«Mecenat.kz» әдеби байқауы екінші маусымының жеңімпазы анықталды. Аталған байқау талабы бойынша қазақ әдебиетіне олжа салып жүрген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, классик жазушы Тұрысбек Сәукетаев жеңімпаз деп танылды.
Айта кетерлігі, байқаудың екінші маусымына өткен жылдың қыркүйегінен биылғы мамырға дейін 103 адам тіркеліп, 58 роман жолданған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға ұсынылған туындылардың сапасы алғашқысына қарағанда біршама жақсарып, техникалық талаптарға қатысты тәртіп бұзушылық айтарлықтай азайған.
Кәсіби филолог – ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берген. Бұл – алғашқы іріктеу. Екінші іріктеуге танымал жазушылар Әлішер Рахат пен Илья Одегов суперридер ретінде қатысып, қазақша 8, орысша жазылған 5 романды оқып, сараптап шыққан. Нәтижесінде үш қазақ тілінде, үш орыс тілінде роман іріктеліп алынды.
Ал оқырмандар ең үздік деген романға 29 мамыр мен 31 маусым аралығында сайт арқылы дауыс берген. Дауыс беруде қандай да бір құйтырқы әрекеттердің алдын алу үшін ұйымдастырушылар екінші кезеңде тек қазақстандық ұялы телефон нөмірі арқылы дауыс беріп, оқылған роман туралы өз пікірін қалдыру талабын қосқан. Оқырман шығарма туралы бос орынды есепке алмағанда 300 бен 500 символ аралығында пікір қалдыруы керек. Бұл пікірлер модератордың тексеруінен өтіп, жалған дауыс жинау, адамның ар-намысына тиетін сөздер мен мағынасыз пікірлер алынып тасталды. Одан кейін шілде айында арнайы тексеру тобы әр тіркелген нөмірге хабарласып, тек шынайы дауыстар ғана есепке алынды.
Осылайша байқау шартына толықтай сай болған әрі оқырмандар дауысы бойынша жазушы Тұрысбек Сәукетаевтің «Өлгендер қайтып келеді» романы жеңіске жетті. Енді ол «Mecenat.kz» әдеби байқауының ІІ маусымының жеңімпазы ретінде өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады.
Айта кетерлігі, шығармашылық адамдарына арналған «Меценат» сыйлықақысы былтыр пайда болды. Оның иегері ай сайын өмірінің аяғына дейін 500 доллар көлемінде төлем алып отырады.
«Жетісу-ақпарат»





