Құрылтай – Парламенттің жаңа атауы ғана емес, саяси шешім қабылдау мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қоғамдық-саяси институт. Егер дәстүрлі парламенттің қызметі негізінен заң шығару және атқарушы билікке бақылау жүргізумен шектелсе, Құрылтай саяси партиялардың, қоғамның және мемлекеттің мүддесін бір арнаға тоғыстыратын ашық диалог алаңы болады. Сондықтан оның тиімділігі қабылданған заңдардың санымен ғана емес, халықтың үнін қаншалықты естіп, қоғамдық сұранысты нақты шешімдерге айналдыра алуымен бағалануы тиіс.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заң шығарушы органдардың жұмысы қабылданған заңдардың көлемімен өлшенбейді. Керісінше, олардың халықпен байланысы, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы, саяси пікір алуандығын қамтамасыз етуі және қабылданған шешімдердің сапасы негізгі көрсеткіштердің бірі. Өйткені заң қоғамның нақты қажеттілігінен туындағанда ғана өміршең болады. Ал қоғамның сұранысын білудің ең тиімді жолы – азаматтармен тұрақты әрі ашық диалог орнату.
Құрылтай осы қағидаттарға негізделген жағдайда саяси жүйенің сапасын арттыратын маңызды институтқа айналады. Оның құрамына өткен партиялар сайлауалды бағдарламаларын, халыққа берген уәделерін және ел дамуына қатысты ұстанымдарын бір алаңда талқылайды. Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, ұлттық қауіпсіздік, құқықтық жүйені нығайту және өңірлердің теңгерімді дамуы секілді маңызды мәселелер бойынша ортақ шешімдер қабылданады. Әрбір партия өз бастамасының тиімділігін дәлелдеп, оның орындалуына саяси жауапкершілік алады.
Ең бастысы, Құрылтай халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын сенімді көпірге айналуы керек. Азаматтардың ұсыныстары мен талаптары жүйелі түрде талқыланып, заңнамалық шешімдерде көрініс тапқан жағдайда ғана қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі артады. Сондықтан Құрылтайдың негізгі миссиясы – саяси партияларды ортақ жауапкершілікке жұмылдырып, қоғамдық келісімді нығайту және ұлттық мүддеге қызмет ететін тиімді шешімдерді қалыптастыру.
Әділет ЕСАЛИЕВ,
«INNOVERSE TALDYQORGAN» жеке меншік мектебінің директоры





