Бір сүрдек-сүрлеуге түскеннен кейін оған ойысқаның жайлы оқиғаны немесе себебін қайталай түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Әу баста Жағданың жазбасына, Қасымханның қайсарлығына сүйеніп, «Этнографпен әңгіме», «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығына негіздеп оқырманға кешегілерден сыйкәде ұсынамыз деп айттық. Ендеше, орыс әдебиетінің классигі, ұлы ақын Сергей Есениннің: «Әрбір жазбамыз нақылға айналуы тиіс» деген пәлсапалық ойын ұштастырып, кешегі дәуір соқпағында соңына саф мұра қалдырған бабалардың тілдік құнары, қазынасына тағы бір мәрте сапарлап қайтқымыз келеді.
Өзгені қайдам, өз басым қазақ тілі дегенде алдымен Жағда Бабалықұлының келбетін көз алдыма алып келетін күйге жеттім. Оның себебі де жоқ емес. Бұған дейін ұсынған жазбаларымыздың біршамасында атаутіркестерді айшықтап бердік. Түйе, ит, жылқыға қатысты қазақ тіліне кіріккен, ел ұғымына сіңісті болған атау, тіркес, нақыл сөздердің бас-аяғы 200 мыңға жеткенін де жүйелеп бергенбіз. Осы жолы адамның дене мүшесіндегі басқа қатысты атаулар мен тіркестерге тоқталуды жөн санап отырмыз.
«Адамның басына байланысты сөздерді екі қарап, бір шұқып отырып жазғаным рас. Әлі де қазбаласа өте көп сөз шығады. Қазір оған менің мұршам жоқ, шамам жетпейді. Оқырман қазақтың сөзін, тілдік қорын ұғынса деген мақсатпен жазып қойдым», – деген Жағда Бабалықұлы басқа қатысты дүниелерді сонау 1970 жылдардан бастап жинай бастаған екен.
Ғалымдардың пайымдауынша адамның миында 62 тамыр болады, оның 31-і сол жақта, ал екінші жартысы оң жақ ми бөлігінде тарамдалып жатыр. Қазақ ақындарының ғашығына, туған жеріне, еліне деген махаббатын айшықтар, ұлы мұрат жолындағы табандылық сезімін көрсетер тұста «Алпыс екі тамырымды идіріп» деп жырлайтыны дәл мидағы тамырларды негіздеп айтқаны болса керек. Бұл дерекке кездескенше біз кісі денесіндегі күре тамырлардың саны осыншалық болар деп пайымдап келгенбіз. Сөйтсек ақыл-ойдың негізгі тұрағы болған мида екен ғой әлгі 62 тамыр.
Хош, әуелі адам басына қатысты негізгі атаулар мен тіркестерді атап өтелік. Олар: бас, төбе, шеке, қарақұс, қарақұлақ, желке, көк желке, желке шұқыры («Желкемнің шұқыры көрмейді» деген тіркес бар), құлақ-шеке, маңдай, самай, құлақ, майқұлақ, сырғалық, мұрын (мұрын іші, сырты, ұшы), танау, тұмсық, қаңсар, кеңсірік, желбезек, ноқта, ұрт, бет, бет-ауыз, қарашық, жанар, қабақ, қас, кірпік, шүйде, тамақ, тіс, сақал және т.т. Біз осы ретте тек негізгі атауларды алға тартып отырмыз. Ал адамның басына қатысты дүниелерді атамадық. Мәселен, адамның бет-бейнесіне байланысты туындаған дидар, кескін, келбет, ноқат, секпіл, мең, қал, ұрт, безеу, бет сұрқы, тұрпат, пішін, кейіп-кеспір секілді 50-ден астам сөзді атамадық. Сонымен қатар, бас күтіміне керекті тарақ, ұстара, сүзгі, шашбау секілді заттарды, бас ауру, бас қату, бас жуу сияқты күтімді де тілге тиек еткенімізбен, жіпке тізгендей тізбектемей-ақ қояйық деп шештік.
Қашанда мағыналы, мәйекті сөйлей білген, көмейіне кие дарыған ділмарлар мен шешендердің шешімі мен кесіміне еріксіз бас шұлғыған халқымыздың сөз қоржынындағы біршама мақал-мәтел де осы басқа, бастың мүшелеріне қатысты екенін айта кетелік. Мәселен, халқымызда: «Құлаққа ұрған танадай», «Құлақ тұнды», «Төбе шашым тік тұрды», «Ата сақалы аузына түскенше», «Қас пен көздің арасы», «Қас қаққанша», «Көз қорқақ, қол батыр», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді», «Қатар-қатар тас қойдым, жирен атты бос қойдым», «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады», «Қызыл тілде буын жоқ» секілді жіпке тізсек шалдықтыратын ұзын сонар мәтел, сөз тіркесі мен жұмбақтарымыз бар. Мұның бәрі адамның басына, бас мүшелеріне қатысты туындаған, астары әріде жатқан мағыналы дүниелер. Қазақ сөздік қорының қазыналары!
