Алмагүл Сарқұлова Талдықорғандағы Жетісу университетін тамамдаған соң Қапал ауданына қарасты Көлтабан негізгі орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып барды. Ауылдың Бексұлтан есімді атпал азаматымен бас қосып, бақытын Көлтабанмен байланыстырды. Шағын ауылдағы 60-70 бала оқитын білім шаңырағы құстың ұясындай. Көзі жәудіреген ауыл балаларына дәріс берудің өз ерекшелігі бар.
Мұнда бірнеше мұғалімнің міндетін бір өзің орындайсың. Сынып жетекшісі, пән мұғалімі, шара ұйымдастырушы, түстен кейін қосымша сабақ беруші, байқауларға дайындаушы, қала берді мектептің ішкі-сыртқы шаруасына да атсалысуға тура келеді. Ауылда репетитор жоқ. Сабағы нашар баламен түстен кейін жұмыс істеу тағы бар.
Көлтабанда бастауыш мектеп ашып, алғаш ұстаздық еткен Сансызбай Жетпісбаев ағай еді. Ол білім мен тәртіпті бірге алып жүрудің сара жолын көрсетіп, басқа ұстаздар сол кісінің айтқанымен тәрбиеленді. Сансызбай ағай ұстаздардың ұстазы. Жас мұғалімдер сол кісіге қарап ой, бой түзеді. Мектептің іргетасын қалаған Сансызбай ағай тоқсанға қараған шағында өмірден озды. Ол кісінің жолын жалғап, балаларға білім мен тәлімді тәрбие беріп келе жатқан шағын ұжым бар. Алмагүл Сарқұлова да ұлағатты ұстаздан тәлім алып, шағын мектептен бақытын тапты. Аталмыш білім шаңырағында бала оқытып келе жатқанына 38 жыл. Ол ұл-қыздарды алдымен адамшылыққа, елжандылыққа, намысқойлыққа, салт-дәстүрді құрметтеуге баулиды. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Жан дүниесі кең адамнан жақсы маман шығатыны сөзсіз. Бұл орайда «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби.
Бүгінде Алмагүл Сарқұлова сол мектептің жүрегі. Сансызбай ағайдың орнын басып, ұстаздардың анасына айналды. Мектеп директоры Жамбы Біржанова мен Алмагүл ұстаз білім шаңырағының іргетасын қалаған Сансызбай Жетпісбаев ағай атындағы арнайы сынып ашты. Онда ұстаздың тұтынған заттары, медальдары қойылды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін Алмагүл Сарқұлова облыстық білім басқармасы, аудан әкімдігі тарапынан Алғыс хат пен Мақтау қағазының бірнешеуін иеленген мәртебелі жан. Ол барлық құрметке лайық. Әлі де талай қара домалаққа білім беріп, тәрбиелейтіні сөзсіз. Ата-анамен де тығыз қарым-қатынаста, түсіністікпен жұмыс істеп келеді.
Бүгінде мектепте Жамбы Құдайбергенқызының басшылығымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы жыл бойы өткізілді. Апта сайын шығарманы оқып, талдау жүргізілді. «Оқуға құштар оқушының» кім екені анықталып, демеушілер тарапынан жыл соңына сыйақы тағайындалды.
Шағын ғана мектепті өз ісінің білгір ұстаздары жайнатып ұстап отыр. Көлтабан негізгі орта мектебінің айналасы гүлдермен көмкеріліп, бақша өсімдіктері егілді. Шағын орталық бүлдіршіндеріне арналған алаң жасалды.
Гүлжан ТҰРСЫН,
Жетісу облысы





