Арымнан асқақ еңселім, тарихымның бөлшегін, ғұмырымның өлшемін сенімен ғана өлшедім; буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында желбірей бер, Байрағым!
Аршын жолда азбадым, бұйрат бетте тозбадым, қасам ішкен заманда рухымды қозғадым, көкке қолды созғаным – сен үшін еді, Байрағым. Буыршын тайса таймадым, тайпалдым текті тұлпардай, қырандай қанат жайғаным, саңқылдағаным сұңқардай – желбіреуің үшін, Байрағым!
Сақараның зәуінде қырандайын қалқыдым, желді жыртып жөңкідім, алтын күннің астында саңқылдап шықса еркін үн, әр сәулені қауырсын қанатыммен желпідім, жиегіме мың жылдық ою салдым өткен деп, нышанымның әз түсін көгімдей еттім – көкпеңбек, қасиеттім, Көк туым!
…Хандардан биік адам жоқ – көкейінен сыр тамған, айтауыт асыл сөз күттім батыр, би мен сұлтаннан, ғасырлардың көшінде жыраулардай термелеп, ақындардай «ел» деп ек, содан шығар әлі де көкірегіме жыр толған, елдігімнің нышаны сен емес пе ең, Елтаңбам?!
Мұғдары дәуір деп білгем ерге қонса ер таңнан, ел мен жерді қорғаса тер ағызып тұлпардан, тілеуін тәңір Алаштың жомарттықпен бер таңнан, елдігіме айғақ боп, шаңырағы – тұрағы, қос қанатты пырағы, мемлекет атын бедерлеп, жарқырай бер әманда мыңжылдықтың нышаны – айбарлы алтын Елтаңбам!
Алтын дәнін уыстап, алтын күннің астында азатпын деп тыныстап, саусағымды салалап, алақанымды айқарып, қолыма Көк ту ұстап, Елтаңбама иіліп, Жаратқан хаққа сыйынып, Гимнімді шырқадым, бір асқақ, ұлы ән іздеп. Шүкір, тәубе, бүгінде құндылығымды қастерлеп, көкірегімді жас кернеп, жылдардың ұлы бір күнін мереке еттім – «Рәміз» деп…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





