Кей адамдардың өмірі артында қалған ізімен өлшенеді. Журналист Рахат Мамырбек сондай азаматтардың бірі еді. Ол қаламына адал болды, мамандығына жауапкершілікпен қарады, айналасына адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Көпшілік оны журналист ретінде таныса, жары Шолпанай Өмірбекқызы үшін ол ең алдымен өмірлік серігі, балаларының қамқор әкесі, шаңырағының берекесі еді.– Өткен өмір жолыма көз жүгірткен сайын жүрегімді сағыныш кернейді…
Шолпанай сөзін осылай бастады. Бір сәт үнсіз қалды. Сәлден кейін өткен өмірінің парақтарын ашып, жүрек түкпіріндегі ойларымен бөлісті.
– Алматы облысы Кеген ауданының Кіші Жалаңаш ауылында дүниеге келдім. Жеті балалы Матаевтар әулетінің ортаншы қызымын. Ата-анамыз қарапайым еңбек адамдары болды. Әкем Өмірбек Матаев өте шебер механик еді. Қандай техниканы болса да бөлшектеп, қайта жинап шығатын. Мінезі тік болғанымен жүрегі жұмсақ-тын. Әскерден келген соң өзінен он жас кіші анамыз Бағила Сырғабаеваны алып қашып үйленген. Әуелде нағашыларымыз қарсы болғанымен кейін екі жастың шынайы сезіміне түсіністікпен қарап, батасын берген.
Біздің үйде білімге ерекше көңіл бөлінетін. Балалардың дені математикаға бейім болды. Үлкен әпкем Қарлығаш Өмірбекқызы жетінші сыныптан кейін ауылдағы талай баланың арманы болған Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсті. Кейін сол жолды мен де жалғастырдым.
Ал бала күнім ер балалардан бір кем өткен жоқ. Джеки Чанның фильмдерін көріп алып, өзімнен екі жас үлкен Ербатыр ағаммен күн сайын «жекпе-жекке» шығатынбыз. Үйдің ішінде кинодағы көріністерді қайталап, ата-анамызға көрсететінбіз. Сонда әкем: «Менің қызым нағыз батыр ғой!» – деп күліп отыратын. Оның сол бірауыз сөзі маған ерекше жігер беретін. Өзімді шынымен батыр сезінетінмін. Кейде ағаммен алысып жүріп қолын немесе аяғын шығарып жіберетін кездерім де болған. Қазір сол күндерді күле отырып еске аламын, – деп тебіренген жақсының жары әкесінің балаларына өмірді адалынан сүру керектігін әрдайым құлақтандырып отырғанын айтты.
– «Жаны бар мақұлықты себепсіз өлтірмеңдер. Көк шөпті де орынсыз жұлмаңдар» деп жиі айтатын. Табиғатты аялауды, адам туралы жаман ойламауды, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуді санамызға сіңірді. Сол тәрбиенің арқасында бәріміз рухани бай болып өстік. Ал ата-анамыздың бір-біріне деген сыйластығы біз үшін үлкен өнеге болды. Олар ешқашан махаббаттарын сөзбен дәлелдеуге тырысқан емес. Бірақ күнделікті тіршіліктің өзінен бір-біріне деген құрметі мен қамқорлығы анық сезілетін. Қазір ойласам, біз көріп өскен ең үлкен тәрбие де сол екен.
