САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Ақсу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ҚАЛИАҚПАРОВ БАУЫРЖАН ЕСБОЛАТҰЛЫ
№ 4 бірмандаттық сайлау учаскесі
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Туған жердің өркендеуі – әрқайсымызға ортақ міндет. Ауылдың ажары, көшенің тазалығы, жолдың сапасы мен тұрғындардың тұрмыс жағдайы аудан дамуының нақты көрінісі деп білемін.
Алдағы уақытта елді мекендердің мәселелеріне бейжай қарамай, тұрғындардың ұсыныстарын назарға алып, өз құзыретім аясында олардың шешілуіне ықпал етуге күш саламын. Әрбір бастаманың нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрінуі керек.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ
Менің ұстанымым – әр ауылға назар, әр мәселеге жауапкершілік, әр іске нақты нәтиже.
Сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мен үшін маңызды.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Қалиакпаров Бауыржан Есболатұлы 1974 жылы Алматы облысы Ақсу ауданының Матай станциясында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Жетісу облысы Ақсу ауданының Матай станциясында тұрамын.
2007 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2005 жылы бастадым. 2005–2014 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Матай локомотив пайдалану депосында инженер-технолог және жабдықтау жөніндегі инженер қызметтерін атқардым.
2014–2021 жылдары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Алматы жүк тасымалы бөлімшесінің Матай станциясында станция бойынша кезекші болып жұмыс істедім. 2021–2023 жылдары Матай станциясындағы «Ақсу ЖСК» ЖШС-нің басшысы қызметін атқардым.
Еңбек жолымда ұйымдастырушылық қабілетімді, бастамашылдығымды және еңбекқорлығымды көрсете отырып, жауапты әрі білікті басшы ретінде қалыптастым. Шаруашылық жұмысын тиімді ұйымдастырып, ұжыммен тығыз байланыста жұмыс істеуге баса мән беремін.
Мен үшін басты мақсат – жинақтаған білімім мен тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, тұрғындардың мүддесін қорғауға және ауылдың өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ету. Халықпен тығыз байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, туған өлкемнің өркендеуіне үлес қосуды өзімнің басты міндетім деп санаймын.
Құрметпен, Қалиакпаров Бауыржан
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ КЕПІЛІ
«Ауыл аманаты» және басқа да мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктерін тұрғындарға кеңінен түсіндіруге, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға бағыт-бағдар беруге ықпал ету. Жергілікті кәсіпкерлердің аудандық жобаларға қатысуына, мемлекеттік қолдау.
2. ЖОЛ, ГАЗ ЖӘНЕ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ
Матай ауылы көше жолдарын жөндеу, жол белгілерін жаңарту және қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру мәселелерін көтеру. Елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жеделдетуге, газ құбырлары мен тарату желілерін салу жобаларының іске асырылуына ықпал ету.
3. ЦИФРЛЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ЖӘНЕ АШЫҚ БАСҚАРУ
Матай ауылында ұялы байланыс сапасын жақсарту және жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеру. Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді электрондық форматта алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, цифрлық сауаттылықты арттыруға ықпал ету. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қарау кезінде кері байланысты күшейтуге, көтерілген мәселелердің шешілу барысы туралы ақпараттың қолжетімді болуына қолдау көрсету.
4. БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫН ҚОЛДАУ
Матай орта мектебі материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдау. Балалардың сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада оқуына қолайлы жағдай жасау мәселелерін тұрақты назарда ұстау.
5. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
Дәрігерлер мен шалғай ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға қол жеткізу. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы медицина мамандарын тартуды қолдау.
6. ХАЛЫҚПЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС
Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу, ауылдардың өзекті мәселелерін жүйелі жинақтау және олардың шешілуіне қатысты есеп беріп отыру тәжірибесін дамыту.
7. ТАЗА ӘРІ ЖАҚСЫ КҮТІЛГЕН АУЫЛ
Ауылдың белсенді жастарын «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына тартып, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға ықпал етемін.
Халық сенімі – сөз емес, жауапкершілік!
Бала болашағы – басты басымдық!
Әр шешім – ауылдың игілігі үшін!
Тапсырыс беруші: Қалиақпаров Бауыржан Есболатұлы
Қаражат кандидаттың Ақсу аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.







