Елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде. Павлодар облысында Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен және жергілікті әкімдіктің қолдауымен кәсіподақ қозғалысы өкілдерімен маңызды басқосу өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ашық жиынға Халық Кеңесінің мүшелері,Кәсіподақтар федерациясының басшылығы мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында әлеуметтік-еңбек саясаты, жұмыскерлердің мүддесін қорғау және кәсіпорындардағы еңбек қатынастарын жетілдіру жайы жан-жақты пысықталды. Басқосу қорытындысында кәсіподақ ұйымдары еңбеккерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған 25 нақты бастаманы ортаға салды.
Қазіргі таңда еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы 2 млнға жуық азаматты біріктіретін 24 салалық және 17 мыңға жуық бастауыш ұйымнан тұрады. Мұндай ауқымды құрылым түрлі сала мамандарының талап-тілектерін жүйелеп, республикалық деңгейдегі шешімдерге ықпал етуге мүмкіндік береді. Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының саясатында адал еңбектің қадірін арттыру басты орында тұрғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – азаматтардың үнін естуге, оларды толғандырған мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беру. Еліміздің тарихында алғаш рет түрлі әлеуметтік топтардың, кәсіби қауымдастықтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері бір конституциялық органға біріктіріліп отыр», – деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі еңбек ұжымдарын қолдау мен жұмысшы кадрларды даярлау тәжірибесімен бөлісті. Ал Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек адамдарының пікірі мемлекеттік шешімдер қабылдауда шешуші мәнге ие екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі – мәні жағынан халықтық институттар. Бізді ортақ құндылық – адам, оның мүддесі мен ел болашағы біріктіреді. Халық Кеңесі қоғамның әртүрлі топтарына жалпыұлттық мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Аталған диалогта күн сайын Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының үні салмақты естілуі маңызды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесуде цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде 35 интернет-платформа арқылы шамамен 1 млн азамат көлік тасымалы, жеткізу және өзге де онлайн қызметтер көрсетеді. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, осындай цифрлық сервистерде еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін бекітіп, құқықтық режимін жеңілдету қажет. Сонымен қатар 2025 жылы елімізде 600 жұмысшы мамандығын қамтитын 132 кәсіптік стандарт жаңартылды, ал жасанды интеллект дәуірінде кадрларды қайта даярлау ісі кәсіподақтардың тұрақты бақылауында болады.
Жиын аясында жұмысшылардың өтініштерін депутаттар мен мемлекеттік органдар деңгейінде жедел қарастыратын «Еңбек дауысы» атты жұмыс тобын құру ұсынылды. Барлық 25 бастама алдағы уақытта Халық Кеңесінің күн тәртібінде жан-жақты пысықталады. Сонымен қатар сапар барысында Ерлан Қошанов бастаған Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким, Әсет Қыдырманов, Төлеген Күнәділов, Лилия Стадникова, Наринэ Микаелян, Тұрсынбек Мақышев, Николай Арсютин, Дмитрий Павленко және Борис Поломарчук азаматтық қоғам мен этномәдени бірлестіктер өкілдерімен жүздесіп, Жолдау міндеттерін іске асыру жолдарын талқылады. Аталған бастамалар Жетісу облысы секілді өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек ететін мыңдаған жұмыскерлердің де құқықтық қорғалуын күшейтуге негіз қалайды.






