Осы уақытқа дейін Бермуд ұштағаны жайында қаншама әңгіме қозғалды десеңізші?! Аталған үштағанға жататын аумақта жұмбақ жағдайда кенеттен болған ұшақ апаттары, айдың-күннің аманында, яғни күннің шайдай ашық, ауа райының тымық кезінің өзінде ғайып болған кемелер жайындағы қиял-ғажайыпқа ұқсас баяндаулар жылдан жылға емес, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатыр деуге болады.
«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, мұндай әңгімелердің жайдан-жай туындамайтыны да бесенеден белгілі жайт. Ең бір таңғаларлығы, сондай жайттарды зерттеумен айналысқан белгілі ғалымдар мен жұртты дүрліктірген осындай апаттардың, басқа да жұмбақ құбылыстардың себебін анықтау үшін арнайы құрылған беделді комиссиялардың, жұмсарта айтқанда, адамды оншалықты сендіре қоймайтын байламдарға келуі дер едік. Мұндай байламдар көп ретте жалпы халықты тыныштандырып, жаңағыдай оқиғалардың нақты себептерін көпшіліктен жасырып қалу үшін ғана жасалынғандай әсер қалдырады. Сол себептен де болар, кей ретте дәл сондай оқиғалар болмаған деген де тұжырым жасалынып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатады…
Жоғарыда аталған Бермуд үштағанында орын алған оқиға да дәл сондай жұмбақ құбылыстардың қатарына жатады. Нақтырақ айтатын болсақ, сол аумақта 90 жыл бұрын жоғалып кеткен кеме біраз уақыт бұрын қайта көзге шалынып, көпшілікті дүр сілкіндірді. Ғайыптан тайып, солай демеске амал жоқ, оралған кемені 18 мамыр күні Кариб теңізінен Кубаның жағалау күзеті жолықтырды.
Шындығында кеменің сұлбасы содан бірнеше күн бұрын байқалған болатын. Теңізшілердің арасында кең тараған аңыздарда айтылатындай, елес-кеме сол күні Гавананың батыс жағындағы навигацияға тыйым салынған аймақта кенеттен пайда болды.
Кеме экипажымен қашықтан байланысудың сәті түсе қоймағандықтан оны ұстауға кубалық жағалау күзетінің үш бірдей катері жіберілді. Нақты тапсырмамен жолға шыққандықтан шегарашылар күтпеген жағдайдың қандайына да дайын болатын. Алайда көздеріне шалынған оқыс көрініс оларды естерінен тандыра жаздады. Тот басып, әбден ескірген кеменің өн бойынан қыбыр еткен тіршілік белгісі байқалмайды. Мұндай белгі кеме бортына көтерілген кезде де көзге шалына қоймады. Баяғыда, баяғыда болғанда әлденеше ондаған жылдар бұрын бос қалған каюталар, тот басқан траптар мен қираған немесе қирауға жақын тұрған жабдықтар… Адыра қалған нысаннан құлазыған бір көңілсіздік еседі… Бір қарағанның өзінде-ақ экипаждың бұл нысанды баяғыда тастап кеткені байқалады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, кейін нақтыланған мәліметтер бойынша табылған кеме Бермуд үштағанында 1925 жылдың 1 желтоқсанында жоғалып кеткен белгілі америкалық SS. «Cotopaxi» параходы болып шықты. Бір ғасыр бұрын жасалып, одан кейінгі кезеңде Бермуд үштағанының аңызына айналған параход соншама уақыт бойы қайда болды, осыншама уақыт ішінде неліктен бірде-бір теңізшінің көзіне шалынбады, тіпті әрі-беріден соң теңізде, мұхитта құтырына соққан мыңдаған дауыл кездерінде қалайша батып кетпеді, Куба жағалауына қалай, қайдан келді деген күрделі сұрақтардың бірде-біріне жауап табылмады… Табылған күннің өзінде, жоғарыда айтылғандай, себептермен оның жауабы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбады. Жауапты комиссиялар тіпті оқиғаның өзінің орын алғанын жоққа шығаруға тырысты.
