Талдықорған: +10°C
$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
29 қараша — Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Жалындап өткен жыр ғұмыр

24 қараша 2026
КҮНДЕРЕК
Жалындап өткен жыр ғұмыр
WhatsAppTelegramFacebook

Тарихтың терең қатпарында есімі сақталған тұлғалар болады. Олардың кейбірі ел басқарған қайраткерлігімен, енді бірі ел қорғаған ерлігімен, ал енді біреулері өнерімен, өршіл рухымен, халқына қалдырған рухани мұрасымен ұрпақ жадында қалады. Уақыт өткен сайын мұндай тұлғалардың өмір жолына деген қызығушылық артып, олардың артында қалған әрбір дерек пен жәдігердің қадірі еселене түседі. Өйткені тарихи тұлғаны тану – бүгінгі рухани болмысымыздың қайнар көзін түсіну.

Жетісу жері – талай тарланбозды түлеткен, ән мен жырдың алтын бесігі болған қасиетті өлке. Бұл топырақтан Сүйінбай, Бақтыбай, Сара, Құлмамбет сынды сөз зергерлері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Дәнеш Рақышев тәрізді ән өнерінің майталмандары шыққан. Осындай бай дәстүрдің жалғасын тапқан кейінгі буын өкілдерінің қатарында Жаркент өңірінің мақтанышы, айтыскер ақын, әнші, сазгер Жандарбек Әкімбекұлы Бегімбетовтің есімі ерекше аталады.

Қазақтың айтыс өнері қайта жаңғырып, ұлттық руханияттың тынысы кеңейген өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдарының басында Жандарбек Бегімбетовтің өнері елге кеңінен танылды. Ол аз ғана ғұмырында ақындықтың, әншіліктің, сазгерліктің, жыршылықтың бірнеше қырын қатар алып жүріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді. Жарқ етіп көрініп, жастайынан жалындап өткен өнер иесінің шығармашылық ғұмыры қысқа болғанымен, халық жадында қалдырған ізі терең.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында қазақ қоғамында ұлттық өнерге деген ықылас қайта жандана бастады. Наурыз мерекесінің жаңғыруы, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орнының артуы, айтыс өнеріне деген халық сұранысының күшеюі жаңа буын ақындардың сахнаға шығуына жол ашты. Сол кезеңде Жетісу өңірінен ел намысын қорғайтын талантты ақындар шоғыры қалыптасты. Олардың қатарында Жандарбек Бегімбетов пен Айтақын Бұлғақовтың есімдері қатар аталды.

1987 жылы Қызылордада өткен республикалық ақындар айтысы Жандарбектің өнер жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Кейінгі жылдары ол басқа да республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысып, көрерменнің ықыласына бөленді. 1989 жылы Алматыда өткен аламан айтыста көзге түскен ақындардың қатарында болды. Телевизиялық айтыстар арқылы да оның есімі қалың жұртшылыққа таныла түсті.

Жандарбектің шығармашылығын айтыс өнерімен ғана шектеуге болмайды. Оның әншілік және сазгерлік қыры – жеке зерттеуді қажет ететін маңызды бағыт. Өнер иесі домбыра, баян, гитара, күйсандық секілді музыкалық аспаптарда шебер ойнаған. Әр аспаптың өзіндік үнін сезініп, оны әннің мазмұны мен көңіл күйіне сай қолдана білуі оның музыкалық қабілетінің кеңдігін танытады. Ол орындаған әндер тыңдарманның жүрегіне жол тауып, уақыт өте келе ел ішінде кең таралды. «Әкеме», «Анама», «Ұстазыма», «Солдат сағынышы», «Жалғыз аққу», «Қолшатырдың астында» атты әндері – ақынның ішкі әлемін, сезім тереңдігін, адамға, ата-анаға, туған жерге деген құрметін танытатын шығармалар. Ақынның тағдыры бізге бір ақиқатты ұғындырады: адамның өмірі қысқа болуы мүмкін, бірақ елге қалдырған өнері мен өнегесі ұзақ жасайды. Осындай тұлғалардың мұрасын сақтау – тек туыстарының, замандастарының немесе өнер зерттеушілерінің міндеті емес. Бұл – тарихи жадыны қалыптастыруға жауапты мәдени мекемелердің де маңызды міндеті. Әсіресе музей үшін мұндай мұраның орны бөлек.

