Биылғы кезектен тыс Президент сайлауы көптеген жағдайдың бетін ашып, өзекті мәселелердің тасқыны толастамайтынын ұғындырды. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды берік ұстану, салт-дәстүрді сақтау, әдет-ғұрыпты дәріптеу күн өткен сайын күрделене түсетінін ұғындық. Себебі, қазіргідей ғылыми-техникалық дамудың әсерінен еліміз сырт қала алмайды. Ондай жағдайда әрбір қызарғанға қызыққыш жастарымыз ата-баба өсиеті мен халықтық даналықты қабылдай алмай, жаңа мен көненің тартысына түседі екен.
Дегенмен бұл – өмір. Есесіне, еліміздегі әрбір саяси жаңалыққа құлақ түріп, дамудың жаңа жолына түскен Қазақстанның мүддесін қорғауды қалайтын жастар ойын ашық айтып, өз көзқарасын білдіруге ұмтылады. Бұны сайлаудың алдындағы үгіт-насихат кезеңінде әлеуметтік желілерге жарияланған пікірлерден анық байқадық. Үміткерлердің әрқайсысына қатысты мәліметтердің таралуына ықпал еткен желі қолданушылары белгілі бір деңгейде саяси болжам жасап та қойды. Осының өзі елдің ертеңі мен келешектің кемелдігі ешкімнің назарынан тыс қалмайтынын көрсетті. Сол арқылы көкіректерде булыққан көзқарас айтылып, оң мен солды ажырататындай, қара мен ақты танитындай қадам жасалды. Бұл әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырып, қоғамның үнін естуге мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі идеясы осыған саяды. Осының өзі Мемлекет басшысының қоғамның шынайы талабын сезінгенінен хабар берсе керек. Сондықтан биылғы сайлауда өзге үміткерлерден озық тұрған Тоқаев кандидатурасы көпшіліктің қолдауына ие болды.
Жалпы, сайлауда дауыс беруге құқылы 11 миллион 953 мың 465 адам болса, соның 8 миллион 300 мың 46-сы өз таңдауын жасау үшін сайлауға барғаны ашық айтылды. Әрине, саяси науқанға немкеттілік танытқандар да болды. Олардың өзі 3 миллион 653 мың 419 адамға жеткен. Бұл демократиялық қоғамның айқын үлгісі болса керек. Дамыған мемлекеттерде мұндай көрсеткіштер халыққа таратылып, әділеттіліктің үлгісі ретінде таныстырылатынын ескерсек, дауыс беруге қатысқысы келмейтіндердің міндетті түрде шығатынын ұғуға болады. Және бұл әлдекімдер айтқандай масқара емес, керісінше қоғамға наразылық таныту адам табиғатына тән құбылыс. Сондықтан биылғы сайлау адамзаттық талаптарды қамтығанын ескертіп айтуға тиіспіз.
Одан кейінгі айта кететін мәселе – Президенттік лауазымға өз кандидатурасын ұсынып, сайлаушылардың сенім үдесінен шыққан үміткерлердің саяси додада көптеген тәжірибе жинақтағаны еді. Шынында суға түсіп көрмеген адамның малтуды меңгере алмайтыны белгілі. Дәл сол сияқты көпшіліктің көз алдында сайлауалды бағдарламасын таныстырған әрбір кандидат қалай сөйлеуді, қандай пікір айтуды, халықты не алаңдататынын жақсы ұғынып, мемлекеттің тұрақты дамуына не керегін шынайы сезінді. Сол арқылы ой қалыптасып, көзқарас түзілді. Осының өзі еліміздегі саяси шараға тікелей қатысушылардың дәрежесі әжептәуір өскендігіне дәлел болады. Сондықтан биыл төмен көрсеткішке қол жеткізген үміткерлер келешекте сайлаушылардың назарынан түспейтіні анық. Яғни, еліміздің қоғамдық саяси кеңістігіне жаңа тұлғалар шығып, өз қолдаушысын таба бастады. Ал олардың атақ-дәрежесі, алған дауысының пайыздық көрсеткіші шынайы сенім білдірушілердің үмітіне селкем түсіре алмайды. Өйткені, сайлау алдында бір ай бойы жүрген үгіт-насихат кезінде әрбір кандидат елдің көз алдында бағдарламасын таныстырды. Сол арқылы халықтың ықыласына бөленіп, арадағы рухани қашықтықты жақындата түсті.
Міне, биылғы сайлаудың нәтижесі осылай қорытындыланды. Саяси додадан кандидаттар ұтылған жоқ. Керісінше тәжірибе жинақтап, қалың жұртшылықтың талап-тілегін, сұранысын тікелей қабылдады. Сол арқылы еліміздің қоғамдық саяси өміріндегі олқылықтар ашыла түсті. Бұл әрбір кандидатқа кез келген жағдайдың шешімі болатынын, соны табудың жолдарын қарастыру керектігін ұғындырды. Ең бастысы – халықтың сенімі алға жетелейтіні белгілі болды.
Думан Дошкеев,
Талдықорған қалалық
мамандандырылған тергеу
сотының судьясы





