Аймақта әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, жыл соңына дейін бірнеше маңызды нысанның құрылысы аяқталады. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі.
Құрылыс – кез келген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын маңызды салалардың бірі. Өйткені жаңа мектеп пен аурухана, тұрғын үй мен инженерлік желі – жай ғана ғимарат емес, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін, елді мекендердің келешегіне негіз қалайтын нысандар. Осы тұрғыдан алғанда, облыста құрылыс саласына бөлінетін қаржы көлемінің артуы мен қолға алынған жобалардың ауқымы аймақ дамуының маңызды көрсеткішіне айналып отыр.
Биыл облыстық құрылыс басқармасының бюджеті 155,7 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері жоспарланған қаражаттың 98 пайыздан астамы игерілген. Бұл құрылыс жобаларын қаржыландыру мен іске асыру жұмыстарының қарқыны жоғары екенін аңғартады. Қазіргі уақытта облыс аумағында 94 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, тағы 22 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталған. Яғни аймақтағы құрылыс жұмыстары тек бүгінгі қажеттіліктерді өтеумен шектелмей, алдағы жылдарға арналған жобалармен де толығып келеді.
Жыл басынан бері 29 нысан пайдалануға берілген. Ал желтоқсан айының соңына дейін тағы 30 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, жыл қорытындысында облыс бойынша барлығы 59 жаңа ғимарат пен құрылыс нысаны ел игілігіне беріледі. Олардың қатарында мектептер мен медициналық мекемелер, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуникациялық желілер, мәдениет және спорт нысандары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына арналған ғимараттар бар. Әрине, бұл нысандардың әрқайсысының өзіндік әлеуметтік маңызы бар. Мәселен, жаңа мектептердің салынуы білім беру инфрақұрылымын жақсартып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Ал медициналық мекемелердің бой көтеруі тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін жеңілдетеді. Тұрғын үй құрылысы халықтың баспана мәселесін шешуге ықпал етсе, инженерлік желілерді жаңарту мен тарту елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Мұның бәрі, түптеп келгенде, аймақтың теңгерімді дамуына қызмет етеді. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы қала мен ауыл арасындағы өмір сапасы айырмашылығын азайтуға жол ашады. Сондықтан құрылыс саласындағы жұмыстардың нәтижесін тек пайдалануға берілген нысандар санымен ғана емес, олардың халықтың күнделікті өміріне әкелген нақты өзгерістерімен де бағалау маңызды.
Алдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар толастамайды. 2027 жылы облыста тағы 35 нысанның құрылысы жалғасын табады. Бұл – аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Жалпы, аймақтардағы ауқымды құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі.
Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, еліміздің барлық аймағында құрылыс жұмыстарын кең көлемде жүргізудің маңызын атап өтті. «Қазақстан біртұтас үлкен құрылыс алаңына айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Бұл бастаманың мәні – жекелеген нысандарды салумен ғана шектелмей, елдің барлық аймағында ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру жүргізу. Осы мақсатта «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жолдар, теміржол вокзалдары, ауруханалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары, мектептер, спорт нысандары мен кітапханалар салу, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын жалғастыру көзделген.
Аталған міндеттерді жүзеге асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның 1,5 трлн. теңгесі биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға қарастырылған. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде еліміз бойынша перинаталдық орталықтар мен жедел жәрдем стансыларын қоса алғанда 70-ке жуық медициналық нысан, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан бой көтермек.
Мұндай ауқымды бастаманың экономикалық тиімділігі де зор. Біріншіден, құрылыс жұмыстары жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Екіншіден, құрылыс материалдарын өндіру, тасымалдау, жобалау және өзге де қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Үшіншіден, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарық қалыптастырады. Яғни құрылысқа салынған инвестиция тек бір нысанның бой көтеруімен шектелмей, тұтас аймақ экономикасының жандануына ықпал етеді. Мемлекет басшысы да осы мәселеге ерекше тоқталып, жобаларды жүзеге асыруға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін барынша тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы қатаң бақылауда болуы тиіс.
Расымен де бүгінгі міндет – нысандардың санын көбейту ғана емес, олардың сапалы әрі ұзақ мерзімге жарамды болуын қамтамасыз ету. Бөлінген бюджет қаражатының тиімді игерілуі, құрылыс материалдарының сапасы, мердігерлердің жауапкершілігі мен жұмыстардың уақытылы аяқталуы – назардан тыс қалмауы тиіс мәселелер. Өйткені халыққа қажетті нысанның белгіленген мерзімде тапсырылуы қаншалықты маңызды болса, оның талапқа сай салынып, ұзақ жыл бойы қызмет етуі де соншалықты маңызды.
Облыста биыл пайдалануға берілетін 59 нысан мен келесі жылы құрылысы жалғасатын 35 жоба – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ендігі жерде басты өлшем – құрылыс қарқынымен қатар оның нақты әлеуметтік қайтарымын қамтамасыз ету. Себебі әрбір жаңа мектеп – сапалы білімге жасалған мүмкіндік, әрбір медициналық нысан – халық денсаулығына қосылған үлес, ал әрбір тұрғын үй мен инженерлік желі – елдің ертеңіне салынған инвестиция.
Демек, құрылыс – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың да игілігіне қызмет ететін стратегиялық сала. Ал Жетісуда қолға алынған жобалардың нәтижелі жүзеге асуы аймақтың әлеуметтік әлеуетін нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болмақ.
Айгүл БАЙБОСЫН






