Бес күндік тіршілікте өмірін спортқа арнаған жандардың ғұмыры ғибратқа, өнегеге толы. Әсіресе жасы зейнеткерліктен асса да саламатты өмір салтын берік ұстанатын кісілердің жүзі жарық, ісі ілгері. Жақында Талдықорғанда жасы 63-тен асқан зейнеткерлер арасында бильярдтан халықаралық турнир өтті. ІІ мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновті еске алуға арналған ХV халықаралық біріншілікті «Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткізілген турнир 2 күн бойы «Аристократ» бильярд клубында өтті. Көршілес Қырғыз елінен және еліміздің әр өңірінен келген бильярдшылар командалық және жекелей тартыспен бақ сынасты. Атап айтқанда, Алматы қаласынан «Алатау Алматы», «Gaber», «Медео», Шымкент қаласынан «Тұран», «Ордабасы», Талдықорған қаласынан «Жетісу 1», «Жетісу 2» және Қырғызстанның Бішкек қаласынан «Ала Тоо» командалары өзара жеребе тарту арқылы шын шеберді анықтады.
16 тасты «Мәскеу пирамидасы» үлгісімен шиырған шеберлердің үздіктерін анықтаған жарыстың бас төрешісі Жақсығұл Мырзахметов әрбір ойынды мұқият қадағалап, тастаяқты жетік меңгерген жанның шеберлігін әділ бағалады. Ақырында командалық есепте жүлделі І орынды «Gaber» (Алматы қ.) командасы еншілесе, ІІ орынды «Алатау Алматы» (Алматы қ.) командасы жеңіп алды. Ал ІІІ орынды «Жетісу 1» (Талдықорған қ.) командасы еншіледі. Жекелей есеп бойынша төрешілер қырғызстандық А. Аликовты І орынға, алматылық Қайрат Сұлтанбековті ІІ орынға, шымкенттік А. Маханов пен алматылық Н. Шубаевты ІІІ орынға лайық деп таныды. Жүлдегерлердің бәрі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған «Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Тоқтар Есімовтің айтуынша, халықаралық турнир лайықты деңгейде өтіп, шын шеберлерді анықтауға мүмкіндік беріпті.
Ұйымдастырушылардың қатарында турнирге демеушілік жасаған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбековке ерекше ризашылық білдіргім келеді. Себебі зейнеткерлердің қоғам өміріне белсенді араласып, саламатты өмір салты ұстануына ең алдымен серпін беріп, құлшындыру керек-ақ. Сол тұрғыдан алғанда турнирге қаржылай әрі рухани демеу жасаған жанның жақсылығын айту парыз деп есептеймін. Сондықтан Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі өзге ұйымдарға үлгі бола алады. Шыны керек, жасы 63-тен асып кеткен жандар қоғамның дұрыс жолмен жүруіне ықпал етіп, өскелең ұрпақтың санасын тәрбиелеуге септігін тигізеді. Меніңше бұдан артық жақсылық болмайды, – деген Тоқтар Есімұлы халықаралық турнир алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады.
«Жетісу-ақпарат»






