Жетісу өңірінде «AMANAT» партиясы қызу насихат жұмысын жүргізуде. Партияның облыстық штабы өкілдері мен филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлауалды бағдарламадағы басым бағыттарды жан-жақты түсіндіруде. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған нақты жоспарларын насихаттауда.
Апта басында Жастарға қызмет көрсету орталығында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Ақболатов өңір жастарымен жүздесіп, алдағы саяси науқанның маңызын түсіндірді және партияның сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталып өтті.
Кандидаттың сөзінше, елімізде жастар саясатына көзқарас түбегейлі өзгерген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің жастармен жұмыс жүргізудің жаңа тенденциясын ұсынды. Осы уақытқа дейін мемлекет басым саясатты «Жастар үшін» деген ұранмен жүргізсе, ендігі жерде қай сала болмасын «Жастармен бірге» жүзеге аспақ. Бұл елдік пен егемендік үшін көтерілген кез келген мәселе жастармен кеңесіп, олардың идеясын басшылыққа ала отырып, жүзеге асады деген сөз.
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ал даму мен ілгерілеуді таңдамау құлдырауға бет алған елдің тірлігі. Қазақстан – жаңашылдық пен өрістеуді басты орынға қоятын ел. Демек, біздің көздегеніміз жастарды қолдау, олардың идеяларына қанат бітіру, сол арқылы еліміздің жарқын болашағына жол ашу. «AMANAT» байыпты өзгерістер мен өзекті реформалардың бастаушысы. Осы қалыптан айнымаған партия жастар саясатына өзінше үн қосуға бекініп отыр.
Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, партия Жетісу облысы бойынша жастарға баспаналы болуы үшін жеңілдетілген несие беруді ұлғайтуға, жылдық 2,5%-бен несие беруге, жастардың арасында жұмыссыздықты 4,7%-дан 3,9%-ға төмендетуге ықпал етпек. Одан бөлек, «AMANAT» жастар арасындағы ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ.
Мұнан кейінгі кезекті кездесу «Жер Ана» өндірістік ауылшаруашылық кооперативінде өтті. Бұл жолы партияның қарымды қарекетін партияның Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Абзал Омарқұлов баян етті.
Кандидаттың сөзіне сүйенсек, Жетісу – аграрлы аймақ. Мұндағы тұрғындардың 56%-ы ауылдық жерде тұрады. Дегенмен, облыстағы барлық ауылшаруашылық техникаларының 65%-ы, су шаруашылығының нысандарың 70%-ы тозған. Сала мамандарының мәліметінше, жайылымдық жердің тапшылығы 700 мың гектарды құрап отыр. Абзал Омарқұлов «AMANAT» партиясы өңірдің ауылшаруашылығын дамытуға жан-жақты бастамаларды жүзеге асыратынын айтты. Оның ішінде техникаларды жаңалауға, егістік көлемін ұлғайтуға күш жұмылдырмақ.
– Партиямыз жан-жақты трансформацияланды. Біз құрғақ уәде мен құр сөзді тірлігімізге арқау етпейміз. ¤йткені, иығымызда халықтың аманаты тұр. Халық аманаты – елді өркендету. Ал Қазақстанды өрісті, қуатты елге айналдыру үшін ауылды көтеру қажет. Міне, осы бағытта партиямыз 2027 жылға дейін 600 дана ауылшаруашылық техникасын лизингке алуға, өңірдің басты бренді қант қызылшасы егілетін алқапты 12 мың гектарға ұлғайтуға, жаңадан 900 мың гектар жайылымдық жер енгізуге мұрындық болмақ, – деді Абзал Қасымұлы.
Үміткердің сөзінше, осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде ауылшаруашылығындағы жалпы ішкі өнім көлемі 1,3 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ, «Жер Аманаты» жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер толық мемлекет меншігіне қайтарылады.
