Ескелді ауданындағы ауылдарды газбен қамту жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Жыл соңына дейін алты ауылды газбен қамту жоспарланған. Жалпы ауданда 33 елді-мекеннің 28-і газдандыру жүйесіне кіреді. Бұл туралы аудан әкімі Елдос Ахметов Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде тілшілермен болған кездесуде айтты.
Биыл газға қосылатын алты ауыл – Бақтыбай, Алдабергенов, М.Байысов, Көкжазық, Теректі, Қаратал ауылдары. Жоспар бойынша жылыту маусымына дейін іске қосылады.
Былтыр Өрқусақ, Екпінді, Сырымбет ауылдарына, оның алдында аудан орталығы Қарабұлаққа газ берілген. Қарабұлаққа қарасты Шымыр, Ешкіөлмес, Абай ауылдары сол кезде жобаға кірмей қалған еді, биыл тізімге еніп, 2023-2024 жылдары газға қосылатын ауылдар қатарына қосылды.
Биыл 134 541 млн.теңге сомасына 7 жобалық-сметалық құжат әзірленді, соның алтауы (Шымыр, Жетісу, Жастар, Жаңалық, Абай, Ешкіөлмес ауылдары) мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал Өтенай ауылына арналған құжат қайта әзірленіп жатыр.
Аудан орталығынан алыс орналасқан Ақын Сара, Қоңыр ауылдарына дәл қазір газ қосу мәселесі белгісіз. Ол тек облысты толық қамти алғанда ғана нақты шешімін таппақ.
Абонент үшін қосылу құны 1 метр – 5200 теңге. Ал газ қазандықтарын орнату бағасы үйдің ауданына байланысты 450-ден 650 мың теңгеге дейін. 1 текше метр көгілдір отынның құны жеке тұлғалар үшін 32,96, заңды тұлғалар үшін 33,3 теңге.
Қали АСҚАР





