Алматыда робототехникадан «Әлемді біріктіреміз» атты республикалық олимпиада өтті. Жарыста облысымыздың намысын қорғаған Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы жеңімпаз атанды.
Байқаудың мақсаты – күнделікті өмірде адамдарға қамқорлық танытып, қызмет көрсететін роботтарды жасақтау. Бұл орайда жаттықтырушы, информатика пәнінің мұғалімі Николай Авдюниннің жетекшілігімен Талдықорғанның NIS командасы екі жобаны ұсынды. Екеуі де «Future Innovators» аталымы бойынша үлкен және орта жас топтарында 1-орынды жеңіп алды.
9-сынып оқушылары Диана Хасимова мен Илья Стасюков контейнерлерді сұрыптауға және қайта тиеуге арналған теңіз логистикалық терминалының прототипін жасады.
– Сауда-саттықтың 80 пайызы мұхиттар арқылы жүзеге асады. Бірақ, жөнелту портына келетін барлық контейнерлерді ұзақ күтеді. Теңіз терминалын теңіз сауда жолдарының қиылысында орнататын болсақ, контейнерлерді жеткізу жылдамдығы артады, – дейді Диана Хасимова.
Роботшылардың айтуынша, теңіз терминалында жасанды интеллект жүйесі орналасады. Нейрондық желі контейнерлердің таңбаларын анықтап, автоматтандырылған кранның көмегімен жүктеп, түсіре алады.
9-сынып оқушылары Ранона Жәлелқызы мен Карима Мақан «Өрмекші ана» жобасымен сынға түсті. «Spider Mom» – адам қолы жетпейтін жерлерге сымдарды өз бетінше төсеуге қабілетті робот.
– Біздің зерттеуіміз бойынша, елімізде 1432 ауылдың 200 мыңнан астам тұрғыны интернет-инфрақұрылымынсыз қалуда. Цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімділік пен азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажет, – дейді жас өнертапқыштар.
Жоба авторларының айтуынша, робот жоғары жылдамдықты оптикалық кабельді бекітуге, тіректердің түрлерін, тіпті ауа райын анықтауға қабілетті. Айта кетейік, сайыста бірнеше бөлім бойынша роботтар жарыстырылды. «RoboSports» аталымы бойынша Раушан Асқар мен Еңлік Маман 3-орынды иеленді.
Олимпиада «RoboMission», «Future Innovators», «Future Engineers» санаттары бойынша өткізілді. Әр санатта жоғары балл жинаған жеңімпаз командалар 2023 жылғы 7-9 қарашада Панамада өтетін халықаралық додада ел намысын қорғайды. Ақтық кезеңде 90-нан астам елдің жас таланттары бақ сынайды деп жоспарланған.
«Жетісу-Ақпарат»





