«Атың барда жер таны желіп жүріп». Қазақтың осы бір айтылған сөзінде тереңдік жатыр. Ел аралап, жер көріп, жұртпен тығыз байланыста болып, әр елді мекеннің тарихына үңіліп, тұрғындарымен сырласқанға не жетсін?! Бүгінде шартарапты шарлап, оны әлеуметтік желіге жүктеу арқылы өзі ғана емес, басқалардың да тамашалауына мүмкіндік жасап жүргендер көп. Соның бірі «ТикТок» арқылы жақсы таныс, Тарбағатай аймағының Дөрбілжің ауданында 2003 жылы дүниеге келген Бүрлен Әділетқызы. Ол Қытайдың Үрімжі қаласынан велосипедпен Астанаға дейін жүріп өтіп, екі ел арасындағы достықты насихаттауға үлес қоспақ. «Jetіsý» газетінің тілшісі арнайы «WhatsApp» арқылы байланысқа шығып, шағын сұхбат ұйымдастырды.
– Велосипедпен қай уақыттан бері доссың? Әр отырғаныңда, жүргеніңде өзіңді қалай сезінесің?
– Бала кезімнен велосипед теуіп келемін. Оқуға барғанымда, басқа да шаруаларым болғанда міндетті түрде мініп жүремін. Велосипед үстінде өзімді еркін сезінемін. Тіпті кей сәтте көңіл-күйім болмай, бойымды жабығу мен торығу басқанда велосипед тебу арқылы өзімді қалыпқа түсіремін. Мен үшін велосипедтің орны бөлек. Жанымнан бір елі тастаған емеспін.
– Қазақстанға велосипедпен шығу ойы қалай келді? Осы жолғы жоспар қалай, қай жерден қай елді мекенге дейін және қанша күнде жүріп өтпексің?
– Велосипед арқылы Қазақстанға келу бұрыннан ойымда жүрген. Оған оқуым бөгет болды. Білім қорын жинау жолында барымды салдым. Биыл компьютер маманы есебінде университетті аяқтап, уақыт жағынан да еркіндік болды. Осы бір сәтті пайдаланып, жолға шығу жоспарын құрдым. Оның үстіне жақында ғана жолыққан екі елдің басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың нығаятындығын, туристік байланыстың дамитындығын айтты. Биыл «Бір белдеу, бір жол» жобасына 10 жыл толды. Екі елдегі визасыз режим орнағаннан бері саяхатшылар саны да артты. Өз тарапымнан, қолымнан келгенше қолдағым келді. Көптен бері мақсат құрып жүріп, бір күнде бел буып жолға шықтым. Мен Үрімжіден 21 шілдеде шығып, 13 тамызда Астанаға жеттім. Күніне 100-150 шақырым жол жүріп отырдым. Күннің ыстығы аздап қиындық тудырды. Қызуым көтеріліп, ауырған күндерім де болды. Бастапқыда жуан дөңгелекті велосипедпен шыққанмын, ол баяу жүретіндіктен артынша жіңішке дөңгелекке ауыстырдым. Жолда тас, әйнек кіріп доңғалағым жарылып, шынжырым істен шыққан кездер болды. Бәрін өзім жөндеп алдым. Таңғы бесте шығып, түнде демалып отырдым. Бәрі жоспарымдағыдай болды. Бұл менің Қазақстанға екінші келуім. Алғаш келгенімде тоғыз жаста едім.
– Өміріңдегі ұзақ сапар қайсы? Жоспарда тағы да басқа жерді аралау бар ма?
– Уақыт жағынан алып қарасақ осы жолғы сапарым, ал шақырым бойынша есептесек Қытайдың ішіндегі Шанхайға дейінгі саяхатты айтар едім. Әрине, келешекте басқа да елді мекендерді аралап көргім келеді.
– Жаркент, Алматы, Астанадағы қолдаушыларыңның күтіп алып, құрмет көрсетіп жатқанын көрдік. Әр тоқтаған жеріңде батасын беріп, тілегін айтып жатқан жұрт. Бұл веломарафоншыны өсірмесе, бойға қуат бермесе кері шегіндірмесі анық. Әр кездескеніңде нені аңғарып жатырсың?
– Жолымнан кездескендер мені қолдап, өздерінің ізгі тілектерін айтты. Бұл менің мерейімді өсіріп, мәртебемді жоғарылатып тастады. Әр тілектен күш алып, алға ұмтылысым да артты. Жаркенттен күтіп алған туыс-туғандарымнан бөлек, менің беталысымды, мақсатымды білген бейтаныс адамдар қолдау мақсатында тамағымды да төлеп кетіп, жолыма ақ жол айтып шығарып салды. Әр межені бағындырған сайын әлеуметтік желіге жүктеп отырғанмын, сол жерден көріп танығандар да қолдау білдірді. Халықтың ықыласын әр жерден сезініп келемін.
– «Тик-ток» әлеуметтік желісінде белсендісің. Ән де айтасың, би де билейсің. Саған ерекше әсер еткен ән және қандай бағыттағы билер ұнайды?
– Ән мен би кішкентайымнан келе жатқан әуестігім. Аудандымызда қыз ұзатылса тойларында ән айтып, қуаныштарында боламын. Биге келетін болсақ, маған қатты ұнайтыны – «Қара жорға». Ал әндерді дауысыма келетін болса, ұната беремін (күліп).
– Жолда жүріп уақыт тауып сұхбат бергеніңе рахмет!
Серік ҚАНТАЙ





