай жасау. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында оңалту шараларымен қамту деңгейі 98 пайызға жетті. Келер жылы ересектер мен балаларға арналған заманауи оңалту орталығы салынып, пайдалануға беріледі. Орталықта оңалту қызметтері көрсетіліп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Ермек Мизамбаев.
Облыста азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін 32 «инватакси» қызметі жұмыс істейді. Он айда қызметке 96 мың өтінім қабылданып, тұрғындарға үздіксіз көмек көрсетілген.
Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі ғимаратқа кіріп-шығу мүмкіндігінен де басталады. Жалпы облыстағы 1120 мемлекеттік нысанды бейімдеу жоспарланған. Соңғы 4 жылда 1064 нысан талапқа сай бейімделіп, көрсеткіш 95 пайызға жеткен. Қалған 56 нысандағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақ.
Жеке сектордағы әлеуметтік нысандарды бейімдеу де күн тәртібінен түспеген. Басқарма басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда міндеттемелерін орындамаған 184 нысан толық бейімделген. Бұл жұмыстарға аудан-қала әкімдіктері жанындағы штаттан тыс кеңесшілер де атсалысып, кәсіпкерлерге алдын ала түсіндіру жұмысы жүргізіліпті.
Талдықорғандағы «Kaspi.kz» ғимаратында орнатылған көтергіш қалалықтардың көңілінен шығып отырғанын білеміз. Арнайы құрылғы қозғалысы шектеулі азаматтардың ғимаратқа өздігінен кіруіне мүмкіндік береді. Ішінде тактильді жолақтар бар, ал қызметкерлер ерекше қажеттілігі бар келушілерге көмектеседі.
Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Вадим Другин «Kaspi.kz» ұжымына азаматтарға қолайлы жағдай жасағаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, көтергіш қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы. Арнайы шахтаның арқасында қыс мезгілінде құрылғының ішіне қар түспейді. Ғимарат ішіндегі тактильді жолақтар мен қызметкерлердің көмегі де келушілерге қолайлылық туғызады.
– Осындай қолжетімді орта өзге нысандарда да жасалса дейміз. Сонда мүгедектігі бар азаматтар ғимаратқа кіріп, қажетті қызметін алып, жұмысқа да орналасуға мүмкіндік алады, – деді ол.
Қаладағы өнерлі өрендердің талабын ұштап, болашағына жол ашқан Өнер мектебінде де қолжетімді орта қалыптасып келеді. Ғимарат кіреберісіне орнатылған пандус сапалы әрі пайдалануға ыңғайлы жасалған. Бұл қозғалысы шектеулі балалардың, ата-аналар мен өзге де келушілердің мектепке кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік береді. Өнерге ұмтылған әр балаға есігін айқара ашқан мұндай жағдай баршаға тең мүмкіндік жасаудың жарқын үлгісі.
Қолжетімділік тек пандус пен көтергіш орнату ғана емес. Ол адамның қала өміріне кедергісіз араласуына, білім мен қызмет алуына және еңбек етуіне жол ашады. Сондықтан мұндай шешімдер әр ғимаратта қалыпты тәжірибеге айналғанда ғана тең мүмкіндік туралы сөз нақты іске ұласады.
Қажет АНДАС





