Алакөл ауданы Ақши ауылындағы құрылыс нысандарының бірінде профилактикалық іс-шараларды жүргізу барысында көрші мемлекеттің 14 азаматынан тұратын топ ұсталды.
Тексеру барысында олардың барлығы Түрікменстан Республикасының азаматтары екені анықталды. Шетелдіктердің ешқайсысы еңбек қызметін жүзеге асыруға қандай да бір рұқсат құжатты көрсете алмады. Барлығы Қазақстан аумағына қонақ визасымен келген, алайда іс жүзінде Ақши ауылындағы демалыс аймақтарының құрылысымен айналысқан. Осыған байланысты әрбір ұсталғанға қатысты жинақталған материалдар соттың қарауына жіберілді.
– Сот шешімімен Көші-қон заңнамасын бұзған шет- елдіктер айыппұл мен әкімшілік қамауға алу түрінде жауапқа тартылды. Шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз етпеген жұмыс берушіге қатысты шаралар қабылдануда, – деді полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков.
Айта кетейік, былтыр аймақтағы көші-қон заңнамасымен 5380 адам жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзушылардың 1749-ы шетелдік азаматтар болса, 3631-і қазақстандықтар.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Фото: sputnik.by