Рас, кеме бортынан табылған капитанның күнделігі бірқатар жайттан хабар береді. Дәл сол кезде Clinchfield Navigation Company компаниясында қызмет атқарған капитан өз жазбаларында экипаждың күнделікті өмірінде орын алған әр жайтты дерлік мұқият тізбелейді. Күнделікті сонысымен де құнды деп бағалауға әбден болады. Алайда онда кеме командасының не жағдайға ұшырағаны, олардың бастарынан не өткені, қайда жоғалып кеткендері жайында ешбір дерек келтірілмейді.
Аталған құжатта, жоғарыда айтып өткеніміздей, кеменің жоғалып кеткеніне дейін тіркелген маңызды оқиғалар суреттеледі. Борт журналына ең соңғы жазба 1925 жылдың 1 желтоқсанында түскен екен. SS. «Cotopaxi» нақ сол күні апат белгісін таратып, содан кейінгі жерде байланыс үзілген…
Экипаж ең соңғы хабарламасында суға батып бара жатқандықтарын хабарлағандықтан кеме сол 1925 жылдың 31 желтоқсанында опат болған кемелер реестріне енгізіледі. Осылайша «Суға батып кетті» деп есептелген кеме Бермуд үштағаны жайлы аңыздың құрамдас бөлігіне айналады.
Борт журналының су мен жел, күн көзі тимейтін арнайы орынға қойылатындығы белгілі. Соған қарамастан оның сонша уақыт бойы сақталғандығы да таңғажайыптардың қатарына жатады. Бір сөзбен айтқанда, кеме мен оның экипажының басынан өткен оқиға тылсым сырға, құпияға толы жайт. Осы жерде күнделіктің шынайылығын кубалық сарапшы Родольфо Крус Сальвадордың растағандығын да айта кеткеніміз жөн шығар.
SS. «Cotopaxi» 1925 жылғы 29 қарашада теңізге Оңтүстік Каролинадағы Чарльстон портынан шығады. Сол сәтте кеме бортында капитан Майер бастаған 32 теңізші болған екен. Параход Кубаның астанасы Гаванаға 2.340 тонна көмір жеткізуі тиіс еді. Өкінішке қарай, экипаж сапары небары екі күнге созылып, жаңағыдай жұмбақ жағдаймен аяқталған.
Кубаның жоғары лауазымды басшылары жұмбақ кеменің жоғалып, қайта табылуының сырын ашамыз деген уәде бергендерімен бұл мәселенің түйіні әлі қойылған жоқ. Мұндай құбылыстардың сыры көпшіліктен құпия ұсталатындықтан да шығар, түйіні жақын арада қойылмайтын да сияқты…
Бермуд пен Майами және Пуэрто-Рико аралығындағы аймақты қамтитын Бермуд үштағанында ондаған ұшақтар мен кемелердің із-түзсіз жоғалып, хабарсыз кеткендіктерін айтып өттік. Олардың көпшілігінің нақты тағдыры осы күнге дейін белгісіз. Ғалымдар оны сол ұшақтар мен кемелерді басқарған адамдардың қателіктері, не табиғи жайттардың әсері деп дәлелдеуге тырысса, уфологтар барлығын тылсым құбылыстармен, тіпті жатпланеталық өркениет өкілдерінің іс-әрекеттерімен байланыстырады. Шындықтың негізінен талас барысында туындайтындығын ескеретін болсақ, екі тараптың да тұжырымдарын толықтай жоққа шығаруға болмас.
Қалай болғанда да SS. «Cotopaxi» кемесінің араға 90 жыл өткеннен кейін ғайыптан пайда болуы ғылыми қауым арасында үлкен қызығушылық туындатты. Ендігі жерде оны экипаждың қателігі немесе табиғи жайттардың әсері деп дәлелдеуге болмайтыны анық. Соған орай ғалымдардың да пікірлерін өзгертіп қалуы ғажап емес қой…
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Жетісудың» ардагер журналисі





