Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қоғамда қызу талқыға түскен қалың мал мен мәһр мәселесіне қатысты ресми түсініктеме берді. Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес, күйеу жігіт тарапынан берілген қалың мал болашақ келіннің өз еркімен келісім беруі шартымен мәһр ретінде есептеле алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Дәстүр мен шариғаттың айырмашылығы
Қоғамда «қалың мал берілсе, мәһр сұрамауға бола ма?» деген сауал жиі туындайды. Осыған орай діни басқарма екі ұғымның аражігін ажыратып көрсетті:
-
Қалың мал – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрі. Жігіт жағы қыздың ата-анасына мал-мүлік немесе қаржы берсе, қыз тарапы оның қарымтасы ретінде жас жұбайлардың тұрмысына қажетті жасауын дайындайды.
-
Мәһр – шариғат бойынша неке қию кезінде күйеу жігіттің қалыңдыққа беруге міндетті сыйы. Ол тек әйелдің жеке меншігі болып саналады.
Қандай жағдайда қалың мал мәһр ретінде қабылданады?
Нұрсұлтан мешітінің наиб имамы Жандос Айтбайдың айтуынша, некенің дұрыс болуы үшін мәһрдің берілуі міндетті, ал қалың мал ұлттық салт болғандықтан неке шартына кірмейді. Дегенмен бұл екі ұғымды бір арнаға тоғыстыруға болады:
«Егер некеде мәһр берілмесе, неке дұрыс болмайды. Ал қалың мал берілмесе, неке дұрыс болып саналады. Егер жігіттің қалың мал ретінде беріп жатқан дүниесін қыз «Мен осыны мәһр ретінде қабылдадым, менің мәһрім осы болсын» десе, онда қалың мал мәһрдің орнына жүреді», – деді имам.
Егер қалыңдық бұл шартқа келіспесе, күйеу жігіт мәһрді бөлек беруге міндетті.
Ескеретін маңызды жайттар
Діни басқарма өкілдері мәһрді неке қию сәтінде, оған дейін немесе кейін де беруге болатынын еске салды. Бұл ретте екі тараптың өзара келісімі шешуші рөл атқарады. Ал қалың мал беру дәстүрі жоқ өңірлерде неке қию рәсімі кезінде мәһр мәселесі міндетті түрде назарға алынуы тиіс.