Үйімізден газет-журнал үзілген емес. Әкем қара жұмыс істесе де кітап пен баспасөзден бас алмайтын. Елдегі жаңалықтың бәрін қалт жібермей оқып отыратын. Сол ортаның әсері болса керек, кітап менің де өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бала кезімнен түнмен таласып кітап оқитынмын. Сондай кездері әкем: «Жарықты өшіріп, демал», – дейтін. Ол кезде әкеме іштей ренжитінмін. «Ертең өз балаларым болса, ешқашан бұлай демеймін» деп ойлайтынмын. Бүгінде түсінемін. Әкем мені кітаптан тыйған жоқ. Қызымның денсаулығы сыр бермесе, ұйқысы қанса деген әкелік алаңдаушылығы екен… Кітапқа деген қызығушылығым жыл өткен сайын арта түсті. Мектеп кітапханасына барған сайын қолыма түскен шығарманың бәрін оқып шығуға тырысатынмын. Кейде бір кітапты аяқтамай жатып, екіншісін бастап кететінмін. Бесінші сыныпта кітапханадағы сөрелерге қарап тұрып: «Осы кітаптардың бәрін оқып үлгерсем ғой…» деп жылағаным әлі есімде.
Алматыдағы физика-математика мектебінде оқып жүргенде «Қылмыс» атты романды оқыдым. Әр тарауын ерекше толғаныспен қабылдайтынмын. Кейіпкерлердің тағдырын өз өмірімдей сезінетінмін. Бір күні тарих сабағында кітапты парта астына жасырып оқып отырып жылап қалыппын. Мұғалім байқаса да үндеген жоқ. Қазір ойласам, әдебиет мені адам жанын түсінуге үйреткен екен.
Анам құрақ құрап, тоқыма тоқитын өте ісмер адам еді. Бір күні тете сіңлім екеумізге жүн түтуді тапсырды. Сіңлім шай қоюға кеткенде оның түткен жүнінің бір бөлігін өз жағыма тартып алып, орнына түтілмеген жүнді салып қойғаным бар. Бар ойым жұмысты тезірек аяқтап, кітап оқуға уақыт табу еді, – деп ақтарылған кейіпкеріміз білім алуда да алдына жан салмапты.
– Мұғалім тапсырманы айтып болғанша жауабым дайын тұратын. Бақылау жұмысын бірінші болып аяқтап, кейін сыныптастарыма көмектесетінмін. Олар маған тәттілерін беретін. Сөйтіп, бастауыштан-ақ өзімше «бизнес» жасап жүрдім.
Әпкемнің ізімен физмат мектебінде білім алдым. «Осы білім ордасында оқисың» дегенде еш қарсыласпадым. Дегенмен қаланың беймаза әлемі жаныма тыныштық бермейтін-ді. Ауылда жүргенімде кітап оқып, достарыммен ойнап, домбыра шертіп, ән айтумен өтті. Алматыға келген соң бәрі өзгерді. Бір күннің ішінде есейіп кеттім. Әпкемнің тәрбиесі де өте қатаң болды. Ал әкем бәрін түсіндіріп, не нәрсені де ақырын айтатын. Қаланың өміріне бейімделуім өте қиын болды. Әркідік үйімді, ата-анамды, бауырларымды ойлап сағынатынмын, – дейді Шолпанай.
Алайда табиғатынан берілген қайсар мінезі ешнәрсеге де мойымай, іштегі сағынышын жан адамға сездірмей, білімге деген құлшынысқа айналдыра білді.
– Қиналсам да «қолымнан келмейді» демедім. Керісінше, өзімді дәлелдеуге тырыстым. Ауылдан келген қыздың да ешкімнен кем емес екенін көрсеткім келетін. Табандылығымның арқасында мектепті жақсы аяқтап шықтым. Бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне түстім. Бұл жолы да шешім қабылдауда әпкемнің ықпалы басым болды. «Осы мамандыққа түсесің» дегенде қарсы болған жоқпын. Менен гөрі оқуға түскеніме әпкем қатты қуанды. Төрт жыл бойы университет қабырғасында білім алып, қолыма диплом алдым. Бұдан кейін магистратураға түстім. Содан 2002 жылы Рахатпен таныстым.