– Ауылдардың әлеуетін көтеру үшін біз шағын және орта кәсіпкерлікке ден қойып отырмыз. Алдағы бес жылда атаулы салада жұмыспен қамтылғандар санын 130 мыңға жеткізуге атсалысамыз. ШОБ-ты қолдау арқылы облыс экономикасындағы осы саланың үлесін 42%-ға жеткіземіз, – деді үміткер.
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың тағы бір кездесуі Талдықорған қаласындағы Орталық бассейнінде өтті. Бұл жолы партияның Жетісу облыстық филиалы атынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Еркебұлан Ақболатов пен Қуат Баймырзаевтар «Нар тәуекел» ұранды саяси құрылымның құр сөз, құрғақ уәде емес, нақ істерге негізделген жоспарын тәпсірледі.
Әуелі мінберге көтерілген Қуат Баймырзаев өңірдегі білім саласындағы нақты сандарды сөйлетті. Оның айтуынша, өңірде 6,7 мың оқушы бар. Осынша оқушы 341 мектепте білім алуда. Ал олардың сапалы білім алуы үшін заман талабына сай мектеп пен замануи жабдық әбден керек. «AMANAT» партиясының мұрындық болуымен 39 жаңа мектеп бой көтермек. Нәтижесінде оқушы орнының тапшылығы жойылады әрі сыныптар заманауи жабдықтармен қамтылады.
– «AMANAT» партиясы білім саласында жүйелі бастамаларға ықпал етуде. Мәселен, Жетісу өңірінде мектепке дейінгі балаларды 100% балабақшамен қамту көзделуде. Одан бөлек мектептерді заман талабына сай жаңғырту партияның құзіретінде. 2027 жылға дейін жыл сайын 58 мектеп қайта жаңғыртудан өтеді, – деді Қуат Баймырзаев.
Кандидаттар халықтың өмір сапасын жақсарту жайын да таразылады. Қуат Баймырзаев бұқаралық спортты дамыту арқылы «сапалы ұлт» қағидасы жүзеге асатынын айтты.
– Бұқаралық спортты дамыту еліміздің басым саясатының бірі. Оған негіз – «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы. Аталмыш жоба негізінде 2025 жылға қарай елімізде спортпен шұғылданатын азаматтардың үлес салмағын 50%-ға жеткізу көзделген. Қазір Жетісу облысында спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі жалпы халықтың 32%-ын қамтып отыр. Межеден қалмас үшін аталмыш салада қарымды жұмыс істелуі керек. «AMANAT» партиясы бұқаралық спортты дамыту үшін өрісті жоспарлар дайындап отыр. Өйткені партияның көксегені – ұлттың саулығы, халықтың амандығы. Ал халықтың денсаулығы мығым болуы үшін бұқаралық спортты дамыту аса маңызды, – деп атап өтті.
Бұқаралық спортты дамыту үшін спорт нысандарын көптеп салу аса маңызды. Партия алдағы уақытта өңірдегі спорт нысандарын қайта жаңғыртуға, жаңадан салуға бар күшін салмақ.
Еркебұлан Ақболатов жастардың спортқа қызығушылығын оятып қана қою аздық ететінін тілге тиек етті. Кандидат облыс көлемінде заманауи жабдықтармен жабдықталған нысандардың бірнешеуі бой көтеретінін жеткізді.
– Партияның Жетісу өңіріне негізделген сайлауалды бағдарламасына сай алдағы бес жылда 19 спорттық нысан бой көтереді. Оның ішінде ауылдық жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға мұрындық боламыз. Нәтижесінде 2027 жылға қарай өңір халқын спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 51,3%-дан 56%-ға көтеріледі, – деді Еркебұлан Ақболатов.
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмысын одан әрі үдете түспек. Себебі, халықтың аманатын арқалаған партия халық алдындағы уәдесі мен өңір әлеуетін көтеру бағытындағы жоспарын жүзеге асыру үшін бұл саяси науқанда жеңіске жетуі керек. Сонда ғана халық аманаты орындалмақ.
Тапсырыс беруші: А. Қ. Арын
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған
«AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді





