Ел халқының қарызы өсіп барады. 2022 жылы қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызы 10,7 трлн. теңге болған еді. Былтыр бұл соманы халық 14,1 трлн. теңгеге жеткізді. Ал, биыл ше? Биыл сол сомаға тағы 4,1 трлн. теңге қосылды. Халық бұл несиенің 452 млрд. теңгесін кешіктіріп отыр. Төленбеуде десек те болады. Осынша соманы 1,7 млн. халық төлей алмауда. Кешіктіру мерзімі 90 күннен асқан. «Қарыз күліп кеп, жылап қайтады» дегенмен, халық қарыздан қорықпайтын деңгейге жеткен. Себебі, тұрғындар кез келген затты қарызға ала салуға ниетті. Тек банк несие берсе жеткілікті. Тіпті, азық-түлікті де қарызға рәсімдеуге көшкен.
Саралап қарасақ, халықтың биылғы қарызы 18,2 трлн. теңге болса, оның 10,3 трлн. теңгесі тұтынушылық несие екен. Қалған 5,4 трлн. теңгесі ипотека, 2,5 трлн. теңгесі өзге мақсатқа алынған. Адам шошырлық цифр. Ал бұл сан неліктен өсуде? Халық әлеуметтік жағдайын несиемен қалыптастырып жатқандай көрінеді. Мына, қызықты қараңыз, микроқаржылық ұйымдар да екінші деңгейлі банктерден қалыспауда. Онсыз да тығырыққа тірелген халықты қарыз беріп тұқыртқысы келгендей 190 млрд. теңге қарыз берген. Сабылған жұрттың талайы осы ұйымдар алдындағы да берешегін бере алмауда. Мемлекет басшысының өзі: «Елімізде 1 млн. адамның табысы күнкөріс деңгейіне де жетпейді» деген еді. Соған қарамастан банктер мен қаржылық ұйымдар халықтың қалтасын қағып табыс тауып отыр деген сөз.
Айтпақшы, онлайн несие де халыққа сор болып отыр. Қалай дейсіз ғой? Заңды сұрақ. Өзімізше жауап беріп көрелік. Банкті қайдам, бірақ халықты байытпайтындар жұртты әбігерге салуда. Алаяқтардың да қарапайым тұрғынның атынан несие алып, ізін суытып жүргенін құзырлылар мен халық та жақсы біледі. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, былтыр 231 жетісулықты алаяқтар сазға отырғызған. Қаржылық пирамидалардан өзге әккілер талайдың атынан онлайн несие рәсімдеп сан соқтырған. Жыл басынан бері өңірде алаяқтар 200-ге жуық киберқылмысты жүзеге асырған. Бір ғана микрозайм алудың өзі өршіп тұр. Біреудің атынан осындай қаржылық ұйымдардан 17 мәрте қарыз алған. Ал, екінші деңгейлі банктерден алаяқтықпен несие рәсімдеу тіптен өскен. Осыған қарап ел билігі неліктен халықты киберқылмыстан арашалау үшін онлайн несие рәсімдеуді доғартпайды деген сауал санада аттай тулайды. Тұрғындардың өздері банктік құпия ақпараттарды таратуы сеп дегенмен, оларды алаяқтарға жем болмауын қамтамасыз етуі де керек шығар?!
Хош, халықтың қарызы өсе түсуде. Кей сарапшылар қарызды оңды-солды ала беруге тұрғындардың еті үйренгенін алға тартып отыр. Осы ретте «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жасақтаған еді. Мақсаты да түсінікті, халықтың қаржы жұмсау сауатын ашуды көздейді. Бүгінде өңір халқы сапынан 2506 тұрғын жобаға қатысып, ақша жұмсауды үйреніпті. Жобаның өңірлік жетекшісі Замзагүл Сламбекова жыл соңына дейін 4500 жетісулықтың қаржылық сауатын ашуды көздеп отырғанын жеткізді.
– Жобаның 10-легі аяқталып, қатысушылар сертификаттарын алды. Бұл жоба жыл соңына дейін жалғасып, әлі 4000-4500 адамды қамтып, тегін қаржылық сауатын арттыруға ниеттіміз. Біздің мақсат – мәселелік берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру, қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйрету. «Қарызсыз қоғамға» несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар және Жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатысуда, – дейді Замзагүл Сламбекова.
Көптің сөзіне құлақ түрсең қаптаған қарыз, ар-намысты таптаған қарыз, соттаған қарыз… Біреу жүр несиеден боп зәрезап, біреу жүр кредиттен көріп бір азап. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауат ашу арқылы елдегі қарыз адамдарды азайтуды көздейді. Мақсатына жетсін деген ниеттеміз. Өйткені әр отандасымыз қарыз емес, бай болуға лайықты.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: baq.kz





