Әрбір елдің егемендігінен хабар беретін белгілері мен ұлттық ұстанымы болатыны анық. Бұл тұрғыдан мемлекетіміз жаңа қадамдарға аяқ басып, заңнамалар жүйесін жаңартуды қолға ала бастады. Оның мысалын биыл наурыз айының 20-ы күні Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ №145 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Ақпараттық Доктринасынан» көруге болады.
Негізі 3 бөлімге бөлінген құжат ең алдымен, еліміздің ақпараттық кеңістігінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігі кіріспе бөлімде анық жазылыпты. Шынында қазіргідей ақпараттық технология қарқынды дамыған кезеңде мемлекетшілдік, отаншылдық ұғымдардан гөрі жекебастың күйін күйттеу белең алғаны жасырын емес. Тіпті, Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін, мемлекетті іштен ірітетін өрескел қадамдар мен арандатушы үндеулерге шектеу қойылмаса жағдай ушығып кетері белгілі. Сол себепті мемлекеттік саясатты алдыңғы орынға қойып, ел мен жердің келешегі баянды, болашағы берекелі болуын көздеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өйткені ғасырлар бойы азаттық аңсап, өз алдына дара мемлекет болуды армандаған халқымыздың асыл мұраты, биік мақсаты осы күні орындалғанын көріп, сезіп, біліп жүрміз.
Орта Азияның қақ жүрегінде орналасқан Ұлы Дала – Қазақ елінің жұлдызды сәті, бақытты кезеңі енді басталатындай әсер беретінін қалай жасырайын?! Оны әлем елдерінде орын алып жатқан геосаяси жағдайдың күрделене түсуін көрген сайын ойлап, халқымыздың тыныс-тіршілігін бір қалыпқа түсірген бейбіт өмірдің баянды болуын, ғасырларға созылғанын жан жүрегіммен қалаймын. Өткен замандарда талай тартысты кезеңді басынан өткеріп, сұрапыл соғыстардың зардабын тартқан жұртымызға енді қиынқыстау күндер келмесе екен деп тілейік, кейінгінің күні жарық болуын көру бақыты бұйырсын! Сондықтан елді алатайдай бүлдіріп, бүтінді жарамсыз ететін бүлік атаулы мемлекетімізді сырт айналып өтуіне тілеулестік таныту азаматтық болар еді.
Демократиялық даму жолына түскен Қазақстан Республикасының әрбір азаматы еліміздегі еркіндік пен мүмкіндікті пайдаланып келеді. Тіпті, қажетті мәліметті кез келген ақпарат көзінен алып, өзін толғандырған тақырыпты ашық талқылауға қатысуға құқылы. Бұл мемлекеттің демократиялық бағытқа түскендігінің анық белгісі. Әлеуметтік желілер мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарының хабар таратуына да ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен, елдің абырой-беделіне, ұлттық кескініне, дүниетанымы мен болмысына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмеуі керек. Осыған орай қабылданған «Ақпараттық Доктрина» ҚР Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығын, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығын қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді шешу керектігі ескертіліп, қазіргі мемлекеттік институттар мен қоғамдық нысандар арасындағы қарым-қатынастың әділетті әрі турашыл жүруін қамтамасыз ету көзделгендіктен көпшіліктің қолдауына ұсынылып отырғаны айтылған. Шынында ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырату қиындап тұрған ғылыми технология кезеңінде мемлекеттік мүддені алда тұруы тиіс деп білемін. Сондықтан жаңа заңнаманың ұлттық құндылықтарға негізделгені көңіл қуантады.