Бізді таныстырған адам «Екеуің бір-біріңе қатты ұқсайсыңдар» деп айтатын. Оны алғаш көргенде жанарына назар аудардым. Себебі әзілдеп: «Көзі үлкен, жүрек көзі одан да үлкен жігіт кездессінші» деп айтушы едім. Рәкеңді көргенде сол сөзім есіме түсті. Расында, оның жанары ерекше мейірімді еді. Алғашқы таныстық бірден махаббатқа ұласқан жоқ. Әуелі жақсы араласып, кейін достығымыз махаббатқа ұласты.
Сондай-ақ оның бойынан әкемді көретінмін. Екеуінің ұқсастығы өте көп еді. Мінездері де, өмірге деген көзқарастары да бір-біріне келетін. Бір дастарқан басында отыра қалса әңгімелері ерекше жарасатын. Әкем бір ойды бастап тоқтаса, Рәкең іліп әкететін. Кейде Рәкең тоқтаса, әкем жалғастырып кететін.Сырттай тыңдап отырсаң, бір адамның әңгімесіндей әсер қалдыратын. Ағаларым әзілдеп: «Күйеубаламыз атасынан аумайды екен» деп күлкіге айналдыра- тын, – деп ақтарылды ол.
Жас отбасының алғашқы қадамдары да көпшілікке таныс қарапайым қазақ отбасының тіршілігіндей басталды.
– Біз үйленген жылы Санжар Керімбайдың үйінде бес айдай тұрдық. Қазір ойласам, жоқшылық көрдік деп айта алмаймын. Керісінше, ең бақытты күндеріміздің бірі сол кездер екен. Бәрін бірге бастап, бәріне бірге қуанып жүрдік.
Екеуміз алғаш танысып, әңгімелескенде:«Шешеме қарасаң болды» деді. Мен де ойланбастан «Әке-шешеге қарау – бала мен келіннің де парызы ғой» деп жауап бердім. Кейін осы сөзімді жиі еске алып, «Сол кезде сені басқа қырыңнан таныдым» деп айтып жүрді.
Кейде іштей ойлағаным Рәкеңнің ойымен сабақтасып қалатын. Сонда: «Ол менің ойымды қайдан біледі?» деп таңғалатынмын. Екеуміздің дүниетанымымыз ұқсас болды. Көп нәрсеге бірдей қарайтынбыз. Кітап оқығанды да ерекше жақсы көрдік. Рәкең еңбекақысын алған сайын кітап дүкеніне соғатын. Бір күні үйге келіп: «Шолпан, саған сыйлығым бар», – деді. Басқа бір зат шығар деп ойладым. Сөйтсем, ертегілердің он томдығын алып келіпті. Кейін батырлар жырының он томдығын сыйлады. Одан соң «Абай жолын» әкелді. Мен қатты қуандым. Сонда Рәкең: «Сен шынымен кітапқа осынша қуанасың ба?» деп таңғалды. Мұны сіңліме айтсам «Екеуіңді Алла бекер қоспапты» дейді.
Оқыған кітаптағы кейіпкерлер туралы сағаттап сөйлесетінбіз. Кейде менің ойымды Рәкең жалғастырып әкететін. Ондай сәттерде өзімді ерекше бақытты сезінетінмін. Оның жұмысы өте қарбалас болды. Кейде түнгі он екіде келеді. Тамағын ішіп, үш-төрт сағат ұйықтайды да таң ата қайта жұмысына кетеді. Бірақ ешқашан шаршадым деген емес. Өз ісін ерекше жақсы көрді.
«Оқуыңды бітірген соң жұмыс істемейсің» деді. Алғашында таңғалдым. «Неге?» деп сұрадым. Сонда ол: «Менің анам өмір бойы мектепте жұмыс істеді. Үйдің тірлігі мен жұмыстың арасында жүрді. Біз анамызды күтіп өстік. Мен балаларымның сондай күй кешкенін қаламаймын. Сен үйде болсаң, сол маған жеткілікті дейтін», – дейді жақсының жары.
Рахат Мамырбектің есімі елге журналист ретінде кеңінен танылғанымен Шолпанай үшін ол ең алдымен үйіне асығатын жар, балаларының әр қуанышына ортақтаса білетін әке еді.
