Бүгінде жас ұстазға деген талап күшті, сұраныс ерекше. Шәкірттердің қоғамға араласып, адам болып қалыптасып, өмірде өз жолын табуына себепкер болу – ұстаз міндеті. Білімді оқытушы – жарқыраған күн іспеттес. Жас мұғалім заманауи бағытты ұстанып, әр дәрісін ерекше өткізуге тырысады. Сондай жандардың бірі заң ғылымдарының магистрі, Еуразия техника-экономикалық колледжінің оқытушысы Дастан Мұзапар.
– Бүгінгі жастардың білімге деген ынтасын қалай бағалайсың? Қай тұрғыдан басым?
– Өте жақсы. Өз кезімдегі буынмен салыстырмалы түрде алып қарасақ, ынтасы жоғары. Деңгей де өскен. Біз тек білім беріп қоймай тәрбиесін де ерекше қадағалауда ұстаймыз. Техниканың қарыштап дамып жатқан тұсындағы буын болғандықтан, кез келген интернет, техникаға қатысты істі толық меңгерген. Сол тұрғыдан алып қарағанда басымдық бүгінгілердің еншісінде.
– Қазіргі білім саласында біз жіберіп жатқан қателік. Оны қалай шешуге болады?
– Негізгі қателікті үшке бөліп қарастырсақ болады. Ол мектептегі, кәсіптік- техникалық білім берудегі және жоғары оқу орнындағы қателік. Соның ішінде техникалық білім беруде біз жіберіп жатқан қателікке тоқталсам. Мысалы, кейбір колледждер бастапқыда бір сала бойынша ашылып, артынша қосымша мамандықтарды жалғап алады. Ол гуманитарлық бағыт болсын, басқа болсын, қарамайды. Менің түсінігімде әр колледж өз ісімен айналысып, өз мамандарын дайындап шығу керек. Техникалық білім берсең, сол мамандықтың көсегесін көгертуге тиістісің. Білімді белгіленген сала бойынша беріп, бір мамандықты жан-жақты дамыта зерттеп, оны шәкірттерге беру – нағыз жетістік.
– Жас ұстаздарға деген қолдау қалай?
– Мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұрын оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу, орналасқаннан кейін жалақы аз, пәтер алу мәселесі күрделі еді. Бүгінде жас маманға арналған түрлі бағдарлама бар, сол бойынша үйлі болуға да мүмкіндік қарастырылған. Ал жалақы жағы тәжірибеге, деңгейге байланысты өсіп отырады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Серік ҚАНТАЙ





