Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында замандастарымыз үшін өзекті саналатын көптеген сұрақтарға нақты жауап берді. Солардың қатарында Қазақстанда АЭС, яғни атом электр стансысын салу қаншалықты қажет деген мәселе де бар.
Мәселеге объективті түрде қарайтын болсақ, елімізде АЭС салу қажеттігі ешқандай күмән тудырмайды. Экономикамыз дамып, заман ілгерілеген сайын электр энергиясына деген зәруліктің өсе түсетіндігі өз-өзінен белгілі. Ондай қажеттіліктің орнын қаншалықты қарқынды дамып келе жатса да болашақта салынатын жел, күн электр стансыларының қуаты жаба алмайды. Ал көмір мен басқа да отынды пайдаланатын, сөйтіп ғаламдық жылынуға себеп болған парниктік әсердің күшейе түсуіне әсер ететін жылу электр стансыларының күні өтіп барады. Алдағы уақытта мұндай отынды пайдаланатын мемлекеттер инвестицияға қолайлы елдер тізімінен алынып тасталатын болады. Еліміздегі 220 электр стансысының 144-і жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтінін, ондағы жабдықтардың орташа тозуы 56%-ды құрайтындығын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігінің арта түсетінін көреміз.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы жайттардың бәрін ескере келе Қазақстанда 2030 жылға қарай электрді өндіру қуатының жеткіліксіз болатынын, қазірдің өзінде 6 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы байқалатынын Үкімет отырысында мәлім етті. Министрдің «Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі электр қуаты тапшылығының көлемі шамамен 4 ГВт жаңа қуаттарды іске қосқанның өзінде 6 ГВт-тан асады. Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуатының тапшылығы болатынын көрсетті», – деген тұжырымы ойландырмай қоймайды.
Мұның барлығы елімізде АЭС салу мәселесінің жайдан жай көтеріліп отырмағандығын, оның нақты өмірлік қажеттіліктен туындағанын көрсетеді. Президентіміз содан кейін де аталған сұхбатында мәселенің мәнісіне кеңінен тоқталып, жай-жапсарын түсіндіріп өтті. «Қазақстан үшін таза атом энергиясының маңызы зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн» деген тұжырым көп жайттан хабар береді. Жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір кесуді талап ететін осынау күрделі мәселеге орай айтылған «…нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн» деген әңгіме бұл орайда әлі де қаншама талқылаулар мен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар өткізілетінін көрсетеді. Демек, АЭС салуды қолдайтындармен қатар оған қарама-қайшы пікірдегі отандастарымыздың пікірлері де ескеріліп, сарапқа салынатын болады.
Сұхбатта айтылғандай, қоғамымызда атом электр стансысы құрылысына үзілді-кесілді қарсы болып жатқандар да бар. Ондай қарсылықтың да жайдан жай туындамағаны белгілі. Өйткені көпшілік қауым Семей ядролық полигонының қасіретін жан-жүректерімен сезінді. Замандастарымыз Чернобыль АЭС-індегі, Фукусимадағы апатты да ұмыта қойған жоқ. Мемлекет басшысы атап өткендей, назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Содан кейін де алдағы уақытта өткізілетін, атом электр стансысын салу-салмау жайы шешілетін жалпыхалықтық референдумда мұндай пікірлердің барлығы есепке алынып, мәселені жалпы көпшілік шешетін болады. Мұның бәрі елімізде жаңа да Әділетті Қазақстанның құрылып, шын мәніндегі демократиялық қоғамның орнап жатқанын айғақтайды.
Тақырыпқа орай әлемде қалыптасқан жағдайға тоқталатын болсақ, атом энергетикасын негізінен дамыған елдердің тұтынып отырғанын көреміз. Олардың арасынан көшбасшы ретінде дараланған Францияны атап өтуге болады. Аталған мемлекетте АЭС өндіретін электр энергиясы жалпы көлемнің 69%-ын құрайды. Өз кезегінде бұл көрсеткіш Бельгияда 50,8%, Швецияда 30,8%, Швейцарияда 28,8%, Оңтүстік Кореяда 28%, АҚШ-та 19,6%, Ұлыбританияда 14,8%, Канадада 14,3% болып отыр. АҚШ-та 92, Канадада 19, Қытайда 55, Францияда 56, Жапонияда 21 реактор электр энергиясын тұрақты түрде өндіреді.
Ғалымдар электрмен жабдықтау саласында атом энергетикасы барған сайын маңызды рөл ойнайтын болады деп тұжырымдауда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұның өзіндік себептері де жоқ емес.
Жалпы атом энергиясын генерациялау деңгейі әлем бойынша алғанда 2012 жылдан бері тұрақты өсіп келеді. Бұл жерде 2020 жылы пандемия кезіндегі көрсеткіштің қысқа мерзімге төмендегені есепке алынып отырған жоқ. Нақтырақ айтатын болсақ, бір-екі жыл бұрынғы есеп бойынша 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт. болатын 56 реактордың құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде Беларусь, БАЭ, Бангладеш пен Түркия сияқты елдер өздерінің тұңғыш атом электр стансылары құрылысын жүргізуде. Ал Эстония мен Польша, Египет, Сауд Арабиясы мен Өзбекстан сияқты 5 мемлекет болса алғашқы атом электр стансыларын салу үшін қажетті инфрақұрылым дайындау үстінде. Өз кезегінде Чехия мен Болгария, Франция, Венгрия, Аргентина мен Бразилия қосымша реакторлар салу жөніндегі жоспарларын жариялады.
МАГАТЭ Орталық және Шығыс Азия өңірлерінде де атом энергиясын генерациялау деңгейінің өсе түсетіндігін жоспарлап отыр. Бұл өсудің негізгі драйвері Қытай болып қала береді. Ондағы алғашқы энергетикалық реактор 1991 жылы салынған болса, 30 жылдың ішінде мұндай реакторлар саны 55-ке жетті. Тағы 20-ға жуық реактордың құрылысы жүргізілуде.
Өз кезегінде Қазақстан да бұл орайдағы мүмкіндіктерді қарастырып, әлемдік тәжірибені зерттеу үстінде. Әйтсе де, жоғарыда айтып өткеніміздей, қайткен күнде де түпкілікті шешімді халықтың өзі қабылдайтын болады. «Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының тұжырымы бұл орайдағы таластардың барлығының нақты шешімі іспетті. Демек алдағы уақытта мұндай стансы салуды жақтасақ та, не болмаса жан-тәнімізбен қарсы болсақ та түптеп келгенде жалпыхалықтық референдумның нәтижесіне қарай көпшіліктің таңдауына бағынуымызға тура келеді. Оны жаңа да әділетті, демократиялық Қазақстанның таңдауы десек те болады.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист
Фото: gov.kz