– Көпшілік Рәкеңді экраннан көрді, радиодан тыңдады. Ал мен оның үйдегі болмысын көрдім. Ол қызметін қанша жақсы көрсе де отбасын бәрінен жоғары қойды. Үйге келгенде жұмысты ұмытып, балалардың ортасына кіріп кететін. Әрқайсысымен жеке сөйлесіп, халін сұрап, еркелетіп отыратын. Балалардың әкелерін тағатсыздана күтетін кездері әлі күнге дейін көз алдымда…
Рахат Мамырбектің журналистік жолы ізденіске толы болды. Алғаш еңбек жолын радиодан бастап, «Ой түйін» бағдарламасын жүргізді. Кейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Күлтөбе» бағдарламасын тізгіндеді. 2007 жылы «КТК» арнасындағы «Алаң жұрт» бағдарламасында жүргізуші әрі редактор қызметін атқарды. Одан кейін «31 арнадағы» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болды. 2009-2012 жылдары «Алматы» телеарнасында еңбек етіп, «Өзге Алматы», «Пікірлер пирамидасы» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі болды. Ал 2012 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Азаттық» радиосында веб-редактор әрі «Еркін сөз» хабарының жүргізушісі болып қызмет атқарды.
– Рәкеңмен бірге он төрт жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кештік. Алла бізге бес перзент сыйлады. Әр баламыздың дүниеге келгеніне ерекше қуанды. Балалардың тәрбиесіне бейжай қарамады. Олардың әр қадамын бақылап, қолдап жүрді. Ол өте мейірімді әке болды. Төртінші баламыз дүниеге келгеннен кейін үйде отырмайын деп мектепке жұмысқа орналастым. Бірақ Рәкең онша разы болмады. «Мен кеткен соң жұмысқа шығасың» деді. Сөйтіп екі-ақ күн жұмыс істедім де оның көңілі қаламаған соң қайта шықтым.
…«Үйленгеннен кейін ауылда үш ай боласың» деп мені қалдырды да Алматыға кетті. Бірақ жиырма күннен кейін өзі келіп алып кетті. Кейде «мені сынағысы келді ме екен?» деп ойлаймын. Бірақ сол уақыттың ішінде оның туған ауылын ерекше жақсы көретінін түсіндім. Әр төбесін, әр тасын, әр соқпағын сүйіспеншілікпен айтатын. Ауылды сүюді мен Рәкеңнен үйрендім, – дейді ол.
Ал ата-енесі жайлы сөз қозғалғанда оның жүзінен ерекше құрмет байқалды.
– Ата-енем өмір бойы ұстаз болған адамдар. Екеуі де химия мен биология пәнінен сабақ берді. Рәкең отбасындағы үш баланың ортаншысы. Енемді әрдайым үлгі тұттым. Біз бірге ұзақ тұрған жоқпыз. Бірақ аз уақыттың ішінде көп нәрсе үйрендім. Балаларының жетістігін өз бақыты деп қабылдайтын жан ғой. Рәкең де анасын ерекше құрметтейтін. Мен де дұрыс келін болуға тырыстым. Шынымды айтсам, Рәкеңмен өткен өмірімнің әр күні бақытқа толы болды. Біздің ең үлкен байлығымыз – бір-бірімізді түсінуіміз еді. Кейде үндемей-ақ ұғысып кететінбіз. Сол үшін де өмірге ризамын.
