Бүгінде Қоғалы ақ көрпеге оранған. Қыс ерте түсіп, жаз тым кеш шығатын аймақты қардан тазалау да әсте оңай емес. Ауылды қоқыстан, қардан тазалау үлкен еңбекті қажет етеді. Тазалық жанашырлары ауа райының қолайсыздығына қарамастан талмай еңбек етеді. Қыстың үскірік аязында жолдарды қар-мұздан тазалайды. Ал жаздың аптап ыстығында ауылды шашылған қоқыстан арылтады. «Ауыр еңбек лайықты бағаланып, қомақты қаржы беріледі» деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі таң енді ғана қылаң атқаннан қызара күн батқанға дейін тынбай еңбек еткен тазалықшылардың еңбекақысы тым төмен. Қоғалы ауылындағы бір отбасындай болып кеткен ұжым бір-бірімен мәре-сәре болып, жапалақтап жауған қарды күреп, ауыл ажарын аша түскен. Киелі Семейдің тумасы, Қоғалының келіні 35 жасар Заура Абдыханованың осы жұмыста жүргеніне 3 жыл. Көпбалалы ана қолына алатын 82 мың теңгеге шүкір еткеннен басқа амалдың жоқтығын айтады.
– Осы жұмыстың арқасында балаларымды асырап отырмын. Негізгі мамандығым заңгер. Бірақ ауылда бұл мамандықпен жұмыс табылмайды. Ауылымызда бәрі бар. Бауыржан Мәлікұлы әкім болғалы көп өзгеріс орын алды. Бірақ қарапайым халыққа жұмыс жоқ. Әсіресе, әйел адамдарға өте қиын әрі ауыр. Күннің суығында көше сыпырып, қар күреп, мұз ою оңай емес. Ауылда наубайхана, шағын кәсіпорын ашылса қаншама бос отырған адам жұмысқа шығар еді. Бригада тамаша, ауызбіршілікті, бір-бірінің жағдайына қарап, үлгере алмай жатқан жерлері болса, көмектесіп отырады. Ең бастысы – заман тыныш бол-сын, – деген ананық ақ тілеуі қабыл болсын дейміз.
Ауылдың тазалығына ЖК «Дарин» да өз үлесін қосуда. Руслан Дайырбеков басшылық ететін ұжымда 5 жұмысшы күндіз-түні тазалық жұмысына жауапты. Олар 42 шақырым көше бойларын тазартады. Адал еңбектеріне айына 200 мың теңге еңбекақы төленеді. Қазір 4 трактормен ауыл ішінің, сыртқы жолдардың қары толық тазартылған.
Еңлік КЕНЕБАЙ





