Жылыту маусымында пеш пен мұржаны пайдалану талаптарын сақтамау тұрғын үйлерде өрттің шығуына және иіс газынан улануға себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жеке тұрғын үй иелерін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен, мұржаны күйеден кемінде үш айда бір рет тазалап отыру қажет. Жарықтары немесе өзге де ақаулары бар пешті пайдалануға болмайды. Мұндай олқылықтар түтін мен иіс газының үй ішіне таралуына әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ отынды, киім-кешекті және басқа да тез тұтанатын заттарды пештен қауіпсіз қашықтықта сақтау маңызды. Пешті тұтату үшін бензин, керосин және өзге де жанғыш сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады.
Қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындау өрттің алдын алып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі. Министрлік азаматтарды жылыту құрылғыларын пайдаланғанда сақтық шараларын естен шығармауға шақырады.






