Кезінде құлагер ақын Ілияс Жансүгіров «Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың» деп тебіренген еді. Сол айтқандай ағынды Ақсу өзені арнасының кемеріне келіп ел игілігін тасытатын, соған орай аттас ауданның мерейінің де тасыйтын кезі әлі де болса алда деген тұжырым көңілге оралмай қоймайды. Мұндай тұжырым аталған аудан әкімі Берік Тынышбаевпен емен-жарқын әңгімелескен шақта ойымызға оралды.
«Айран сұрай келіп шелегіңді жасырма» дегендей, Ақсуға келгендегі негізгі жұмысымыз облыстық «Jetіsý» және «Вестник Жетісу» газеттерін насихаттау болғандықтан әңгімені баспасөзге жазылу жайынан бастаған едік. Тілшілерді жылы жүзбен, жадыраңқы көңіл-күймен қарсы алып, әңгіме тізгінін де бірден қолға алған аудан әкімі бұл орайдағы күмәнімізді сейілтіп, баспасөзге жазылу жұмыстарының қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
– Әрине, бұрынғыдай жаппай міндеттеу деген болмайды. Бұрындары ұзынсонар тізім болып келетін жазылуға тиіс газет-журналдардың қатары отыздан асып, қырыққа жуықтап қалушы еді ғой. Қазір ондай міндеттеудің ауылы алысқа кетті. Сонда да болса жерлестерімізге ауданымыз бен облысымыздағы, еліміздегі болып жатқан жаңалықтардан жүйелі хабар беріп тұратын басылымдарға жазылған жөн деген жалғыз сөзді айтпасақ бола ма? Бұл мәселені ешкім міндеттеу деп қабылдай қоймайтын шығар. Содан кейін де газеттеріңізге әрбір мемлекеттік қызметкер, бюджеттік мекеме жұмысшылары жазылады деген ойдамын, – деген Берік Тынышбайұлы сөз орайында мерзімді басылымдар жөніндегі пікірін де білдіре кетті.
– Жасыратыны жоқ, біздің тұрғындар жағдайын жақсарту бағытында атқарып жатқан жұмыстарымыздың барлығы жұртшылыққа баспасөз арқылы жетіп жатады. Облыстық телеарна игі шараларымызды сол сәтінде жарқ еткізіп жарыққа шығарса, аудандық, облыстық газеттеріміз келесі күні сол шараның жай-жапсарын жүйелі жазып, оқырманға жан-жақты ақпарат береді. Бас-аяғы 1-2 минуттық, көп ретте басы бар, аяғы жоқ мәлімет тарататын әлеуметтік желіні бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстыруға бола ма? Шаруа қожалығының жұмысын жарқырата көрсетсеңіздер еңбек адамының да мерейі өсіп, құлшынып қалатыны рас қой. Қант зауытының жұмысын түсіріп, жазамыз деп отырсыздар, бұл да сол орайдағы жұмыстарға жатады, – деген орынды пікір, байсалды тоқтамға біз де бас шұлғыдық.
Берік Тынышбайұлы келесі кезекте аудан аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайынан хабар бере кетті. Бұл орайдағы әңгіме жаңа ғана сөз болған қант зауытының жұмысынан басталды.
Облыс әкімінің көмегімен қайта құрылымдаудан өткен зауыт биылғы жылы іске қосылып, жұмыс істей бастады. Айналадағы бірнеше аудан шаруаларының өсірген қызылшасын қабылдап алған өндіріс орны бүгінде 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын аудан орталығы үшін мұның қаншалықты маңызды екендігін айтып жатудың да қажеттігі жоқ сияқты.
Қызылшамен бір мезгілде сырттан әкелінген қант құрағы да өңдеуден өтеді екен. Мұның өзі зауыт жұмысын бірнеше айда аяқтай салмай тағы да әлденеше айға созуға мүмкіндік беретін жайт.
Өзеннің қос жағалауына каналдар мен құбырлар тартып, сол арқылы өңірге су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу жобасының да болашағы зор. Бұл ақиқатқа сапар барысында осы өңірге келген Су ресурстары мен ирригация министрі Н. Нұржігітовпен кездесу барысында тағы бір көз жеткіздік. Жоба толықтай жүзеге асқан кезде бүгінде әлемдік проблемаға айналып отырған су тапшылығы мәселесі бұл өңір үшін нақты шешімін табатын сыңайлы. Соған орай өндірілген өнім көрсеткіштері де еселене түспек. Мұның өзі өз кезегінде өңір тұрғындарының да әл-ауқаты арта түседі деген ақиқатты меңзейді.
Әңгімесінде осы жайтты да қозғаған аудан әкімі шаруашылықтың басқа да салаларының көрсеткішін келтіре кетті. Нақтырақ айтатын болсақ, биыл аудан аумағында 50 адам баспаналы болыпты. Тәуелсіздік күніне дейін тағы 10 пәтер пайдалануға берілмек. Бұған қаражатқа сатып алынған үйлерді қосатын болсақ, биылғы жылы 90 отбасының тұрғын үймен қамтылғандығын көреміз. Сол қатарда келесі жылға 60 пәтерлік үйлердің жобасы дайын екендігін де айта кеткен жөн шығар.
Білім мен мәдениет нысандарының құрылысы мен ағымдағы, күрделі жөндеулері жоспарға сай атқарылуда. Бұл орайда Көшкентал ауылында Мәдениет үйінің салынып жатқандығы алдымен ойға оралады. Бірқатар елді мекендер үшін, олардың қатарында Қапал ауылы да бар, ауызсу проблемасы шешілуде. Жолдар жасалып, қайсыбірі жоспарға сай жөндеуден өткізілуде.
– Балқаш көліне баратын жол талапқа сай салынып бітсе бірнеше ауылдың тіршілігі жанданады. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, бұл жақсылықтың да ауылы алыс емес секілді, – дейді Берік Тынышбайұлы.
Иә, көптен күткен бұл жол бітсе, Балқаш көлінің жағалауына талапқа сай инфрақұрылым салынса жалғыз Ақсу мен Сарқан аудандары емес, Талдықорған қаласы мен осы өңірдегі басқа аудандардың да тіршілігі анағұрлым жандана түсері анық. «Алыстан арқалағанша жақыннан дорбала» деген тұжырымды ұстанған облыс орталығы тұрғындарының біразы жаз кездерінде алысырақтағы Алакөлден бұрын таяқ тастам жердегі Балқаш көлін бетке алатыны қазірден белгілі емес пе?!
Аудан әкімімен болған еменжарқын сұхбаттан кейін біздерді асыға күтіп отырған оқырмандарымызбен жүздесуге асықтық.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ





