«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқы Тілдер күні мерекесі Талдықорғандағы Оқушылар сарайында аталып өтті.
Басқарма басшылары, тіл жанашырлары, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысқан «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль шымылдығы театрлық қойылыммен түрілді. Онда өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде ән шырқап, өлең оқыды. Өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Жиын барысында сөз сөйлеген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ермек Ақшабаев көпшілікті тіл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Фестиваль аясында өңірімізде тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған бағдарламаның сапалы орындалуына және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген сала үздіктері мен құндылықты қастерлеп жүрген жандар марапатталды. Оларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитетінің, облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде дүниеге келген мектеп табалдырығын биыл аттаған 5 бүлдіршінге 50 мың теңгелік сертификат берілді.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.
Медет ЖҰМАБАЙ