Осы сөздерді айтып Шолпанай Өмірбекқызы тағы да үнсіз отырып қалды. Кей естеліктерді айту оңай емес-ақ…
– Рәкең соңғы бір жылда «Мен кетсем осы күндерді сағынып еске аласыңдар ғой…» деп жиі айтатын еді. Әзілдеп айтып жүрген шығар деп ойлайтынмын. Қазір сол сөздері қайта-қайта есіме түседі. Ол өмірден өткенде үлкеніміз небәрі он екі жаста, ал кішіміз алты айлық еді. Кетерінен бір күн бұрын соғым сойдық. Оған дейін екі ай бұрын істен шыққан кір жуатын машинаның орнына жаңасын алып берді. Кейін мініп жүрген көлігін сатып, жаңасын алмақ болды. Бізді ертіп барып көрсетті. Көліктің түсі аспан түстес екен. Қызым екеумізге қатты ұнады. «Осыны алайық па?» деп сұрады. Мен: «Өзің жүргізесің ғой, өзіңе ұнауы керек» дедім. Сонда: «Жоқ, саған ұнаса болды. Кейін сен мінесің ғой» деді. Жүргізуші куәлігін де бір жыл бұрын өзі алып берген. Қазір ойласам, бәрін алдын ала қамдап кеткендей көрінеді.
Сол күні жұмыстан хабарласып, «Шолпан, ет асып қойшы» деді. Үйге келіп, үстелдегі жемістен ауыз тиді. Сосын «Бір сағат жаттығуға барып келейін, келген соң бірге тамақтанамыз» деп шығып кетті. Марафонға қатысуға дайындалып жүрген кезі болатын. Спортпен үнемі айналысатын. Арада көп уақыт өтпей, қоңырау шалып: «Шолпан, мен жүгіру жолында жүгіріп бара жатып, біреу ту сыртымнан шүйдемнен қатты ұрғандай болды. Қол-аяғым істемей қалды. Тез келші», – деді. Барғанымша сыртқа шығып үлгеріпті. Үйге алып келдік. «Жедел жәрдем» шақырдық. Алғаш келген дәрігерлер «қатты шаршаған» деп қайтып кетті. Бірақ жағдайы жақсармады. Қайтадан «жедел жәрдем» шақырдық. Өкінішке қарай… ештеңе істей алмадық…
Осы тұста оның жанары жасқа тұнды. Бөлмені тағы да үнсіздік жайлады.
– Адам кейде өткен өміріне көз жүгіртіп отырып, өз бақытының қадірін кеш түсінеді екен. Мен бақытты болдым. Өйткені Рәкеңдей азаматпен тағдыр қосып, он төрт жыл бір шаңырақ астында өмір сүрдім. Ол маған тек жар болған жоқ. Өмірдің мәнін ұқтырды. Адамды құрметтеуді, ата-ананы ардақтауды, туған жерді сүюді, кітаппен дос болуды үйретті. Кейде өмірдің өзі ұстаз дейді ғой. Өмірімдегі ең үлкен ұстазым – Рәкең болды.
Қазір балаларымыз есейіп, оңды-солын таныды. Олардың бойынан әкесінің мінезін, сөзі мен ісін көрген сайын жүрегім жылып қоя береді. Әкелері жанымызда болмаса да оның тәрбиесі, айтқан ақылы, қалдырған өнегесі біздің өмірімізбен бірге жасап келеді. Өткен күндерді сағынбай тұра алмаймын. Бірақ тағдырыма өкпем жоқ. Керісінше, Алланың маған сондай азаматпен бірге өмір сүруді нәсіп еткеніне шүкіршілік ете- мін, – дейді Шолпанай.
Бәлкім, шынайы махаббаттың өлшемі де осы шығар. Адам өмірден өтеді. Бірақ оның адамдық қасиеті, мейірімі, отбасына сыйлаған жылуы мен жүректерге қалдырған ізі ешқашан жоғалмайды.
– Он төрт жыл бірге өмір сүрдік. Біреу үшін бұл аз уақыт шығар. Ал мен үшін бір ғұмырға татитын бақыт еді. Сондықтан өткен өміріме өкінішпен емес, сағынышпен қараймын, – деп түйді сөзін жақсының жары.
Сарби ӘЙТЕНОВА
Талдықорған – Алматы – Талдықорған





