ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі қаралып, алдағы атқарылатын шаралар кеңінен талқыланған еді. Осыған орай, Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ төтенше жағдай саласы мамандарымен бірге Жетісу Алатауының тау қыраттарына және өзен арналарының бастауларына әуеден шолу жүргізді.
Жетісу облысы таулы аймақ болғандықтан көктемде күн күрт жылынып қар ерісе, су басу қауіпі жоғары аймақтар бар. Осыған орай облыс басшысы нақты жұмыс жоспарын бекітіп, қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстауда.
Қауіпсіздік шарасына төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Е. Жуков және «Қазселденқорғау» ММ ЖААПБ басқармасы басшысының орынбасары С. Сабырбаев қатысты.
Аэрошолу таудағы қардың қалыңдығын, мореналық мұздық көлдердің жағдайын, сел қаупі бар аймақтардың гидрологиялық жағдайы мен тау етегіндегі қар еру процестерін анықтауға бағытталды. Аэрошолу барысында 1000- 2000 м. абсолюттік биіктікте қар жамылғысы 30-90 см. аралығында, ал 2000-3000 м. абсолюттік биіктікте қар жамылғысы 1-1,5 м. аралығында екендігі анықталды.
Таудың оңтүстік беткейінде өз бетімен қар көшкіні түсу фактілері тіркелген. Еру процесі жылдағы нормаға сай. Қаратал, Көксу, Өсек, Қорғас өзендеріндегі су өтімі кедергісіз, лайланбаған.
Бүгінгі таңда гидрологиялық жағдай қалыпты. Былтырғы жылмен салыстырғанда қар қалыңдығы 30-70 %-ға көбірек.
Сонымен қатар, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға, су тасқыны қаупі жағдайында облыс тұрғындары мен аумақтарын қорғауды ұйымдастыру бойынша басқарушылық шешімдерді пысықтау мақсатында 2023 жылғы 2-3 наурыз аралығында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқужаттығулары өтті.
Облыстың барлық аудандық және қалалық бөлімшелері «Көктем – 2023» РКШО өткізу жоспарына сәйкес су тасқыны сияқты қауіпті метеорологиялық құбылыстарға ұшыраған нақты проблемалық учаскелерде практикалық іс-шаралар пысықталды.
Облыстағы оқу-жаттығудың орталығы – Ескелді ауданы, Мелькомбинат ауылы. Онда айналма канал арнасының жағалауларын тазарту, нығайту және елді мекеннің арық жүйесін тереңдету жұмыстары жүргізілді.
А. НАЗАРҰЛЫ





