Елімізде құқықтық мемлекет қағидаларын орнықтыру мен мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі тірегіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституцияның тарихи маңызына тоқталып, қоғамда тәртіп орнату мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Президент сөзінше, наурыз айындағы референдумда қабылданған Ата заң Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғауды, жалпыұлттық бірлікті нығайтуды, сондай-ақ адам капиталы, білім-ғылым мен инновацияны дамытуды стратегиялық міндет ретінде бекітті.
«Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төлқұжаты – Конституциямызды қабылдадық. Соны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер еткен тарихи шешім десек, артық болмас. Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлігімізді күшейту мемлекетіміздің негізгі қағидаттары ретінде бекітілді. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәні бар стратегиялық міндет деп танылды. Біз ұлт Конституциясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық. «Заң мен Тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным.Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді.Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түсіндіре кетсек, «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы әділдік пен азаматтардың құқықтық қорғалуына тікелей әсер етеді. Заң алдында баршаның теңдігі сақталғанда ғана кәсіпкерлікке, инвестицияға және әлеуметтік жобаларға сенім артады. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресте ымыра болмайтынын, мемлекет қаржысына қол сұғу мен Конституция талаптарын бұзу елге жасалған ауыр қастандық екенін ескертті. Лауазымды тұлғалардың өткендегі жетістігі емес, қазіргі нақты нәтижесі мен ісіне адалдығы бағаланады.
«Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз.Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды. Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың. Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны.Аталған талап – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Соны мүлтіксіз орындау қажет», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі басшылардың конституциялық құндылықтарды іс жүзінде қолданып,Әділетті Қазақстан идеясын шын ықыласпен қабылдауы қажеттігін жеткізді. Жетісу облысы тұрғындары үшін де мемлекеттік қызметтердің ашықтығы, жергілікті басқарудағы тәртіп пен заң үстемдігі күнделікті өмірдегі әділдік пен сенімнің берік кепілі саналады.






