Қоғалы ауылдық округіне қарасты Тастыөзек ауылында «шиномонтаж» жұмыс істеп тұр. Ауыл жастары бүгінде бұрынғыдай қиындыққа төзіп отыра берудің жөні жоқ екенін жақсы біледі. Қазір қаланы қойып ауылдың өзінде әр үйде бір көліктен бар. Бұл – халықтың жағдайы күн санап жақсарып келетінін аңғартады. Техника болған соң сынбай, тозбай тұрмайды. Бұрындары ауылдастар қарапайым ғана дөңгелек ауыстыру үшін алысқа ат шалдыратын. Қолдарынан келетіндері өздері ыңғайлайтын. Бірақ сапасыз жөнделген техника сапалы болмайтыны тағы бар. Осылайша көп техника аулада қаңтарылып тұрып қалады десек артық айтқандығымыз болмас. Тастыөзектің тумасы Сабыр Немербаев шиномонтаж цехын ашқалы көрші ауылдардағы техника мінгендердің көзі ашылған.
Сабыр 2012 жылы отбасымен Алматы қаласына қоныс аударған. Әр шаруаның басын қайырған азамат 2019 жылы туған жерге қайта көшіп келеді. Алтын бесік ауылға деген сағынышы оның тынымсыз еңбек етуіне жол ашады. Бір көлікпен ғана туған жерге ту тігем деп келген азамат бүгінде үйлі-баранды. Екі баланың асқар тау әкесі. Жиырма шақты сауынды сиырын сауып, 150 теңгеден сүт сатып, малын бордақылап, егістікпен айналысқан еңбекқор жан талай жасқа үлгі-өнеге. Осындайда үлкендердің «ауылда береке бар» деген сөзінің айна-қатесіз рас екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
– Ауылымды ешбір қала алмастыра алмайды. Осы үшін Алматыны тастап, кіндік қаным тамған киелі мекенге келдім. Бір көлікпен, бір пакетпен келіп, тіршілігімді нөлден бастадым. 2021 жылы «Бастау» бағдарламасы негізінде 3 айлық курс оқыдым. Шәкіртақы алдым. Мемлекет қолдауының нәтижесінде 580 мың ақшалай грант ұтып, соған кәсіп бастадым. Әрине, бұл қаражат жеткен жоқ. Үстіне ақша қосып, қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Үлкен техникаларды жасаймыз, – дейді жас кәсіпкер.
Нәсібін ауылдан тауып отырған азаматтың болашақта кәсібін кеңейтсем деген арманы бар. Ол ауылдағы жұмыссыз жастардың жайбарақат әрекетіне күйінеді. Жалқаулықпен жолдас болуға құмар жастар қара жұмыстан қашатынын да жасырмады. «Балаларымның анасы екеуміз сиыр сауамыз. Арнайы аппарат та алдық. Сүтті 150 теңгеден өткіземіз. Кей уақытта сондай көмекке келе қоятын адам таппай қаламыз. Жалқаулық қазақтың түбіне жетпесе игі еді. Әйтпесе «ауылда жұмыссыз отыр» дегеннің өзі ұят қой. Қазір еңбекпен ғана бәріне жетуге болады», – дейді Сабыр Немербаев.
Туған жерге ту тіккен асыл азаматтың ісіне қарап біз де сүйсіндік. Ауласындағы шағын ғана бір бөлмеге күніне бірнеше адам кіріп-шығады. Сабырдың жұмысына бәрі дән риза. Қазіргі уақытта күніне 50-60 мың теңге тауып отырған ауыл азаматының асқақ арманы орындалсын деп тілек айтамыз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





