Бруцеллез – жануарлар мен адамдарға ортақ зоонозды аса қауіпті жұқпалы ауру. Алғаш рет Британ дәрігері Дэвид Брюс 1887ж Мальта аралында науқастан анықтаған.
Бруцеллездің негізгі жұқпа көздері ауыл шаруашылық және үй жануарларынан пайда болады.
Бруцеллез қоздырғыштары сыртқы ортаның әсеріне өте төзімді келеді. Малдың қиында, зәрінде, ластанған суда (иірім, арық, тоғандарда) 40 күнге дейін тіршілігін сақтайды. Мұзға, қарға түскен бруцеллалар 1-2 айға дейін шыдайды. Сондай-ақ, бруцеллезбен ауырған сиырдың сүтінен жасалған тағамдарда (сары май, құртта, ірімшіктерде) қоздырғыштар 40 — 60 күнге дейін сақталады.
Бруцелланың әлсіз жақтары ыстықтан қорқады. Күннің тура түскен сәулесінен, қайнатқаннан тез өледі.
Адам бруцеллезбен қарапайым жолмен – ауру малдың сүті мен сүт өнімдерін пайдаланғанда, сонымен бірге жеткіліксіз термиялық өндеуден өткен немесе шикі ет өнімдерін тағамға пайдаланғанда жұқтырады. Сондай-ақ қарым – қатынас арқылы да ауру жұқтыруы мүмкін көбінесе ауру малды күту кезінде жеке бас гигиена ережелерін сақтамағанда, мал төлдетуде малдың шуы, қағанақ суымен қатынаста болғанда жұғуы мүмкін.
Бруцеллездің инкубациялық кезеңі 1- 4 апта кейде 2-3 айға дейін созылады. Бруцеллез белгілері жиі тұмау және басқа да дене қызуымен сипатталатын аурулардың белгілеріне ұқсас: әлсіздік, бастың ауруы, бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы, ісінуі, тәбеттің төмендеуі, дене қызуының 39-40 °С дейін көтерілуі. Қызба жиі толқын тәріздес сипатта өтеді, қызба кезінде қалтырау мен тершеңдік байқалады. Науқас дәрігерге неғұрлым ерте қаралса, адамға ем қабылдау соғұрлым нәтижелі болады.
Жеке бас және отбасы мүшелерін бруцеллез ауруынан сақтап қалу үшін негізгі алдын алу шараларын білу қажет:
- Жануарлар күтіміне байланысты барлық жұмыстарды, әсіресе төлдеу науқанында арнайы қорғаныш киімдерін (арнайы киім, аяқ киім, қолғап) киюмен жүргізу, бруцеллез ауруының алдын алу және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау;
- Тағам ретінде сапалы термиялық өңдеуден өткен ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін қолдану;
- Ветеринарлық анықтамасыз сүт және сүт өнімдерін бейберекет сауда орындарынан ешқашан сатып алмау;
- Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау;
- Малды жайлауға шығарар алдында міндетті түрде бруцеллезге тексерту.
Ардақ Ешкенова,
Жетісу облысы СЭБД аса қауіпті инфекцияларды
және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау
бөлімінің бас маманы
Фото: kstnews.kz