Бүгінде Жандарбек Бегімбетовтің өмірі мен өнеріне қатысты құнды деректерді жинақтап, оның рухани мұрасын сақтауға деген қажеттілік бұрынғыдан да арта түсті. Осы бағытта облыстық М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына ақынның жеке қолданысында болған домбырасы мен баяны, өмірінің әр кезеңіне қатысты түпнұсқа фотосуреттері, сахнада киген шапандары және өзге де музейлік маңызы бар заттардың жаңадан қабылдануы – айрықша мәнге ие мәдени оқиға деп айтсақ артық болмас. Бұл – бір адамның ғұмырынан сыр шертетін, тұтас бір кезеңнің мәдени тынысын танытатын, Жетісудың өнер тарихын толықтыра түсетін құнды мұраны сақтауға жасалған қадам.

Жандарбек Әкімбекұлының шығармашылық мұрасына қатысты аудио және бейнежазбалардың, айтыс мәтіндерінің, әндерінің орындалу нұсқаларының, баспасөз материалдарының жинақталуы да маңызды жайт. Себебі, өнерпаздың өмірі мен шығармашылығын толыққанды таныту үшін заттай жәдігерлер мен бірге жазба, дыбыстық, бейнелік деректер бірін-бірі толықтыруы қажет.

Музей үшін мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні де ерекше. Жастар тарихи тұлғалардың өмір жолы арқылы еңбексүйгіштікке, өнерге құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды бағалауға үйренеді. Өз өңірінен шыққан талантты тұлғаның мұрасымен танысу олардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырады.

Сазгердің жеке заттарының музейге қабылдануы да осындай игілікті істің бір көрінісі. Ақынның отбасы мен туыстары өнерпаздың өміріне қатысты бұйымдардың жылдар бойы сақталуына мән беріп, оларды музей қорына табыстау арқылы оның есімін ұлықтауға және шығармашылық мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге өзіндік үлес қосып отыр. Осы ретте музей қорын толықтыруға атсалысқан анасы Шәкен апаға және ақынның нағашы жұрты Баяхмет Нұрлыбаевтың отбасына жәдігерлердің тарихын сақтап, олардың құндылығын түсініп, қоғамдық игілікке ұсынуға ықпал еткені үшін алғыс білдіреміз. Өнер иесіне қатысты экспонаттардың уақыт өте келе Жетісу өңірінің музыкалық және айтыс өнері тарихын зерттеушілер үшін құнды дереккөзіне айналары сөзсіз.

Өнерпаздың қолынан өткен домбыраның үні бүгінде тынғанымен, оның өнері халық жүрегінде жаңғырып тұр. Сахнада киген шапандары мен домбырасы енді музей қорында сақталып, келешек ұрпаққа Жандарбек Бегімбетовтің жалынды ғұмырынан сыр шертетін тарихи куәгерлерге айналмақ.

Қарлығаш ТҰТҚАБАЕВА,
«облыстық М. Тынышбайұлы
атындағы тарихи-өлкетану музейі»
МКҚК-нің бас қор сақтаушысы

Қатысты жаңалықтар

Жолдаудағы міндеттер – қоғам сұранысы

Жолдаудағы міндеттер – қоғам сұранысы

Бүгін, 09:15
Жұмылдыру дайындығы не үшін қажет және әркім нені білуі керек?

Қауіпсіздік кепілі

24 қараша 2026
Жетісуда ауыл жастарына кәсіп бастауға 3 млн теңгелік гранттар ұсынылды

Жетісуда ауыл жастарына кәсіп бастауға 3 млн теңгелік гранттар ұсынылды

24 қараша 2026
Жетісуда әлеуметтік жобалар жаңа аудандарда жалғасады

Жетісуда әлеуметтік жобалар жаңа аудандарда жалғасады

24 қараша 2026
АИТВ-дан сақтанудың заманауи тәсілдері

АИТВ-дан сақтанудың заманауи тәсілдері

24 қараша 2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.