Облыс бойынша бюджеттік ақшаны және экономикалық контрабанданы ұрлау деректері бойынша 3 адам іздестірілуде. Бұл жөнінде облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаев Журналистер үйінде өткен брифингте мәлімдеді.
2004 жылдың 23 қаңтарында Ескелді АІІБ-нің кассасынан белгісіз тұлғалар еркін кіру арқылы жалпы сомасы 22 млн. теңгені ұрлағаны туралы хабарлама келіп түскен. Бұл қылмысты жасағаны үшін Гүлбану Базылбаева айыпталуда. Айыпталушы 2004 жылы Ескелді ауданындағы Қазпоштада кассир болып жұмыс істеп жүрген кезінде Қанат Исабаев атты азамат екеуі тұрғындардың зейнетақысын жымқырған. Қылмыс жасалғаннан кейін екі азамат қылмыстық қудалау органдарынан қашып кеткен. Олардың тұрғылықты жері осы уақытқа дейін әлі анықталмаған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағы бойынша айыпталушыларға халықаралық іздеу жарияланды. Гулбану Нұрғызқызы 1979 жылы 9 мамырда, Қанат Нұриұлы 1962 жылы қаңтар айының 2-жұлдызында Алматы облысында туған.
Одан бөлек Панфилов ауданының тумасы Дәурен Төлебаев экономикалық контрабанда ісі бойынша іздестірілуде. Ол 2007-2011 жылдары Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының кедендік шегарасы арқылы аса ірі көлемдегі тауарлар мен заттарды көрінеу жалған құжаттар, жалған декларациялау және басқа да ауыр және аса ауыр қылмыстар жасау жолымен заңсыз өткізу мақсатында ҚР аумағында бола отырып, қылмыстық қоғамдастық құрған. «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттері арқылы жүк контрабандасымен байланысты қылмыстармен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі айыпталушы заңсыз тауарларды тасымалдап, мемлекетке айтарлықтай шығын келтірген. Айыпталушыға қатысты ҚР ҚК 209-бабы 3-бөлігі және 235-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып, «Күзетпен ұстау» шарасы салынып және халықаралық іздеу жарияланды. Дәурен Төлебайұлы 1977 жылы 29 қазанда дүниеге келген.
– Біз іздестіруді аудан-қалалардағы жұртшылық білсін деп БАҚ өкілдеріне сұхбат берудеміз. Іздестіріліп жатқан адамдардың жүрген жері туралы ақпарат алынған жағдайда іздестіру бастамашысына облыс бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуларыңызды сұраймыз. Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі, – дейді Ербол Құрманбаев.
Мекен-жайы: Талдықорған қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 48. Байланыс телефондары: 8-7282-24-11-25, 8-707-343-42-10, (кезекші бөлім, тәулік бойы), іздестіру бөлімі 8-707-222-20-58.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: halyq-uni.kz





