Тарих қоғамға жаңа саяси тарауды таза парақтан бастау мүмкіндігін сирек береді. Бүгінде Қазақстан дәл осындай кезеңді бастан өткеріп отыр. Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы – жай ғана кезекті сайлау науқаны емес. Бұл – бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылған елдің жаңа жоғарғы заң шығарушы органына өткізілетін алғашқы сайлау. Мемлекеттік құрылыстың жаңа үлгісі соңғы жылдардағы ең ауқымды реформалардың біріне айналып, Қазақстан мемлекеттілігінің дамуындағы жаңа парақты ашты.
Ондаған жылдар бойы Қазақстандағы заң шығарушы билік қос палаталы Парламент арқылы жүзеге асырылып келді. Енді ел бір палаталы жүйеге көшуде. Бұл жүйеде заң шығару қызметінің барлық жауапкершілігі Құрылтайға жүктеледі. Бұл – атаудың немесе құрылымның жай ғана өзгеруі емес. Бұл – өкілді билікті ұйымдастырудың, депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің және заң қабылдау үдерісінің мүлде жаңа тәсілі.
Кез келген саяси реформа өзінің шынайы сынағынан тек іс жүзінде жұмыс істей бастағанда ғана өтеді. Конституция қабылдауға болады, заңдар жазуға болады, алайда жаңа жүйенің тиімділігі азаматтар өз мүдделерін білдіру құқығын сеніп тапсыратын адамдарға байланысты болады. Сондықтан бүгінгі сайлаудың маңызы ерекше. Алғаш рет сайлаушылар бұрынғы Парламент құрамына емес, қоғамның үнін естіп, уақыт талабына жауап бере алатын Құрылтай депутаттарына дауыс береді. Бұл орган өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуі тиіс.
Кез келген жаңа институт қалыптасу кезеңінен өтеді. Дәл алғашқы шақырылым парламенттік мәдениеттің дәстүрлерін қалыптастырып, саяси пікірталастың стандарттарын айқындайды және билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесінің негізін қалайды. Сайланған депутаттардың қаншалықты кәсіби, құзыретті әрі жауапты болатынына қарай азаматтардың жаңа жүйеге деген сенімі де айқындалады.
Бүгінде Қазақстанның алдында экономиканы әртараптандыру, өңірлерді дамыту, цифрлық трансформацияны жүзеге асыру, әлеуметтік саясатты нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты ауқымды міндеттер тұр. Бұл міндеттердің әрқайсысын сапалы заңнамасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Ал сапалы заңдар ашық пікірталас, түрлі көзқарастарға құрмет және қоғам алдындағы жауапкершілікті терең түсіну бар жерде ғана қабылданады.
Сайлау науқаны – кандидаттардың өз бағдарламаларын ұсынып, азаматтардың идеяларды салыстырып, тәжірибені бағалап, саналы таңдау жасауына мүмкіндік беретін кезең. Демократия дауыс беру күні емес, одан әлдеқайда ертерек басталады. Ол қоғамдағы үдерістерге қызығушылықтан, ұсынылған шешімдердің мәніне үңілуден және халық атынан заң қабылдау құқығын кімге сеніп тапсыру қажеттігін түсінуден бастау алады.
Әрине, реформаларға деген үміт әрдайым жоғары болады. Алайда ешқандай конституциялық модель өздігінен табысқа кепілдік бере алмайды. Оның мазмұнын депутаттар, мемлекеттік институттар, азаматтық қоғам және сайлаушылардың өздері қалыптастырады. Саяси жүйенің күші – оның азаматтарының белсенділігіне тікелей байланысты.
Алдағы сайлау – жаңа заң шығарушы органның құрамын қалыптастыру ғана емес, алдағы жылдардағы Қазақстанның саяси мәдениетінің қандай болатынын айқындайтын мүмкіндік. Құрылтай мазмұнды пікірталастар алаңына айнала ма? Ол қоғам сұранысына сай заманауи заңдарды қабылдайтын тиімді тетік бола ала ма? Бұл сұрақтардың жауабы алғашқы шақырылым депутаттарының жұмысына және миллиондаған азаматтың жасайтын таңдауына байланысты болады.
Кез келген реформа адамдардың игілігі үшін жұмыс істей бастағанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады. Сондықтан бүгінгі сайлау науқаны – күнтізбедегі кезекті саяси оқиға ғана емес. Бұл – өз тарихын енді ғана бастап жатқан мемлекеттік биліктің жаңа моделін қалыптастырудағы маңызды кезең. Ал оның алғашқы қадамы қандай болатыны Қазақстанның алдағы даму бағытына елеулі ықпал етеді.
Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі





