Ешкі- өлмес ауылында заманауи «Сәлем-Құс» бөдене фермасы жұмыс істейді. 100 мың бөденеден күніне 25 мың жұмыртқа, 30 келі ет алады. Басшысы Бағдат Серікқожаев 2018 жылы жаңа ферма салу үшін Ескелді ауданы әкімдігімен меморандумға қол қойып, инвестиция тартқан. «Сәтті құрылыс» ЖШС 2 жыл ішінде ферманың құрылысын аяқтады.
Бөдене өсіру – заман талабына сай өндірістің түрі. Неге? Дамыған елдерде бөдененің етімен жұмыртқасын мектептегі асхана мәзіріне енгізген. Бізде бөдене шаруашылығы ондай деңгейде әлі дамымаған. Бағдат Темір- ұлы бөдене өсіруді ақша табу мақсатында емес, пайдасына бола бастаған. Бүгінде алып фермаға айналды. Бөдене жұмыртқасы қан аздыққа, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпенің қабынуына, қан қысымды реттеуге, асқазан-ішек ауруларына және асқазан жарасы мен гастритке таптырмас ем.
Бағдат Серікқожаев ферманың сыртқы жабдықтарын Қытайдан алып келсе, бөдене өсіруге керекті құралдарды Украинадан алдырған. Бүгінде ферма 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруалардың айтуынша бөдененің бабы жұмыртқадан басталады. Құс фермасында 57 мың жұмыртқа сыйатын инкубатор бар. Онда салынған жұмыртқа 17 күнде балапанға айналады. «Сәлем-Құс» ет емес, жұмыртқа өндіреді дегенмен ферма аумағында құс соятын цех жұмыс істейді.
Фермада өндірілген жұмыртқалар Алматы, Талдықорған және Қонаев қалаларына арнайы көлікпен жеткізіледі. Өнімге еліміздің оңтүстік облыстарынан бөлек батыс өңіріндегі елді мекендерден де сұраныс бар.
Бағдат Темірұлы енді құс жемін өндіруді ойлап жүр. Өзінің фермасы айына 60 тонна жем пайдаланады. Жем өндіруді ойлаған еңбеккер арнайы егістік алқабын да алмақ болған. Алайда ол жер фермадан алыс орналасқандықтан, іске кіріспеген. Егерде жақын маңнан жер табылса, өз ойын жүзеге асырмақ.
Серік ҚАНТАЙ,
Жетісу облысы





