Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы білім беру жүйесін жаңғыртуға, адами капиталдың сапасын арттыруға және өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды міндеттерді айқындады. Әсіресе білім беру инфрақұрылымын дамыту, инклюзивті ортаны кеңейту, педагогтерді қолдау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 8 901 бала тіркелген. Оларға қолдау көрсететін 19 арнайы білім беру ұйымы, 9 инклюзияны қолдау кабинеті және 1 ресурстық орталық жұмыс істейді. Биыл 4 жаңа инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды түзете-дамыту және әлеуметтік қолдау қызметтерімен 100 пайыз қамтуға қол жеткізілді.
Жолдауда білім беру жүйесін цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге де ерекше мән берілді. Бұл бағытта облыс мектептерінде 2–11-сынып оқушыларына арналған жасанды интеллект курсы енгізілді. Ал 2027 жылдан бастап 33 шағын жинақты мектепте жасанды интеллектті енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Жалпы, аталған технологияларды облыстың 314 мектебіне кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Цифрлық өзгерістер педагогтердің кәсіби құзыретін арттырумен қатар жүруі тиіс. Осы мақсатта «Daryn Ustaz» және «USTAZGA AI» жобалары аясында 17 259 педагог оқытудан өтті. Бұл облыс мұғалімдерінің жалпы санының 92,8 пайызын құрайды. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, 80 мектеп 240 заманауи физика, химия және биология кабинетімен жабдықталды.
Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуда еңбек нарығына қажетті мамандар даярлаудың маңызын да атап өтті. Осы бағытта облыстың 27 колледжінде 14 408 студент білім алуда. Оның 3 424-і дуальды оқыту жүйесімен қамтылған. Жұмыс берушілермен 285 келісімшарт жасалып, білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға көңіл бөлінуде.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған үш міндетті курс енгізілді. Облыстағы 415 білім беру ұйымы 19 199 бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, балалар көп жиналатын 206 орынға 1 633 жаңа камера орнатылды. «SIM KIDS» жобасы аясында әлеуметтік осал топтағы балаларға 1000 тегін SIM-карта таратылды.
Біздің түпкі мақсатымыз – Жолдауда айқындалған міндеттерді нақты нәтижеге айналдырып, сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырған, заман талабына бейім ұрпақ қалыптастыру.
Дәурен ЖҮНІСОВ,
облыстық білім басқармасының
басшысы