Таным мен тағылым тұрғысында бір дүниеден сан мың сөз түлетуге кеуде білімі, көрегендігі жеткен данышпан халықтың өкілі екенімізге, бабаларымыздың зеректігі, зейіні зеңгірмен астасқанына тағы біз үшін қандай дәлел керек екен?! Басқа қатысты атаулар мен тіркестерді жинап бастағанда Жағданың еңбегіне сол кездегі әріптес-досы, көзіқарақты оқырманға есімі таныс Қажыкен Ахметов қатты қызыққан екен. «Пай-пайлап» тамсанып, ұлы елдің ұғымына, сөздік қорына сүйсініпті. «Арғынмын атым Әсет, арындаған» деп ән әуелеткен Әсет секілді сүйегі арғын, Дия қажының баласы Қажыкеннің тағдыр-талайы да қым-қиғаш еді-ау жарықтық. Жазықсыз жаза арқалап Сібірге айдалып, он жылдан астам уақытын сол жақта өткеріп келген. Сонда да қаламын тастамай, поэзия мен прозаға қатар күш салған жан еді. Сол дарынды жан аталмыш еңбекке несімен қызыққан дейсіз ғой?! Этнографтың тілімен айтқанда адамның кесер басындағы атаулардың бір бөлігі, маңдайы, көз атаулары, қас, кірпік, тұмсық-мұрын, бет, танау, шеке, самай, құлақ, ауыз, езу, ерін, дидар, иек, еркешұқыр, тіл, тіс, сақал, мойын, мұрт, бөбешік, жұтқыншақ, мойын, шықшыт, ми, еңбек, т.с.с бас атауларын жеке-жеке талдап берсе таңданбасқа шара бар ма?! Осыларды түсінікті ету үшін алдымен «адамның кесер басындағы атаулардың бір бөлігіне» тоқталайық. Олар: ақшеке бас, баспақ бас, ақылды бас, айна таз, бақа бас, бұзау бас, жылтыр бас, қызыл бас, қу бас, қау бас, бұйра бас секілді нақ 70-тен аса бас атауы бар. Ал, біз жоғарыда атап өткен дүниенің әрқайсысына байланысты терілген, жинақталған сөздерді санамаламай, ең қысқа деген қас, кірпік, сақалға қатысты атауларға тоқталайын. Мәселен, қасқа байланысты – ақ қас, бурыл қас, керме қас, қара қас, қою қас, қиғаш қас, наркүміс қас, селдір қас, тақыр қас, тікті қас, терген қас, ұзын түкті һәм шолақ қас деген атаулар бар. Мұның сыртында: Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең неге аяйын аттың терін, – деп келетін қазақы жырдағы теңеулер тағы бар. Сол секілді кірпікке ойыссақ, кірпік – ақ кірпік, алтын кірпік, бұзау кірпік, жиі кірпік, кірпік қақты, кірпігін қақпады, қанжар һәм қайқы кірпік, наз кірпік, тықыр кірпік, сынған, сұйық, селдір кірпік деген атаулар мен тұрақты сөз тіркестері бар. Осы орайда айта кететін бір жайт, шамалы уақыт бұрын қаламдас достарымыз арасында кішігірім пікірталасқа түстік. Оған себеп, менің «Өгіз көзін қанталатып» деп айтқан теңеуім. Азаматтар жата кеп мұндай теңеу жоқ дегенге, «өгіз көз» дегенді ғұмырында алғаш рет естігендерін айтып жатысты. Таласқанмен «көк иттің шамасы көп итке келместің» керімен жеңілгендей болдық. Сол кездегі теңеудің теріс емес екенін білетінмін, дегенмен, осы орайда көзге қатысты біршама қызық атаулар жиған этнограф әлгі «өгіз көзді» атап өтіпті. Жазбасында сораңқы көз, тотияйн көз, сірмелі көз, қалта көз, шылпық көз, шүңет көз сынды бірқатар көз атаулары да бар. Міне, осыдан барып қазақтың кемеңгерлігі, бір адам басына қатысты осыншама сөз сұрыптап, оның күнделікті қолданысына енгізе алғанына таңданбасқа шара бар ма?! Бұл да болса дәстүр жаңғырығы, бабалар ұлылығының ұнамды тұсы шығар?!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ




