Газет редакциясына әр күн сайын телефон шалып, түрлі өтініш айтатын замандастарымыз аз емес. Солардың кейбірі, жасыратыны жоқ, орындалмай да қалып жатады. Ондай кездері өтініш иелеріне бұл тілектерінің орынсыз екендігін түсіндірудің өзі оңайға соқпайды. Айтарымыз айқынырақ болу үшін осындай бір-екі өтініштің жай-жапсарына тоқтала кетейік.
Редакциямызға телефон шалған авторлары- мыздың бірі осыдан біраз уақыт бұрын, кейде тіпті үш-төрт ай бұрын жіберген мақаласының жарық көрген-көрмегенін білгісі келеді. «Егер жарық көрсе мақаламның газеттің нақты қай санына қандай айдармен, қандай тақырыппен жарияланғанын айтып жіберсеңіз», – деген өтінішін жалғастырады. Оның ар жағында «Жұмыс орныма есеп беру үшін мақала жарияланған газет нөмірінің бірнеше данасы қажет еді» деген қолқасы да дайын тұрады.
Әжептәуір беделді мекемеден телефон соққан замандастарымыздың да өтініш-тілектері осы мәселеге саяды. «Газеттеріңізге жылда жазылушы едік, биыл ақшаның ыңғайы болмай қалды. Бүгінде ешқандай газет алмаймыз. Қай күні шығатынын айтып, бірнеше нөмірін беріп жіберсеңіздер дұрыс болар еді…» деген өтінішке де не деп жауап қайтарарыңды білмей қаласың.
Сөз болып отырған мәселеге орай ең алдымен басылым тілшілерінің мұндай жұмыспен айналысып, газеттің бірнеше ай бойғы тігіндісін ақтарып, анықтама беріп отыратын уақыттарының бола бермейтіндігін айта кетейік. Көп ретте қаланың екінші шетіне газет тасып жүрудің де ыңғайы келе бермейді. Соған орай ондай замандастарымыздың редакциямызға жолданған хаттарының – мақалаларының сарғайып жатып қалмай тиісті сараптамадан өтіп, жарық көргеніне ғана қанағаттануға тура келеді. Ал мақаласының газетке шыққан-шықпағанын біліп отырудың жалғыз оңай жолы – сол газетке жазылу деп білеміз.
Бір өкініштісі, соңғы кездері жалпы газетке жазылу жайы сиреп барады. Оның бір себебі, ғаламтор мен ұялы телефонға жаппай көшкен кезеңдегі замана ыңғайы солай болса, екінші бір себеп бүгінде мекеме, сала басшыларының ұжымдарына «газетке жазылыңдар» деген бір ғана сөзді айта алмай қалғандығында дер едік.
Бұл жерде біз нақты бір басшыны кінәлап немесе оларға орынсыз бір өкпе айтайын деп отырған жоқпыз. Ондай басшылар ешкімге өктем бұйрық бермей-ақ қойсын, ешкімді бірнеше басылымға мәжбүрлеп жаздырмай-ақ қойсын, әйтсе де өздерінің ұжымдарына: «Мына басылым бізге керек қой, облыста, ауданда, ауылда қандай жаңалықтардың болып жатқандығын, әкімдік, әкім тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын біліп отыруымыз керек емес пе?» деп айта алмай қалғандықтары жанға батады. Мұндай ұжымдарда кейде тіпті ведомстволық жазылудың да жүргізілмей қалатындығын жоғарыда айтып өттік.
Ведомстволық жазылу демекші, баспасөзге жазылудың осы түрі жайында сөз болғанда ойыма ең алдымен Талдықорған қаласындағы футболмен айналысатын облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі басшылығының тәжірибесі ойға оралады. Аталған мектеп директоры Қайрат Абдрахмановпен жолығуға барғанымызда кіреберіс бөлмесінен қаз-қатар тізілген газет тігінділерін көзіміз шалды. Жақынырақ келіп қарағанымызда республикалық «Egemen Qazaqstan» мен «Қазақ спорты», «Қазақстан кәсіподағы», «Бухучет» газеттерінің, облыстық «Jetіsý» мен «Вестник Жетісу», «Алатау», қалалық «Талдықорған» басылымдарының әр күн сайынғы сандарының мұқият тігіліп тұрғанын байқадық. Сол кезде қажет болып қалған кезде ғана облыстық, республикалық басылымдарды, өздерінің салалық газеттерін іздеп шырылдайтын жаңағыдай замандастарымыз ойға оралды. «Қажет болып қалады-ау» деген басылымдарды осылайша бір орталыққа, оның филиалдарына жаздырып қойса, бұдан мекеме мен басқарма, кәсіпорындар басшылығының ғана емес, оның қызметкерлерінің де ұтатындығы, газет тігінділерінің бүкіл ұжымның қажетіне жарайтындығы бесенеден белгілі емес пе?
Бір кездері зиялы қауым өкілдері қатарындағы мұғалімдер қауымы газетке көптеп жазылатын еді. Одан бұрынғы уақытта бүкіл ауылдағы көзі ашық жалғыз адам саналатын мұғалімнің беделі тіптен биік болатын. Соған орай жұртшылық жарық дүниеде болып жатқан жаңалықтардың барлығын ауыл мұғалімінен сұрар еді. Бүгінде ауыл әкімі де, мектеп директоры да «күштеп жаздырып жатыр» деген сөзден бастарын ала қашады. Мұғалімдер содан кейін де баспасөзге жазылу деген «ауыр міндеттен» босады. Дұрыс-ақ делік. Әйтсе де мәжбүрлеуден құтылу дегеннің өзі одан кейінгі уақытта газетке мүлдем жазылмай қою дегенді білдірмесе керек-ті. Өкініштісі, көп ретте солай болып тұр. Одан қастерлі мамандық иелері қаншалықты ұтты деген сұрақ басы ашық күйінде қалған тәрізді. Бұл қатарға кез келген басқа мамандық иелерін де қосуға болады.
Енді біраз уақыттан кейін баспасөзге, соның ішінде облыстық «Jetіsý» газетіне жазылу науқаны қарқын ала бастайды. Бүгінде жасы 105-тен асқан басылымның байырғы оқырмандары мен тұрақты жанашырлары бұл науқаннан тыс қалмас деген ойдамыз.
Сөз орайы келгенде абыз басылымның алдағы жылға белгілеп отырған жоспарларының ауқым- ды екендігін де атай кетейік. Газет бетінен жер жаннаты Жетісу өңірінің тарихы мен ел қорғаған батыр бабалар, кір жуып, кіндік кескен жерді көркейткен еңбек адамдары мен көпшілікті тол- ғандырып отырған өзекті мәселелер, әр күн сайын жүзеге асып жатқан жарқын істер мен жайдарман жаңалықтар көптеп көрініс табатын болады. Ен- деше науқан басталған сәттен тұтас бір жылға жазылып қойған замандастарымыздың еш өкін- бейтіндігі айдан анық. Газетке тұтас бір жылға немесе жарты жылға да жазылуға болатындығын, оның кешіктірмей алып тұруға болатын электрон- ды нұсқасының да барлығын естен шығармайық, құрметті оқырман!
Фото: көрнекілікке алынды
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Jetіsýdyń» ардагер журналисі