Интернет желісіндегі мәліметтер қорын қалта телефонының экранынан оңай алу қазіргі адамзатқа мол мүмкіндік ұсынып отыр. Дегенмен, ақпараттар тасқынының адам санасын өзгертіп, әдеттегідей қажетін ғана алудың орнына қызылды-жасылды, қызық қуған жарнамаға елітіп бара жатқаны ащы да болса шындық. Әсіресе, өскелең ұрпақ – бүлдіршіндер Ютуб арнасын жаулаған шетелдік мультфильмдермен тәрбиеленіп, ана тілін мансұқтап жатқаны алаңдататын-ақ мәселе. Оның ақыры ұлттық дүниетанымға аяусыз соққы беріп, ұлттық құндылықтарды аяқасты етуге апарары сөзсіз. Қазақы танымға жат «хеллоуин түні», «валентин күні» секілді қазіргі жастардың бойына сыналап кіргенін содан көреміз. Әсіресе, бетіне шырақ жаққан тортты үрлетіп, бойжеткен қыздың немесе ержеткен ұлдың бетіне жапсыра салу әдеті мұхиттың арғы бетінен келген ұғым, түсінік екені белгілі. Бұл адал астың бір түйірі жерге түссе теріп алып, ысырапшылдықтан қашатын қазақы ұғымды қастерлемеумен тең. Ысырапшылдық демекші, қазіргідей ішкені алдында, ішпегені артында қалған аста-төк заманда жасөспірімдердің түрлі ауруға шалдығуы жиілей бастағаны жасырын емес. Ол да «ауру – астан, дау – қарындастан» дегенді берік ұстанған ұлттық ұстанымға қайшы әрекеттердің көбейгенінен шығып отыр. Әсіресе, газдалған сусындардың зияны мен зардабын мамандар айтқан сайын тұтынушылар қатары сиремей тұр. Бұның бәрі сәт сайын жылт ететін жарнаманың кесірі. Ең сорақысы, ер-азаматтарға қуат беретін энергетикалық сусындардың зардабынан қыршынынан қиылып жатқаны. Оның артында ішкен асының пайдасы мен мөлшерін бағамдамауға апаратын қазіргінің ақпараттық тасқыны жатыр.
Міне, осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында қолға алынып, қабылданған «Ақпараттық Доктрина» ең алдымен, ұлттың ұстынын тіктеуге септігін тигізеді деп сенеміз. Себебі, онда жаһандық ақпараттық экожүйеге толыққанды қатысушысы ретінде еліміздің ұлттық мүдделерінің мәнін көрсететін нақты ақпараттық-коммуникациялық императивтер мен құндылық бағдарларын әзірлеу міндеті күн тәртібіндетұрғаны анық жазылған. Бұл өзкезегінде отандық ақпараттықсаланы дамытуға, ашықтық пенбәсекеге қабілеттілікті арттыруғамүмкіндік береді.
Қазіргідей технологиялық бағдарламалар қолымыздағы мобильді телефонға көшкен тұста көпшілік алаяқтықтан зардап шегіп,бар жиған-тергенінен әп-сәттеайырылып қалып жатқаны да өзекті өртер ақиқат. Оған тағы да медиакеңістікте жалған бейне-аудиомәлімет таратушылардың заңсызәрекеттері ықпал етуде. Осы бірқылмыстың түрі кең етек жайғанысоншалық, білікті мамандардыңөзі алаяқтықтың құрбанына айналып отыр. Бұл адам бойындағы ақпен қараны ажыратуға мүмкіндікберетін сыни көзқарас, салмақтаусынды қасиеттердің тұншығыпқалғанын көрсетеді. Кез келгенмәліметке елп ете қалу, айтылғансөзге бірден сене салу ақпараттартасқынының молдығынан екенібелгілі. Әсіресе, оңай табыс табуғатоқтаусыз шақырған және спорттық ойындарға бәс тігуге үнеміүндеген жалған жарнамаға сенгенжанның күнде опық жеп жүргенінедәлел көп.
Осыған орай қатардағы қарапайым жұртшылықтың басынатүскен ауыртпалық пен қиындықтың бастауында ақпараттықкеңістікті жаулаған мәліметтермен деректердің жатқанын айтаредім. Осыны терең ұғынған Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев «Ақпараттық Доктринаны»қабылдап, еліміздің ақпараттықкеңестігінің дұрыс қалыптасуын,тиімді дамуын көздегені анық. Соларқылы мемлекеттік ақпараттықсаясат дұрыс қалыптасып, отандықБАҚ еліміздің келешегіне керектібағдарламалар мен жобалардынасихаттауы тиіс. Әйтпесе, өзгенің қаңсығы ешбір ұлтты биіккешығармайтынын түсінетін кезеңгежетіп тұрмыз. Сол себепті, алдыңғы орында ұлттың тірегіне, қазығына, ұстынына айналған мүддетұруы керек деп білемін.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатыныңдепутаты





