Ұлттық банк «TEŃGEGE 30 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасына 30 жыл толады.
«TEŃGEGE 30 JYL» монетасының дизайны «₸» теңге белгісін пайдалану арқылы жасалған. Белгінің сол жағындағы ою-өрнек даму мен өркендеуді, сондай-ақ, ұлттық болмыс пен нақышты білдіреді. «TEŃGEGE 30 JYL» коллекциялық монеталары күмістен жасалған, сынамасы — 925/1000, өн бойында тантал да бар. Монета диаметрі — 50 мм, дайындау сапасы — proof, номиналы — 1 000 теңгелік, таралымы — 300 дана. Монетаның жалпы массасы — 84,32 грамм», — делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Ұлттық банк мәліметінше, коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады, сондай-ақ, елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынады, аударылады, ұсақталады, айырбасталады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалған.





