Былтыр Жетісу өңіріне арнайы сапармен келген ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев еліміздегі заңдардың саяси реформалар мен қоғам талабына сай түрленіп, жетіліп жатқанын айтқан. Айтқандай-ақ, биыл бұрын-соңды болмаған, таңсық заңдар қолданысқа енуде. Мәселен, ендігі ретте көлік жүргізушілер ұсақ жол оқиғаларына полицияның және соттың қатысуынсыз сақтандыруды рәсімдей алады. Ол үшін мемлекет «Еурохаттама» мобильді қосымшасын әзірледі. Осы қосымша арқылы көлік жүргізушілері жол-көлік оқиғаларын тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
«Еурохаттама» арқылы көлік апатын тіркеудің өз шарты бар. Әуелі мобильді қосымша телефонға (App Store-дан және Google Play-ден жүктеп алуға болады) жүктеліп, жүргізуші сол қосымшаға тіркелуі тиіс. Сосын жол-көлік оқиғасы екі көлік құралының қатысуымен орын алуы керек. Мұнан соң жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Әрине, «Еурохаттамаға» жүгіну үшін қос тарап арасында зардап шегуші мен кінәліні анықтауда дау да болмауы да маңызды. Бастысы, жол-көлік оқиғасы салдарынан денсаулыққа залал келмеуі және келтірілген шығын көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 369 мың теңгеден аспауы тиіс. Осындай жайттардан соң қосымшаға жол-көлік оқиғасының бейне және фото материалдары жүктеледі. Айта кетерлік жайт, қосымшаны пайдалану үшін жол апатына түскендер жақын маңдағы полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады.
Жалпы, «Еурохаттаманың» артықшылығы жетіп-артылады. Біріншіден, көлік кептелісі төмендейді. Әдетте жол-көлік оқиғасы орын алғаннан кейін жүргізушілер тәртіп сақшыларын күтіп, көліктерді оқиға орнынан қозғамайтын. Бұл өзге жүргізушілерге қолайсыз жағдайлар туындататын. Енді жол-көлік оқиғасы орын алған соң қос тарап «Еурохаттамаға» өтініш беруі жеткілікті. Екіншіден, жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершіліктен құтылады. Үшіншіден, сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Бұрын төлемге қол жеткізу үшін 30 және 90 күн аралығында күтуге мәжбүр болса, ендігі ретте хаттама тіркелген сәттен бес күн өтсе жеткілікті.
Құрметті оқырман, «Еурохаттама» қосымшасы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда өзіңіздің сақтандыру компанияңызға, болмаса «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың бірыңғай call center-іне +7 (727) 339 31 88 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
М. Мақсым
Фото: dknews.kz





